Аккредитация – медициналық қызмет көрсету сапасын жақсартудың жолы

Даналықты өмірдің өзінен дарытқан халқымыз «Бірінші байлық – денсаулық» деп сан ғасырдың сырын бір ауыз сөзбен түйіндеген болатын. Шынында да адамзат үшін сарқылмайтын қазына, таусылмайтын байлық денсаулық екендігінде дау жоқ.

Денсаулықтың қалыпты, мықты болуы үшін сапалы медицина қызметінің маңызы зор. Соңғы жылдары Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау саласында бірқатар бағалы реформалар белсенді жүргізіліп, дендей енгізіле бастады. Бұл реформалардың барлығы салаға соны серпін беріп, денсаулық сақтау шараларын жетілдіру және сапасын арттыруға бағытталып отыр. Соның ішінде медицина ұйымдарын аккредитациялау да бар.
Медициналық көмек сапасын ұдайы жақсарту – мемлекет ұстанған саясаттың басты талаптарының бірі. Тұтастай алғанда денсаулық сақтау саласын мемлекет тарапынан бақылау фармацевтикалық қызмет, мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау, медициналық және фармацевтикалық қызметті лицензия-лау, денсаулық саласын аккредитациялау, аттестациядан өткізу, дәрілік заттарды, құрал-жабдықтарды, адам саулығына кері әсер тигізетін өзге де өнімдер мен нәрселерді мемлекеттік тіркеу, кері тіркеу және тіркеу заңдылықтарына қатысты өзгерістер енгізу, салаға қатысты тауар мен қызметтің бекітілген техникалық
регламентке, келісім-шартқа және стандарт бойынша нормативтік құжаттарға сай болуын растау, денсаулық саласы мемлекеттік ұйымдары көрсететін қызмет пен дәрілік препараттардың бағасын мемлекеттік тұрғыда қадағалау секілді іс-шараларды жүргізу бойынша жүзеге асады.
Халықаралық Денсаулық сақтау қауымдастығының талаптарына сай, аккредитация – көрсетілетін қызметтің жоғары дәрежеде екендігін бағалау жүйесі. Ол медициналық мекемелер үшін сала мамандарының бекіткен стандарттарына сүйене отырып жүргізіледі. «Қазақстан Республикасы халық саулығы және денсаулық сақтау жүйесі» Кодексінің баптарына сай, саланы аккредитациялау негізінен денсаулық сақтау саласы субъектілері, дәрілік препараттар мен медициналық техниканың салаға қатысты стандарттар мен талапқа сәйкестігін қадағалайды. Сондай-ақ, аккредитациядан өту-өтпеу медициналық мекеменің өз еркінде. Өйткені, бұл емдеу мекемесінің дәрежесі мен көрсететін қызметтерінің сапасын анықтап береді. Ол субъектілердің қаржысы есебінен, сонымен қатар тыйым салынбаған өзге де тәсілдер арқылы жүргізіледі.
Субъектіні аккредитациялау өкілетті орган бекіткен талаптарға сай жүргізілуі тиіс. Жеке тұлғаларды аккредитациядан өткізу олардың біліктілік дәрежесін кешенді бағалау түрінде жүргізіледі. Ал, оны өткізуге жауапты тәуелсіз сарапшыларды құзыретті орган бекітеді. Тұтастай аккредитацияны өткізетін ұйым не мекеме құзыретті органның аккредитациясынан өткен болуы шарт.
Жалпы, денсаулық сақтау саласын аккредитациядан өткізу ісінің ел аумағына енгізілуі 2005-2010 жылдарға арналған саланы дамыту және реформалауға қатысты мемлекеттік бағдарлама мен дүниежүзілік банктің «2008-2013 жылдарға арналған Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау саласына жаңа технологиялар мен институционалды реформаларды енгізу» жобасының шеңберінде жүзеге асты. Кешенді жоспарланған жұмыс түрлеріне сай, 2009 жылы стационарлы, амбулаторлы-емханалық және жедел медициналық көмек көрсететін мекемелерді аккредитациядан өткізуге қатысты мемлекеттік стандарт талаптары жасақталды.
Жалпы, халық саулығы мен медициналық қызметтің қолжетімді әрі сапалы болуын көздеген бұл бағыттағы бағдарламалардың қай-қайсысы да заң талаптарына сай жасақталған. Ал, аккредитациядан өткізудің кейбір стандарттық нормалары дүниежүзілік тәжірибеге сай жүзеге асырылып келеді. Сайып келгенде, бұның барлығы тұтынушы, яғни, науқастар мен емделушілердің құқығын қорғау мақсатындағы жұмыстар болып табылады.
Тағы бір айта кетерлігі, аккредитациядан өту – медициналық қызмет сапасының жақсаруының кепілі. Дәрігерлік көмекті дұрыс ұйымдастыру, адами ресурстарды басқару, қызмет көрсетудің сапасы, науқастың қауіпсіздігі, сала қызметкерлерінің біліктілігін ұдайы арттыру, қажетті дәрі-дәрмекпен уақытылы қамтылуын қадағалау, ішкі аудит жұмысының дұрыс жүргізілуі сынды сәйкесті талаптарға сай болу, сөз жоқ, саланың заманауи бағытта дамуына себепші болады.
Әр жыл сайын Ақмола облысы мен іргелес аудандардың 12 мыңнан астам тұрғындары тәулік бойы жұмыс істейтін біздің ауруханада емделіп, дертінен арылса, емханамызда елу мыңнан астам адам диагностикалық кеңес алады. Ауруханада жоғары білікті мамандар жұмыс істейді. 150 дәрігердің ішінде 1 медицина ғылымының докторы, 5 медицина ғылымдарының кандидаты бар. Дәрігерлердің 65 пайызы санатты мамандар. 360 орта буын медицина қызметкерлерінің 67 пайызында әртүрлі санат бар.
Соңғы бір жарым жыл ішінде Ақмола облыстық ауруханасында қызмет сапасын халықаралық стандарттарға сай жүргізу бағытында орасан зор жұмыс жүргізілді. Медицина қызметкерлерінің ғана емес, емделушілердің де ойлау жүйесін өзгертуге тура келді. Олардың барлығы бірдей жаңа стандарттардың талабын түсіне алмады. Күні-түні жүргізілген қияпат іс-шараның арқасында барлығы қалыпқа келді. Осы орайда, біз бірқатар өкпе-назға да қалғанымызды жасыруға болмас. Осы арада бір ғана мысал келтіре кетелік. Емделушілер кеуделеріне тағатын бейджиктерін таққысы келмейді. Ал, келушілер анықтама бөлімінде тіркелуден өткісі келмейді. Оның барлығын әншейін бюрократтық кедергі санайды. Ал, бұл шын мәнінде  емделуші мен медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін сақтау ғой.
Біздің ұжымның жаңа талаптарға сай қызмет көрсету барысындағы еңбектері зая кеткен жоқ. Тұтас ел бойынша 42 сарапшы топ 159 емдеу мекемелерінде жұмыс жүргізді. Жұмыс нәтижесінде  тек 44 медицина ұйымы төрт жылға аккредитация алды. Оның қатарында Ақмола облыстық ауруханасы да бар. Біз қазір көш басындағы бес ұжымның қатарындамыз. Тіпті, көптеген ғылыми орталықтар мен институттардың алдына шықтық. Егер облыстық және қалалық мекемелер деңгейімен есептесек, бірінші орындамыз.      
Аккредитация туралы әңгіме ең алдымен емделуші туралы қамқорлық. Барлық іс-қимыл, білім мен тәжірибе, соны жаңалық емделушіге жаңа заман талабына сай медициналық қызмет көрсетуге жұмылдырылған. Демек, аккредитацияның түпкі мақсаты  – медициналық қызмет сапасын жақсарту деген сөз. 
Серік АЯҒАНОВ,
Ақмола облыстық ауруханасының бас дәрігері,
медицина ғылымдарының докторы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар