Әшім ағаны мақтан тұтамыз

Шіркін кір жуып, кіндік кескен туған ауылына не жетсін. Сонау асыр салып ойнаған бақытты балалық шағым еске түскенде ауыл тарихын ой елегінен бір өткізіп,  жаны жайсаң абзал жандарды еске аламын.

Кезінде аға буын осындай шағын ауылда халқымыздың салт дәстүрі мен мәдениетін, тілі мен дінін сақтап қалды. Ұлттық тәрбиеге мән берді. Ағайындар мен абысындар тату-тәтті өмір сүріп, ел игілігі үшін аянбай тер төкті. Жетім мен жесіріне мейірімін төкті. Қызық пен қайғысы ортақ болды. Соның арқасында ауылдың іргесі сөгілмеді. Өз басым Куропаткино селосында тұрамын. Бұл елді мекеннің аз-кем тарихына тоқталсам, бұл жерді иеленуге келген Куропаткин деген генерал-губернатордың жандайшаптары мұнда пәленше адам тұрады деп сөз бастайды. Сонда генерал-губернатор:  
–Маған адамдарың қажет емес, қанша жерлерің бар, – деп зекіреді. Жергілікті тұрғындарға қиянат жасаған Куропаткиннің есімі күні бүгінге дейін өшер емес. Ата-бабамыз сол кезде  Шағалалы  өзенінің  арғы бетіндегі Өркен ауылында тұрған. Қазір бұл ауылдың жұрты ғана қалды. Тұрғындардың көбі өзге елді мекендерге қоныс аударды. Солардың бірі – Әшім Шаяхметов. Ол 1935 жылы Өркен ауылында туған. Өмір оны ерте есейтті. Әшім алты жасқа толғанда Ұлы Отан соғысы басталды. Ауылдың алпысқа жуық азаматы қан майданға аттанды. Көбі майдан даласында шейіт болды. Шаруашылықтың барлық ауыртпалығы әйелдер мен балалардың мойнында еді.  Әйелдер трактор айдап, жер жыртты. Дәнді дақылдар егіп, астық жинады. Ал, өздері масақ теріп күндерін көрді. Оның үстіне сарбаздар үшін қолғап пен шұлық тоқыды.  Әшім атамыздың  әкесі Шаяхмет  Мұқанов соғыс жылдары Челябинск зауытында қару-жарақ жасады. Анасы Бибіжамал  Мұстафақызы  таңның атысынан күннің батысына дейін ұжымшар жұмысында болды. Соғыс аяқталған соң азаматтар елге оралып, ауылдың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жақсарды. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші, Әшім Шаяхметов еңбекқор ата-анасын үлгі-өнеге тұтып, адал еңбек етті. 7 сыныпты тәмамдаған соң ата-анасына көмектесті. Әскер қатарына  шақырылып  азаматтық  борышын өтеп  келді. Көкшетау қаласында жүргізуші  курсын бітіріп, саналы ғұмырын осы мамандыққа арнады. Тыл ардагері қажырлы еңбегі  үшін  бірнеше   медальдармен, Алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталған. Құдай қосқан қосағы Ұмсын жеңгеміз екеуі екі қыз тәрбиелеп өсірді.Үлкен қызы Салтанат  Көкшетау қаласында жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Екінші қызы Қымбат Куропаткино мектебінің  тәжірибелі мұғалімдерінің  бірі. Жиендері егде адамдарды назардан тыс қалдырған емес. Олар сүйікті аталарын ақылшы-кеңесші санайды. Әшім  ағай кітапқұмар жан. Әсіресе, тарихты  жақсы  біледі. Өзінің жеке кітапханасы бар. Әжібай Досмағанбетов екеуі оқыған тоқығандары жөнінде пікір алмасады. Бурабай шипажайында да бірге демалды. Келесі  жылы ұрпақтары ата-анасының  гаухар  тойын  тойламақшы. Осы орайда оларға ұзақ ғұмыр тілеп, қарттарым аман сау жүрші дегім келеді.

Қорлан АХМЕТЖАНОВА,
Күсеп  селолық  округінің медиаторы.

Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар