Шаруаларға қолдау көрсетудеміз

Несиелік серіктестік  институтының  қалыптасқанына аз уақыт өткен жоқ.  Бүгінгі күні бұл жүйе өзінің өміршеңдігін  дәлелдеп отыр.  Қазіргі кезде несиелік ресурстар республикамыздың дамыған аймақтарында ғана емес, шалғайдағы шаруаларға да қолжетімді.

 

Аталмыш жүйе қолға алынғанда  ауданымыздың ауыл  шаруашылығы өнімін өндірушілері күдіктене қараса, қазір олардың бәрі несие алуға нық сеніммен келеді. Екінші деңгейлі банктердің  ауылдағы бизнесті толық қамтамасыз етуге мүмкіндіктері жоқ. Бұл олар үшін тәуекелді іс әрі банктер ауылдардағы кепілдік мүліктерді қабылдамайды.
Бүгінгі таңда республика бойынша 179  несиелік серіктестік тіркелген. Оның ішінде біздің өңірде он сегіз несиелік серіктестік өз қызметін өрістетіп отыр.«Целиноград КТ» серіктестігі Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығымен 2004 жылы құрылған. Серіктестік облыс пен Целиноград ауданының ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілеріне  мемлекеттік бағдарлама бойынша несие беріп, қолдау көрсетеді.
Ауылдық қаржылық институтты құрған кезде командитті серіктестік қатысушыларының қатарында  жиырма үш шаруашылық болып, несиелендірудің лимиті 99 миллион 76 мың теңгені құрады. Қазір қатысушылардың қатары қырық сегізге өсті, он төрті  жауапкершілігі шектеулі серіктестік, екеуі акционерлік қоғам, жиырма үш шаруа қожалығы, тоғызы жеке кәсіпкер. Несиелендіру лимиті 2 миллиард 794 миллион 409 мың 700 теңгеге дейін жетті. Командитті серіктестіктің қатысушылары егіншілікпен, мал шаруашылығымен және өнім өңдеумен   айналысады. Он екі жылдың ішінде 9 миллиард 322 миллион 558 мың 437 теңге несие берілді. Оның 2 миллиард 843 миллион 378 мың 312 теңгесі  ұзақ мерзімге, 6 миллиард 479 миллион 480 мың 437 теңгесі қысқа мерзімге берілді. Осы жылдары 35 мың  278 теңгенің девиденті төленді. Несиелік серіктестіктің қаржылық жағдайы қалыпты. Республикалық деңгейде алдыңғы орында келеді. Осының арқасында кейінгі үш жылдағы республиканың несиелік серіктестік рейтингісі бойынша  инвестициялық серіктестік «Аграрлық несиелік корпорациясы» акционерлік қоғамының «А»  рейтингісіне ие болып, өздері несие бере алатын дәрежеге жетті.  Аталмыш рейтинг несиелік серіктестікке биылғы жылы қатысушыларды 971 миллион 971 мың 231 теңгеге қаржыландыруға мүмкіндік берді. Өтінімді қараудың орташа мерзімі несиелік серіктестіктің шешімінен кейін тоғыз күнтізбелік күнді құрайтынын айта кеткен жөн. Несиелендіру наурыз, мамыр айларында жүргізіледі.
Бүгінгі таңда қатысушыларды «Сыбаға», «Құлан»,   «Алтын асық» мемлекеттік бағдарламалары арқылы да несиелендіріп отырмыз. Алдағы жылдары мал табындарын қайта құру есебінен фермерлер мал тұқымын жақсартады. Осының нәтижесінде өнім өндірудің сапасы да арта түспек. Ауданда «Сыбаға»,  «Құлан» бағдарламаларына қатысушылар көп емес. Өйткені, жайылымдық жер мен мал азығы тапшы. Бірақ, бұған қарамастан, аталмыш бағдарламалар бойынша 113 миллион 210 мың теңгенің несиесі берілді. Салымшылар үшін ең тиімдісі – «Кезек күттірмейтін мұқтаждық үшін берілетін «Сенім» кепілсіз несиесі. Несиелік қаржы елу миллион теңге көлемінде бір жылға беріледі.  Осы жүйе іске қосылған 2014 жылдан бері 352 миллион 609 мың 332 теңгенің қырық төрт несиесі берілді.
Биылғы жылы  командитті серіктестіктің қатысушылары қарамағындағы егістік алқабының көлемі 111 мың 839 гектарды құрады. Негізінен дәнді дақылдар себіледі. Бидай бағасының  өсуіне байланысты өткен жылы  дәнді дақыл алқабының көлемі де біршама көбейді. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша жиырма жеті шаруашылық  1 миллиард 655 миллион 101 мың 812 теңгенің несиесін алды. Ағымдағы жылы бұрын  берілген  несиелерді сегіз пайызға төмендету жолымен  қайтадан қаржыландыруды  қарастырып,  16 шаруашылыққа 488 миллион 567 мың 428 теңге қаржы бердік. Ал, енді несиені қайтарудың жағдайына келсек, қарыз уақытында өтеледі. Биылғы жылғы жоспарлық несие қарызын қайтару 700 миллион 742 мың 793 теңгені құрады. Қатарымызға  жаңа, сенімді, әлеуеті мықты  шаруашылықтарды  тартуға көп көңіл бөлудеміз. Ол үшін белгілі бір шаралар ұйымдастырылады.
Өткен жылдың бірінші жартыжылдығында несиелік серіктестік осы бағдарламаның операторы болып табылатын «Казагромаркетинг» акционерлік қоғамына 56 миллион 408 мың 446 теңге сомасына пайыздық ставкамен субсидиялау үшін он сегіз тапсырыс жіберсе, оның он жетісі мақұлданды. Өткен жылы алынған субсидиялардың жалпы сомасы  33 миллион 248 мың 343 теңгені құраса, командитті серіктестік 33 миллион 134 мың 971 теңгесін аударды. Қалған қаржы субсидиялық қарыздар толық жабылуына байланысты бюджетке қайтарылды. Биылғы жылы мақұлданған тапсырыстар бойынша 15 миллиард 567 миллион 407 мың 500 теңге алуды жоспарлап отырмыз, бұл қаржы  салымшылардың шығындарын жабу үшін аударылатын болады. Биылғы жылғы қайтарылым қаржысы 92 миллиард 787 миллион 891мың 500 теңге көлемінде жоспарланып отыр. Шығындарды бөлшектеп қайтару арқылы субсидиялау бойынша биылғы жылы екі қатысушыға құжаттарды дайындау тұрғысында көмек көрсеттік. Жеке кәсіпкер М.Рақымжанов «МТЗ-52» маркалы тракторын сатып алды. Қазір ол жүз бас ірі қара бағады. Оны «Сыбаға» бағдарламасы бойынша сатып алған.  Шаруашылық ет бағытындағы ірі қара мал бағады. «Рахымжан» шаруа қожалығы да  «Целиноград»  КТ» серіктестігінің есебінен жаңа «МТЗ-82» маркалы тракторын сатып алған. Шаруа қожалығы  сүт  фермасын құруды жоспарлап отыр.
«Ауыл шаруашылығы кооперациясы  туралы» заңның енгізілуіне байланысты ауыл еңбеккерлерінің мүддесі үшін ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру мүмкіндігі бар. Биыл мақұлданған он жеті өтінім  бойынша 15 миллиард 567 миллион 407 мың 500 теңге көлемінде субсидия алып, оны  несие алушылардың атына аударуды жоспарлап отырмыз. Аграрлық саладағы бірлескен жұмысты жүзеге асыру үшін  астаналық аудандағы әлеуетті қатысушыларды көптеп тартамыз.  Сонымен қатар,  «Аграрлық несиелік корпорациясы» акционерлік қоғамы тарапынан ашылған несиелік лимиттің көлемін арттырып, командитті серіктестіктің қатысушыларын қаржыландыруды 5 миллиард теңгеге жеткізуді межелеудеміз.
Сағадат ӘШЕБЕКОВ,
 «Целиноград» несие серіктестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты.
Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар