«Біржан – Сара» операсын Бурабайдың баурайында орындау – арманым!»

Қазақстан Республикасының халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әнші Нұржамал Үсенбаева:

Ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейлі мерекесі облыстық филармония ұжымының құрылғанына 70 жыл толуымен тұспа-тұс келіп отыр. Осы мерекелік датаға орайластырылып аталған өнер ордасында К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің концерті болып өтті. Аталмыш концертте Қазақстан және Татарстан Республикаларының халық әртісі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Нұржамал Үсенбаева, халықаралық байқаулардың лауреаты Талғат
Галеев, Біржан сал атындағы музыкалық колледжінің хоры және филармония әншілері өнер көрсетіп, талғамы биік тыңдаушыларын тәнті етті. Біз осы орайлы сәтте  Нұржамал Пернебекқызынан өнері мен өмірі туралы кеңірек әңгімелеп беруін өтінген болатынбыз.

 

…Теңеу таппай отырғанымды қараңызшы. Әншінің айдай ажары, көркем мінезі, кісілік келбеті, көз алдымда көлбеңдей береді. Қыз шолпысындай сыңғырлаған дауысы жүрекке сіңіп, көңіл пернесімен ойнайды. Жазу жазып отырып, ыңылдап ән салып қоямын. Шіркін, ән құдіретін жеткізген әншіде де бір құдірет бар-ау сірә! Майда қоңыр мақпалға теңесем, мінезі мақпалдай-ақ. Оқжетпеске теңейін бе мен әлде?! Оқжетпестің  биігіне ән байлаған әншіні осылай әспеттесек те артық емес. Сыңғырлаған бұлақ десем қалай?! Бұлақтай мөлдір, таза ғой жаны. Керімсал кербез Қыз Жібекке баласам ба оны? Ұлы Ғабеңдер «менің Қыз Жібегім осындай болуы керек» деп әспеттеп, ақ батасын берген  әншіге жоғарыда санамалап өткен абзал қасиеттердің барлығы да жарасып-ақ тұрғандай.
– Опера әншісі болу бала күнгі арманым еді. Адамның ой санасы желдей жүйрік болса, көңілге қанат бітіретін арманы екен. Аллаға мың шүкір өзімді ана, әйел, өнерпаз ретінде де бақытты санаймын. Жолыма үнемі жақсы адамдар жолықты, – деп бастады әңгімесін әнші. – Атақты Шәмшінің елінде тылсым дүние есігін ашып, өнегелі отбасында тәрбиелендім. Әкем мұғалім, анам кітапханашы еді. Содан болар жастайымыздан бізді әке-шешеміз білім мен өнерге баулыды.  Мектеп қабырғасында оқып жүргенде музыка мектебінің фортепиано класына барып оқыдым. Міне, осы кезден бастап, менің классикалық музыкаға деген қызығушылығым арта түсті. Моцарттың мөлдір музыкасына қаныға түсіп бойладым. Оған себеп, әлемдік классикалық туындыларды шебер орындаушы Элизабет Шварцкопфтан дәріс алғандығым да осыған бір септігін тигізген шығар.
– Сіз, бүгінгі концерттің шымылдығын Үкілі Ыбырайдың «Гәкку» әнімен аштыңыз. Мұның астарында да сыр бар сияқты…
– Дәл таптыңыз, – деді әнші әдемі жымиып. – Ақмола облыстық филармониясымен жылдар бойы шығармашылық бірлестікте жұмыс істеп келеміз. Биыл аталмыш өнер ұжымының құрылғанына 70 жыл  
толуына орай, филармонияға атақты Үкілі Ыбырайдың есімі беріледі деп күтілуде. Біз де осы бір қуанышты хабарды естігенде қатты толқыдық. Өйткені, Үкілі Ыбырай қазақ ән өнерінің тұғырлы тұлғасы. Мен «Гәкку» әнін ерекше көріп, ұнатып орындаймын. Ақмола облысындағы филармонияның есімі осындай атақты өнерпаздың атымен аталуы мәдениетіміздегі елеулі оқиға. Мен де бұған өзімнің үлесімді қосқым келді. Сол себепті де, филармонияның мерейтойына орай өткізілген концертті Үкілі Ыбырайдың «Гәккуімен» ашуды жөн санадым.
– Бәрекелді! Сіз өнерсүйер қауымға кеңінен танымал қайраткерсіз. Осы орайда, алты Алаштың арманы болған егемендіктің 25 жылдығы биігінен көз салғанда, жалпы, осы тәуелсіздік қазақ өнеріне не берді дегенді айта отырсақ…
–  Еліміз егемендік алып, еңсемізді тіктеп, іргелі ел болған сәттен бастап, қазақтың өнері жандана түсті, ерекше қарқынмен дамып, өріс алды. Қазіргі таңда мәдениетіміздің қай бағыты болмасын өркендеп, қанатын кеңге жаюда. Осы тәуелсіздіктің арқасында Алаш арыстарымыздың есімдері қайта жаңғырды. Бүгінгі күні жастарға
шетелде оқу үшін барлық жағдайлар қарастырылған. Қазақ әндері әлем сахналарына шырқалуда. Қазақстанның әншілері әлемді мойындатып, өз өнерлеріне тәнті етуде. Осының барлығы сайып келгенде Елбасының сындарлы саясатының, елдігіміздің арқасы деп білемін. Кейінгі толқын жастарға дән ризамын.  Ән қаймағын бұзбай, әндерді әуелетіп жүрген жастар көп-ақ. Алыстан дорбаламай-ақ, осы облыстық филармонияның концертінде де көптеген талантты жастарды байқап, олардың өнеріне шын риза болдым. Осы егемендіктің арқасында біз әлем классиктерін өз елімізге шақырып, өзара тәжірибе алмасу мүмкіндіктеріне де иеміз. Жаңа театрлар, студиялар ашылып, халықаралық фестивальдер,
гастрольдер ұйымдастырылуда.  
– Бірнеше жыл бұрын Көкшетауға келгенде жеке концертіңіз дәл осылай аншлагпен өтіп еді. Ырду-дырду айғай-шуы көп қазіргі әуендерден жалыққан әнсүйер қауым Сіз секілді қазақ ән өнерінің жауһарларын сағынады…
– Рахмет. Жалпы Көкшетау ежелден ән мен жырдың киелі бесігі саналған. Арқаның әншілік өнері сан ғасырлар сорабынан үзілмей атадан-балаға мұра болып келді емес пе. Осы жағынан алып қарағанда, көкшетаулық әнсүйер қауымның талғамы өте биік. Себебі, олар әнге уызынан жарыған ел. Осы Көкшетаудың киелі топырағын басқанда, жүрегімді бір ой мазалайды. Тіпті, арманыма баласам да артық емес. М.Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсын Бурабайдың баура-йында, Оқжетпестің етегінде тұрып орындағым келеді. Сарыарқаның са-йын даласында самал желге саз қосып, Оқжетпестің биігіне ән байлап,  жазиралы төсінде кешегі Біржандардың рухын асқақтатсам деймін. Сахнада ән орындаған бір бөлек те, қасиетті топыраққа тағзым етіп, Арқаның атырабында ән салған бір бөлек қой, шіркін! Ол үшін мәдениеттің мәуелі мәйегі болып отырған билік басындағылармен кеңесіп, ел есінде қалар тағылымы бөлек, танымы зор, әдемі мәдени шара жасасақ па деген ой арман көңілде жүр.
– Ән – шежіре, ән – тарих, ән – өнер, ән – ғұмыр. Сахнада өнер көрсетіп тұрып, әр образға терең бойлап, кейіпкеріңіздің жан дүниесімен өмір сүре білу шын таланттыға ғана тән. Әртіс өз өмірін сахнаға алып шығуға құқығы жоқ деседі. Алайда, өмірдің өз заңдылықтары бар ғой. Кейде  қайғы мен қуаныш  қатар жүретіні бар. Осындайда өнердің Сізге демеу болған жері болды ма?
 Ол сәл үнсіз отырды. Тұңғиық мойылдай көздеріне мұң тұнып, сабау кірпіктерін көзжиекке қадап алып, тылсым тыныштықпен сырласқандай сыңай танытты.
– Әрбір рөл әртістің жан дүниесімен біте қайнасып, жүрегімен үндесіп, көңілімен тілдесіп барып, халыққа ұсынылады, – деп сәлден соң ойын  әрі жалғастырып әкетті. Рөлдердің барлығы менің жаныма жақын деп айта алмаймын әрине. Бірақ, сіз жанымды жегідей жеген бір сәтті ойға түсірдіңіз, айта отырайын… Сонау бір жылдары  театр труппасымен бірге гастрольдік сапармен Екатеринбург қаласына бардық. Сол жерде мен Абай операсындағы Ажардың ариясын орындауым керек еді. Біздерді жақсы қарсы алды, ішкі дайындығымда көңілден шығатындай еді. Алланың таңы атып, бірер сәттен соң сахнаға шығайын деп тұрғанда өміріме орны толмас қайғы әкелер бір қаралы хабар жетті. Жолдасым, өмірлік серігім Төлеген хабарласып, бұл фәниден жан әкем өткенін хабарлап, қайғыма ортақтасты. Сол сәтте жүрегім қан жылап, ән түгілі бар әлемнен баз кешкендей әсерде болдым. Ажардың ариясын сол жерде  менен басқа ешкім орындай алмайтын. Гастрольдік сапарға әркім өз репертуарымен барады ғой. Көзім бұлау-бұлау, енді қалай сахнаға шығамын? Бірақ, мені жастайынан жігерлі бол деп баулыған әкемнің бейнесі көз алдымда тұрды. Сахна киелі жер. Ал, сахнаға шығатын әртістің халық алдында жауапкершілігі зор болуы керек. Мен соны ойладым. Сөйттім де ұйымдастырушыларға мені бірер сағат ешкімнің мазаламауын сұрадым да кезегім келгенде сахнаға көтеріліп Ажардың ариясын орындадым. Арияда жоқтау айтатын жер бар, сол сәтті мен іштей әкемнің рухына арнап, ән арқылы әке рухымен тілдестім, сахнада жылап тұрып жоқтау айттым…
– Сіз бүгінгі концертте әлемге әйгілі И.Калманның «Сильва» опереттасынан Сильваның ариясын, Легардың «Джудитта» операсынан Джудитта әндерімен қатар Үкілі Ыбырайдың, Сегіз серінің, Біржанның  әндерін орындадыңыз. Соның ішінде Біржанның «Ғашығым» әні неткен лиризмге бай, сыршылдыққа толы сырлы әуен еді. Әлі күнге құлағымда сыңғырлап тұр…
Келбетті жүзіне күн ұялағандай ақмаңдай ажарынан нұр себізгілеген әнші әдемі жымиып былай деді:
– Бұл менің ең сүйікті әндерімнің бірі. «Ғашығым» әнін әрбір адам жүрегімен тыңдап, тереңіне бойлай білсе ғой шіркін. Біржан ән падишасы ғой. Махаббат жырлай білген сазгер Біржандай болар, – деді ол.
Біз әңгіме ауанын аңғара қалып, осы орайда әншіге жеке өміріне қатысты сұрақтар қойып, сөзге тарттық.
– Өнерімнің өрістеуі, бұл күнде ел алдында жарқырап сән-салтанат құруым, халыққа қызмет етуіме жағдай жасап отырған әрине жан
жарым, өмірлік қосағым Төлеген Мұхамеджановтың арқасы. Егерде Төкең  мені қолдамаса, өнерімді бағаламаса мен осындай биікке жетер ме едім? Аллаға мың шүкір төрт баланың анасымын, ата-әже атанып, немере сүйдік. Осыдан артық қандай бақыт керек!.
– «Арқа ажары» газетінің оқырмандарына айтар тілегіңіз қандай?
«Арқа ажары» газетінің оқырмандарына амандық, саулық, отбастарына бақ-береке тілеймін! Арқаның төрінен ән үзілмесін!
– Сұхбатыңызға рахмет.

Әңгімелескен  Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар