Ұйымдасқан қылмыстық топ құрықталды

Бұл туралы Ақмола облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінде өткен брифингте айтылды. 

 

Журналистерге салық және кеден саласындағы құқық бұзушылықты тергеу басқармасының басшысы Ерсайын Жұмабаев жыл басынан бергі жалған кәсіпкерлікпен күрес бағытындағы атқарылған жұмыстар жайында айтып берді. Жалған кәсіпкерліктің еліміздің экономикасына тигізетін залалы өте зор. Салықтан жалтарып, тек жеке адамдардың  қалталарын қампайту үшін құрылған мұндай құрылымдарды анықтау және заң шеңберінде жауапкершілікке тарту оңай шаруа емес. Сырт қарағанда кәдімгі кәсіпкер сияқты тіркеліп, заң негізінде жұмыс істеп жатқандай көрінетін ондай кәсіпкерліктің астарындағы салықтан жалтару түріндегі заңсыздықты ашу үлкен біліктілікті және  көп жұмыс жүргізуді қажет етеді.  Бүгінгі күнге дейін Қылмыстық кодекстің 215 бабына сай, яғни, жалған кәсіпкерлікті ұйымдастыру қылмысы бо-йынша 37 қылмыстық іс ашылып, оның 23-і аяқталған. Сол аяқталған істердің  4-уі бүгінде сотқа жіберіліпті. Өткен жылы осы кезеңде жалған кәсіпкерлікке байланысты  
16 істің тіркелгенін еске алсақ, бұл
саладағы қылмыс көлемінің біршама азайғанын бағамдауға болады.
Басқарма қызметкерлері ашқан қылмыстар бойынша салықтан жалтару түріндегі келтірілген залал көлемі  159 миллион 361 мың теңге болыпты.  Қазіргі күнге дейін залалдың 93 миллион 491 мың теңгесі өндіріліп алынған.
Басқарма басшысы Ерсайын Жұмабаевтың айтуынша, мемлекетке аса ірі көлемде залал келтірген бес адамнан тұратын ұйымдасқан қылмыс тобы ашылған. Жалған кәсіпкерлік құру арқылы бұл топтың мемлекетке келтірген залал мөлшері 3 миллиард 600 миллион теңге көлемінде. Қазіргі күні бұл іс сотта қаралуда. Таяу болашақта қылмыскерлер заң алдында жазаларын алатын болады.
Кездесу соңында басқарма басшысы мен мамандары журналистер тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.  

Қалкөз Жүсіп.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар