«Сағындырған әндер-ай!»

Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында облыстық  халық  шығармашылығы  және мәдени демалыс орталығының ұйымдастыруымен өткен «Сағындырған әндер-ай!» облыстық ретро фестивалінде Көкше жұрты сексенінші, тоқсаныншы жылдары дүниеге келген әндерді тыңдап, ән қанатында қалықтады.

 

Осыдан отыз, қырық жыл бұрын шлягер болған шығармалардың күні бүгінге дейін өз тыңдармандары баршылық. Бүгінде жастар арасында сексенінші жылдардың сезім сергітіп, көңілді толқытқан әндерін асқан құштарлықпен, зор ықыласпен орындап жүргендер жиі кездеседі. Себебі, шығармашылық пен музыканың шегі жоқ. Егер туынды сол шығарылған уақытында өзінің әсемдігімен, әрлілігімен тыңдарманын тауып жатса, уақыт өте келе де өміршеңдігін жоғалтпайды. Кез келген отбасында сол өткен ғасырдың соңындағы шлягерлер жинағы бар десек қателеспейміз. «Көкшетау» мәдениет сарайында өткен ретро фестивальде орындалған әндерден ерекше әсер алып, өздерінің жас күндерін еске алып, орындаушымен бірге әнді қосыла шырқаған тыңдарман ән көгінде шалқыды.
Кешті арнайы шақырылған, Мұрат Құлатаев жетекшілік ететін «Джарайд» вокалдық инструменталдық ансамблі «Армандастар» әнімен ашты. Облыс аудандары мен қалаларынан келген өнерпаздар Бәкір Тәжібаев, Тұманбай Молдағалиев сияқты ақындардың сөздеріне жазылған Ескендір Хасанғалиев, Шәмші Қалдаяқов, Есенқұл Жақыпбеков, Жақсыгелді Сейілов, Әсет Бейсеуов секілді композиторлардың туындыларын орындады. «Жанарым», «Әнім сен едің», «Ана», «Күзгі элегия», «Өзіңді аңсап», «Қуанышым менің», «Неге солай», «Бақыт құшағында» әндері залға жиналған тыңдарманның көңілдерін толқытып, әдемі сезімге бөледі. Сондай-ақ, орыс композиторларының репертуарынан да «Все сбудется», «Этот мир», «Трава у дома», «На теплоходе музыка играет», «Ягода малина», «Листья желтые», «Ветер с моря дул» секілді ретро әндер орындалды. Кешке сонымен бірге, «Оқжетпес» дуэті қатысып, өз репертуарларындағы Б.Есмұхановтың «Достарым» әнін орындады.
Отандық ән жанрының дамуына Латиф Хамиди, Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қалдаяқов, Әсет Бейсеуов, Ескендір Хасанғалиев сынды көптеген композиторлар елеулі үлес қосты. Аса көрнекті сазгер, ән жанрының әйгілі майталманы, осы заманғы қазақ эстрадасының негізін қалаушыларының бірі, Қазақстанның халық әртісі, композитор Шәмші Қалдаяқовтың әндерін бүгінде жасы да кәрісі де елітіп тыңдап, жатқа айтады. Қазақтың музыка өнерінде Шәмшінің орны ерекше 300-ге жуық әні бар. Көзкөргендердің айтуынша, Ш.Қалдаяқов кеудесін қағып, мен атақты композитормын деп бір сәтте мақтанған емес. Шәмшіні халық өзі «қазақ вальсінің королі» деп атап кеткен.
Қазақстанның белгілі эстрадалық әншілері орындайтын көпшілікке жақсы танымал әндердің авторы Ескендір Хасанғалиевтің «Әдемі», «Асыл арман», «Өмірімнің жазы», «Атамекен» әндерін тек Қазақстан тыңдармандары емес, шетелдерде де ықыласпен қабылдайды. Xасанғалиев әндерінің тақырыбы сан алуан. Ол қазақ, орыс, татар, неміс ақындарының туған ел, еңбек, жастық шақ, махаббат тақырыбындағы өлеңдеріне көптеген ән жазды. Сол сияқты, біздің аға-әпкелеріміз тыңдап өскен орыс композиторы Александр Зацепиннің әндері. Кеңестік кезең композиторы талай кинофильмге музыка жазған. Оның әндері әлі күнге дейін қаншама уақыт өтсе де, жаңа әндермен қатар шырқалып келеді.
Александра Пахмутованың да әндері қаншама жүректерді тербеді. КСРО-ның алғашқы эстрада жұлдыздары оның шығармаларын зор ықыласпен орындағаны белгілі.
Міне, осындай шығармашылық иелерінің туындылары өнер айдынында әлі күнге шырқалып, өзінің танымалдығын жоғалтпай келеді. Облыстық ретро фестивальге қатысқан өнер майталмандарына кеш соңында халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының директоры Байжол Шахманов Алғыс хаттар тапсырып, планшеттер сыйлады.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар