Бірқатар әлеуметтік жобаларға қаржы бөлінді

Облыстық мәслихаттың депутаты Аждар Тайшытаевтың төрағалығымен өткен алтыншы шақырылған облыстық мәслихаттың кезектен тыс VI сессиясында өңірдің дамуына қатысты бірқатар мәселелер талқыланып, тиісті шешімдер қабылданды.

Күн тәртібінде ең алдымен, 2016-2018 жылдарға арналған бюджетке толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы мәселе талқыланды. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Бауыржан Малғаждаров білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік, құрылыс салаларына қатысты бірқатар жобаларды қаржыландыруға қосымша қаржы қажеттігін алға тартып, осыған орай облыс бюджетіне өзгерістер енгізуді ұсынды.
Жылу беруді қамтамасыз ету мақсатына 175 миллион теңге, бүгінде құрылысы басталып, қаржы тапшылығына байланысты тоқтап қалған  бірқатар денсаулық сақтау, спорт және білім беру саласы нысандарын салуға 182,9  миллион теңге қаржы қажет. Мұндай нысандардың қатарында екі отбасылық дәрігерлік амбулатория, Степняк қаласында салынып жатқан жүзу бассейні және басқалар бар. Целиноград ауданының орталығы Ақмол ауылында салынып жатқан әкімшілік ғимараты мен Көкшетау қаласындағы мәдени-демалыс саябағының құрылысы үшін 120  миллион теңге керек. Облыстық мәслихаттың депутаттары қосымша қаржы бөлуді қажет ететін мәселелердің маңыздылығын ескеріп, басқарма басшысының ұсынысын бірауыздан қолдады.
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында облысымызда көптеген ауқымды шаруалар атқарылып жатқаны белгілі. Целиноград ауданында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде жеке инвестор өз қаржысына 280 орындық бала бақша құрылысын салуда. Осы жоба бойынша мемлекет өз мойнына алатын міндеттер облыстық мәслихат депутаттарының шешімімен бекітілді.
Ұзақ жылдар бойы мемлекеттік түрлі жауапты қызметтер атқарған, 2008-2014 жылдарда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болған Қайсар Омаровқа Ақмола облысының құрметті азаматы атағын беру туралы облыс әкімдігі аппаратының жетекшісі  Жомарт Нұркеновтың ұсынысы депутаттар тарапынан қолдау тапты. Еліміз, оның ішінде біздің облысымыз үшін де аса ауыр кезең болған 1992-1998 жылдарда облыс әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары қызметін атқарып, жұмыс істеген Қайсар Оспанұлы бар күш-жігері мен қабілетін еліміздің экономикасын көтеруге жұмсады. Кейін де ұзақ жылдар бойы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің кеңесшісі ретінде келелі мәселелерді шешуге атсалысты. Осындай еңбектері ескеріле отырып, Қайсар Омаровқа Ақмола облысының құрметті азаматы атағын беру жөніндегі ұсынысқа депутаттар бірауыздан қолдау танытты.
Мәслихат сессиясы, сондай-ақ, тұрғындарды еңбекпен қамту жөніндегі аймақтық комиссияның құрамын қарап, бекітті. Мәслихаттың күн тәртібінде қаралған барлық мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.

Қалкөз Жүсіп.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар