«Ұлттың ұлы ұстазы»

Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында «Ұлттың ұлы ұстазы» деген тақырыпта мектеп оқушылары арасындағы Ыбырай Алтынсарин оқулары болып өтті.

Биыл қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы, жазушы, этнограф, аудармашы Ыбырай Алтынсариннің туғанына 175 жыл толып отыр. Осыған орай, ұйымдастырылған іс-шарада ғалымның әртүрлі тақырыпта жазған өлеңдері оқылып, мектеп оқушыларына олардың мән-мағынасы түсіндірілді. Әсіресе, қазақ жастарын ең алдымен оқуға, өнер-білімге шақырған, тәлім-тәрбиеге баулыған туындылары терең талданды. Мәселен, «Ата-анаң қартайса, тіреу болар бұл оқу. Қартайғанда мал тайса, сүйеу болар бұл оқу» деген өлең жолдарынан оқу-білімнің пайдасы мен оның адам өміріндегі рөлі анық көрініс береді.   
Аталған шараның басты мақсаты – Ыбырай Алтынсариннің өмірі мен шығармашылығын насихаттау арқылы жастардың оқу-білімге, өнерге деген қызығушылықтарын арттыру, олардың бойларына отансүйгіштік, адамгершілік қасиеттерді дарыту және кітап оқуға дағдыландыру.
Кешке Шоқан Уалиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің оқытушысы, әдебиет зерттеушісі, филология ғылымдарының кандидаты Аманжол Есмағұлов қатысып, жиналған қауымға Ыбырай Алтынсариннің ұстаздық жолы мен шығармашылығы жайында әңгімелеп берді. Сондай-ақ, оқушылар кітапхана қызметкерлері дайындаған ұлы ағартушының өмірі мен шығармашылығы туралы кітаптар мен мақалалар қойылған «Ұлы ағартушы, ұстаз – Ыбырай Алтынсарин» атты тақырыптағы көрмені тамашалады.  

Жұлдыз САБЫРОВА,
М. Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының «көпшілік
іс-шаралар және қоғаммен байланыс» бөлімінің қызметкері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар