Мектептерде ер мұғалімдердің орны ойсырап тұр

Кешкісін бір мезгіл далада серуендеп, жұмыс пен үйдің тірлігінен аздап дем алатын әдетім бар еді. Сондай бір күні көше бойымен келе жатсам, алдымнан сызылып, үстіне дене пішіні көрініп тұратындай, тыртысқан шалбар мен әдеміше жейде киген бір жігіт шыға келді. Өзін жігіт пе, әлде қыз ба деп қаларсың. Әлгінің түрін көріп жолдасым намыстанды. Иә, елі, жері үшін қолынан найзасы мен шоқпары түспеген ата-бабамыз ұрпағының осындай боларын ойлап па еді деген ой мені де толғандырды.

Мақалаға арқау болып отырған ер бала тәрбиесі мен ұрпақ болашағы бүгінде көптің көкейінде сайрап жүрген өзекті мәселе деуге де болады. Қыз балаша дене бітімін көрсете киіну, шаш жіберу, әркімге бір қиылып, сызыла сөйлесу ер адамға қашанда жат қылық. Жастардың осындай қылықтарға тап болып жатқандығына кімді кінәлай аламыз? Барлығын ата-ананың мойнына іле беру дұрыс емес. Бүгінде оның барлығы айналып келгенде қоғам мен саясатқа байланысты, әсіресе, білім беру саласындағы ер азаматтардың аздығы салдарынан орын алып отырған мәселе екендігі жасырын емес.  
Шынымен де, балалар кішкентайынан отбасында ананың тәрбиесінде көбірек болады. Өйткені, әке отбасын асырау қамымен, жұмыс барысымен көп жағдайда үйде бола бермейді. Тәрбие жұмысының басым бөлігі нәзік жанды ананың қолында. Бала үш жасқа толғаннан кейін балабақшаға барады. Онда тағы да қыз-келіншектердің тәрбиесі. Алты-жеті жасында мектеп табалдырығын аттайды. Тағы да бастауыш сынып мұғалімі нәзік жанды әйел заты. Тіпті, дене шынықтыру, алғашқы әскери дайындық, еңбекке баулу пәндерінен де қыз-келіншектер сабақ беріп жүрген мектептер бар. Осыдан кейін, бір мезгіл ер адамның тәрбиесінде болмаған ұлдарымыздан ертеңгі күні қандай азамат шығады екен деп ойлайсың да қоясың.
Мектептерде ер мұғалімдердің аздығы қыз баланың да тәрбиесіне кері әсер етеді. Қыз бала да кәмелетке толғанша тек әйелдерден ғана білім, тәрбие алса, тек әйел затын ғана құрметтеуге бейімделіп, ер азаматтарды өзінен, яғни, әйелдерден төмен санайтын болады. Үйде әкесінің ақылын тыңдамай, анасының ғана айтқанын орындауға дағдыланады. Сөйтіп, бойжетіп, тұрмыс құрғанда да, жолдасына үстемдік етуге тырысады. Қазір қыз-келіншектердің ер-азаматтарды өзінен төмен санап, менсінбей, оларға ұрсып-зекіп немесе сынап-мінеп отыратыны үйреншікті іске айналып бара жатқандай көрінеді. Осындай біржақты тәрбиенің зардабынан  ұрпақ болашағына балта шабылып қала ма деген үрей туындайды.
Тарихқа ой жүгіртіп қарасақ, әйелдер үй шаруасымен айналысады да, күйеулері көбінесе сыртқы жұмыстарды істеп, ақша тауып, отбасын асырайды. Бұрын бүкіл отбасы мүшелері әкенің қас-қабағына қарап, айтқанын бұлжытпай орындаған. Күйеуіне әйелі қарсы шықпай, оны құрметтеп сыйлап, балаларына әкенің айтқанын орындауды міндеттеген. Сөйтіп, отбасында әке дегеніміз бала үшін ең құрметті, ақылгөй, сыйлы адам болған. Ұл балалар әкесіне еліктеп өскен. Ал, қазір қалай? Бұл жөнінде егде адамдардан сұрағанды жөн көрдік.
– Қазіргі заманда күйеуі емес, әйелі билік жүргізетін кезеңге тап болды. Кеңес заманынан бері «әйел теңдігі» деген ұғымды ұшпаққа ұшырып, содан әйелдерді әспеттеу, олардың артықшылығын насихаттау кеңінен орын алды. Қазіргі таңда жастар құштарланып тыңдап жүрген, кей әнші жігіттердің өздері ән салғанда дауыстарын әйел дауысына ұқсататынды шығарды. Қайдағы-жайдағыны әнге айналдырады. Бұрынғыдай баритон, зор дауысты әншілерді қазір көп кездестіре алмаймыз. Бір сөзбен айтқанда, ер азаматтарымыздың сырттан қарағанда мінез-құлқы, ой-өрістері әйелдерге ұқсап бара жатқандай. Біз баяғыда ер жігіттің екі сөйлегені өлгені деп, айтқанымыздан қайтпай, қадалған жерімізде тұрып алатынбыз. Бүгінде ер жігіттеріміз екі сөйлегенді былай қойып, үш-төрт сөйлеуден де жалықпайтын болды. Оның өзі әйел заты тәрбиесінің ықпалынан шығар. Жастарымыздың бойында еркекке тән өжеттік, мәрттік, батырлық рухы көмескіленіп бара жатқаны мені қатты алаңдатады. Бұның барлығы бір есептен, мектептерде ер мұғалімдердің жоқтығынан. Менің екі немерем бар. Екеуі де мектепке барады. Ұстаздары жас қыздар. Сабақтан келген соң, мен өзім олармен бірге отырып теледидар көремін, олардың үй тапсырмасын орындауға көмектесемін. Ақырын ғана ертегі айтып, ойын ойнатып, ер адамның тәрбиесінің орнын толтыруға тырысамын. Өйткені, әке-шешелері күнімен жұмыста болады, – дейді Көкшетау қаласының тұрғыны Сабыр ата.
Ер адамның, ер мұғалімнің тәрбиесі оқушыға қашан да қажет. Өзіміз мектепте оқығанда сыныбымыздағы бір тентекті мұғалімдеріміз әзер бағындыратын. Оның өзін ауыл шаруашылығы машиналарын жүргізу пәнінен сабақ беретін Болат ағайға айтып, соның көмегімен тыятын. Өйткені, ер балалардың жасөспірім шағында түрлі мінез шығарып, шектен тыс тентек болып кетуі әбден мүмкін. Сол кезде ер мұғалімдер оған қатты айтса, жігітше сөйлессе ғана қоятыны бар. Бірақ, қазіргі таңда балаға қол тигізуге болмайды деген бұлжымас ереже қалыптасты. Қит етсе, ата-анасы аттандап шыға келеді. Бұл да бала тәрбиесіне кереғар әсер етеді. Себебі, мектепте ұлдарды ер адамның тіпті, нұқып жіберуге болатынын орыстың ұлы педагогі А.С.Макаренко өзінің еңбектерінде кеңінен жазған. Ол балалар үйіне алғаш тәрбиеші болып келгенде, бұзақы балаларды осындай тәсілмен сабасына түсіріп отырғанын айтады.
– Жасөспірімдер қашанда ер адамның күш көрсетуінен, айбынынан жасқанады. Ондай ер мұғалімдерді тіпті, өнеге тұтып, еліктеп өседі. Көбіне 8-11 сыныптағы ұлдар мұғалималардан жасқана қоймайды. Өйткені, олар балаға анасы сияқты қарайды. Ана деген мейірбан, кешірімшіл ғой. Сондықтан да, мұғалималардың ұлдарға күш көрсетуі, қол жұмсауы кері әсер етеді. Артынан ондай мұғалімдерге деген жеккөрінішті сезім де қалыптасуы мүмкін. Ал, ер азаматтар еркетотай, тентек балаларға ақылымен ғана емес, сондай-ақ, өзінің күшімен де әсер ететінін түсіну қиын емес. Жалпы, жасөспірім ұлдар әскердегі сияқты күші мығым, айбынды ер азаматтарды үлгі-өнеге тұтып, соларға еліктеп, солардың айтқанын сөзсіз орындауға тырысады. Сондықтан, ер адамдардың мұғалім болғаны тиімді. Біздің мектепте отыз мұғалім болса, оның тоғызы ер мұғалімдер,– дейді Еңбекшілдер ауданының Аңғал батыр ауылындағы Амангелді орта мектебінің география пәнінің мұғалімі Бауыржан  Елубайұлы.
– Егер мектептерде ер мұғалімдердің үлесі әйелдерге қарағанда басым немесе тең болса, оқу-тәрбие ісіне жағымды ықпал етері сөзсіз. Оған қоса, мектептерде ер мұғалімдер директор, директордың орынбасары болуына да аса мән берілгені жөн. Дене шынықтыру, әскери білім, шеберхана оқытушылары ер азаматтардан болса, мұның өзі ер балаларға дұрыс болар еді. Сондықтан да, бұл мәселені шешу үшін ең алдымен білім ошақтарына ер мұғалімдерді тарту, олардың санын арттыру қажет. Бүгінде облыста 13682 мұғалім бар болса, оның 2535-і, яғни, 19 пайызы ғана ер мұғалімдер, – дейді облыстық білім басқармасының кадрлар жұмысын ұйымдастыру және бақылау бөлімінің меңгерушісі Гүлмира Әлиева.
Осыдан екі-үш жыл бұрын жұмыс бабымен Целиноград ауданында болғанымда, педагог-жазушы Айса Хамзе ағамызбен кездестім. Сонда ол кісі маған еліміздің мектептеріндегі мұғалімдердің кемінде 80 пайызы нәзік жанды әйелдер екендігін айтқан еді. Бүгінде де сол көрсеткіш бәз-баяғы қалпында сақталып отыр. Өйткені, ұстаздық кәсіпке барып жатқан жастардың көбі өздерінің жүрек қалауларымен барып жатқан жоқ. ҰБТ-да өздеріне ұнаған мамандыққа балдары жетпей қалып, оқуға түсе алмай қалса ғана мұғалім бола салайын деп, осы қасиетті мамандыққа жүрдім-бардым қарап, әйтеуір, диплом алып алайын деп педагогикалық жолды таңдап жатады. Оны бүгінде мұғалім болып жүргендердің өздері де жасырмайды. Ер балалар былай тұрсын, тіпті, қыздарымыз да солай.
Бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметіне сүйенетін болсақ, ер мұғалімдердің аздығы біздің елімізде ғана емес, сонымен қатар, Ресейде, Батыс Еуропа елдерінде де шешімі қиын үлкен мәселе көрінеді. Ресей мектептерінде ер мұғалімдердің азаюының зардабы жөнінде көптен айтылып келеді.
Мектептердегі ер мұғалімдердің сиреп бара жатқанына алаңдаған педагогтар осыдан екі-үш жыл бұрын ер мұғалімдерді даярлайтын арнайы педагогикалық жоғары оқу орнын ашу туралы ұсыныстар жасаған болатын. Мәселен, 1950 жылдардың басында Қазақстанда әйел мұғалімдер мүлде жетіспей, соған орай, Алматыда Қазақ қыздар педагогикалық институты ашылған болатын. Сол кезде педагогикалық мамандыққа әйелдерді көптеп тарту жөнінде үгіт-насихат жұмыстары да күшейтіліп, қыз-келіншектердің педагогикалық білім алуына не қажеттің бәрі жасалған екен. Демек, мектептерде ер мұғалімдердің санын арттыру үшін осындай бір батыл қадам керектігі айдай анық.

Ырысалды Шамшиева.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар