Астана мен Ақмола – егіз ұғым

Елордада Ақмола облысының күндері басталды

Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, үстіміздегі жылдың басынан бері Елордада «Қуатты өңір – қуатты Қазақстан» жобасы аясында республикамыздың барлық облыстарының күндері өтуде. Ендігі кезек ақмолалықтарға да келіп, осы айтулы шараның басталуы алдында Орталық коммуникациялар қызметінде Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Қадырхан Отаровтың, облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркеновтың және Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Марал Жақыпованың қатысуымен брифинг болып өтті.

 

Брифингте Ақмола облысы әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов журналистерді облыстың тәуелсіздік жылдарындағы даму барысымен таныс-тырды. Келтірген деректер айғақтай түскендей, осы жылдар аралығында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында едәуір алға басушылық бар. Сонымен қатар, жуырда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Ақмола облысында болған сапарында мұндағы атқарылып жатқан оң өзгерістерге лайықты бағасын беріп, ризашылығын білдіргендігі де  бұл сөзімізді дәлелдей түседі.
Мәселен, 2001-2015 жылдар аралығында аймақта шығарылған жалпы өнім 11 есе өсіп, ақшаға шаққанда барлығы 1,2 триллион теңгені құраған. Ал, өнеркәсіп өнімдері болса он есе артып, 335 миллиард теңгеге жетсе, 2016  жылы бұл көрсеткіш 350 миллиард теңгеге жетпекші. Мұның бәріне Мемлекеттік индустриалды-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру арқылы қол жеткізілген. Мәселен, осы бағдарлама аясында барлығы 174 миллиард теңгенің 70 жобасы жүзеге асырылды. Соның нәтижесінде жоғары технологиялы зауыттар мен фабрикалар іске қосылған. Әсіресе, өңдеу кәсіпорындарының саны артқандығы қуантады.
Жалпы, Ақмола облысы экономи-касының күрт алға басуы, әсіресе, 2014 жылы басталды десек, ақиқаттан артық кетпегеніміз. Облыста ауыл шаруашылығы саласында да жұмыс жандана бастады. Сонымен қатар, әлеуметтік мәселелер, оның ішінде тұрғын үй құрылысы жете қолға алынып, инфрақұрылымдар жаңартылып, жолдар да жөнделе бастаған.
Ал, Астананың азық-түлік белдеуін қамтамасыз ету мәселесіне келсек, жоғарыда айтып өткеніміздей, бұл тұрғыда негізгі күш Ақмола облысына түсетіндігі сөзсіз. Бұл ретте да қол жеткен табыстар аз емес. Мәселен, осы жылдар аралығында облыста азық-түлік өнімдерін өндіру 3,5 есе артса, Астанаға ауыл шаруашылығы өнімдерін әкелу екі есе өскен. Бүгінде Ақмола облысы Астананы ұнмен, жұмыртқамен және картоппен 100 пайыз қамтамасыз етсе, Елордаға әкелінетін еттің 52 пайызы және сүт өнімдерінің тең жартысы Ақмола облысының үлесінде.
Әрине, жоғарыда көрсетілген көр-сеткіштерге қарап, облыста шешімін таппаған проблема қалмады деген ой
туындамаса керек. Сондықтан да болар, брифингке жиналған журналис-тер қауымы облыста қол жеткізілген жетістіктерді саралай отырып, кейбір көкейкесті мәселелер жайында біраз сұрақтар қойды.
Осылайша жұма күні облыс әкімінің бірінші орынбасары Қадырхан
Отаров пен облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркеновтың журналистермен жүздесуінен бастау алған Ақмола облысының Астанадағы күндері сенбі, жексенбіде өз жалғасын таппақшы. Осы күндер аясында  «Арқа төрі Ақмоладан еңселі Елордаға» атты ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі, түрлі мәдени және спорттық шаралар, жастардың мәдени бағдарламасы, Ақмола облысының әлеуметтік-экономикалық жетістіктері көрмесі, «Тәуелсіз елдің азат ойлы ақындары» атты ток-шоу, облыстық Шахмет Құсайынов атындағы музыкалық-драма театрының қойылымдары және басқа да көпшіліктің көңілінен шығар шаралар көп. Осының бәрін «Жер жұмағы – Көкшетау, Ел жүрегі – Астана» атты облысымыздың шығармашылық ұжымдарының гала-концерті қорытындылайтын болады.

 

 

Брифингте журналистер қойған сауалдар мен берілген жауаптар

 

Казинформ: Қосшы ауылын ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі қалай шешіліп жатыр?
Қадырхан Отаров: Иә, Қосшы ауылын ауыз сумен қамтамасыз етуде проблема бар. Қазіргі кезде жаңа су көздері бар жерлер игерілуде. Осы мақсатта он сегіз су ұңғымасын қазу жоспарланған. Осының арқасында келер жылдың алғашқы тоқсанында ауыл толық ауыз сумен қамтамасыз етілетін болады.
Қазақ  радиосы: «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша қолға алынған жұмыстар 2019 жылдары аяқталуы тиіс.  Жалпы, осы уақытқа дейін облыс бойынша қанша шақырым жол жөнделді және  бағдарлама мәресіне жеткенше қанша шақырым жол жөнделеді? Сонымен бірге, Бурабай куроттық аймағының жылына 1 миллион туристі қабылдауға қауқары бар. Алайда, соңғы кездері радио тыңдармандарымыз ондағы судың тазалығына, яғни, сапасына көңілдері толмай жүргенін жиі айтуда. Осы тұрғыда қандай жұмыстар атқарылуда?
Қадырхан Отаров: Жол мәселесіне келетін болсақ, «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша  үш бағытта жұмыстар атқарылуда. Ол биыл тапсырылғалы тұрған «Астана-Ерейментау» тас жолы, екінші бағыты «Алматы-Астана», яғни, Анар стансасы маңындағы жол, бұл да биыл бітеді деп отырмыз. Үшінші бағыт – орталық, батыс бағдарламасы, яғни, төрт облыстың аумағымен өтетін 230 шақырым жол. Оны келер жылы қолға алып, бір жарым жылдың ішінде аяқтайтын боламыз.
Ал, Бурабайдағы судың тазалығына келетін болсақ, осыған дейін ондаған жылдар бойы су жеткізіліп келген құбырлар күрделі жөндеуді қажет етеді. Дегенмен, бұл бағытта нақты шаруалар қолға алынған. Сондықтан, алдағы уақытта судың сапасы жақсаратынына толық негіз бар.
«Казахстанская правда»: Алда халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесінің келе жатқанын ескерсек, Астананың айналасындағы 30 шақырым қашықтықта орналасқан елді мекендерді дамыту бағытында қандай жұмыстар қолға алынған? Сондай-ақ, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Елорданың іргесіндегі елді мекендерде тұрғын үй салуға 10 cотық жер телімі үлестіріле ме?
Қадырхан Отаров: Астананың іргесіндегі елді мекендерге облыстағы үш ауданнан 78 ауыл кіреді. Ақмола облысына жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев  Астананың айналасындағы елді мекендерді дамыту жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Осыған қатысты жұмыстар Астана қаласының бас жоспарына сәйкес жүзеге асырылуда. Ал, тұрғын үй салу үшін жер телімін алуға келетін болсақ, кез-келген қазақстандық Астананың маңынан жер алғысы келетіні сөз.  Бірақ, бұл бүгінде өткір мәселе болып отыр. Сондықтан, бұл бағытта құзыретті органдардан арнайы жұмыс тобы құрылып, жұмыс істеуде.
Казинформ: Жақында біздің әріптесіміз, «Хабар» арнасының тілшісіне қатысты дау туындаған болатын. Тіпті, телефон арқылы журналисті қорқытпақ сыңайда қоңырау шалу оқиғасы орын алған көрінеді. Осыған орай, әкімдік тарапынан қызметтік тексеріс жүргізілді ме?
Нұрлан Нұркенов: Бұл оқиғаға облыс әкімі Сергей Кулагиннің тарапынан жете мән берілді. Оқиға орын алғаннан кейін облыс әкімі Сәуле Құсайынованы өзіне шақырып, әңгімелесті. Сөйтіп, қазіргі уақытта бұл мәселе шешілді.
Бүгінгі таңда «Хабар» телеарнасының меншікті тілшісі Сәуле Құсайынованың облыс әкіміне де, сонымен бірге, жергілікті атқарушы органдар мен аумақтық мемлекеттік органдардың өкілдеріне де ешқандай шағымы жоқ. Дегенмен, облыс әкімі Ақмола облысы аумағындағы барлық мемлекеттік органдарға журналистердің белгілі бір тақырыпты көтерудегі өтініштеріне бейжай қарамауды тапсырды.
Астана.

Аслан Оспанов, Талғат Қасен

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар