Туған жер

1930 жылы туған Ермек Қаратаев ақсақал Бұланды ауданының Макинск қаласында тұрады. Осы ауданның құрметті азаматы. Бірқатар жылдар мұғдарында «Жыр десте», «Сағыныш», «Білгенге маржан», «Ой толғау» атты өлеңдер жинағын бастырып шығарған. Жасы 86-ға келгенше әлі қолынан қаламы түспей, ел, жер, ана тілі деп толғанады. Табиғат суреттеріне, айналада болып жатқан тіршілік тынысына көзі қарақты, ойы ілкімді. Қадірлі қартымыздың өз қолымен редакциямызға жолдаған бір топ өлеңдері көңілімізден шығып, үлкен ризашылықпен жыр сүйер оқырмандарымыздың назарына ұсынып отырмыз.  

Туған жерім, мекенім қарағайлы,
Жұтсаң жұпар ауасы жанға жайлы.
Білегіндей сұлудың аққайыңдар,
Желге тосын бауырын самалдайды.

Қамысы мен қоғасы көк балауса,
Әупілдегі дірілдеген гүл тамаша.
Құлағында күй ойнап құрағының,
Көлдер жатыр жарқырап зер айнаша.
Қиқулап аспаныңда аққу, қаздар,
Төгіліп таң самалда, сәнді саздар,
Сыза ұшып көлдің бетін көгала үйрек,
Қамыс шайқап қос қанат дабылдатар.

Шалғыны мен суы мол жасыл аймақ,
Сұлулығын табиғат берген сайлап.
Көкшенің самал желі майда есіп,
Жадыратып жаныңды бөлген шуақ.

 

 

 

Көкше төсінде

 

Ертемен қарсы аламын таң самалын,
Тауларды аялаған күн шуағын.
Шортан көлді жағалап мен келемін,
Ұялатып кеудеме жыр шумағын.

Нәзік жаным нәр алған тау шыңынан,
Көкше төсі бір сайран – той мен думан.
Айнакөлде қайраңдап шортан, шабақ,
Ойнақтаған елігі, ерке бұлан.

Сылдырап ағып жатқан айна бұлақ,
Көз жасындай мөлтілдеп таудан құлап.
Әсем саз қалықтайды әуелетіп,
Қыздың сұлу әніндей салсаң құлақ.

Ақ үрпік, сары ауыз балапаны,
Таң сәріден шырқатып салған әні.
Қараторғай елімнің бұлбұл құсы,
Тыңдасаң шабытыңа дем болғаны.

Сәкен салған «Көкшетау» әні де сен,
Туған жердің көркі мен сәні де сен.
Біржан, Ақан мекені – сексен көлі,
Кетпесінші мәңгілік құт, берекең!

 

 

Қайран, ауылым

 

Дариға-ай, жастық шағым түссе есіме,
Қиналамын бой алдырып бір сезімге.
Жұмақтай шуағы мол ауылымды,
Ойласам жас аламын мен көзіме.

Жағалай аппақ қайың, жасыл орман,
Қонысына ауылымның болған қорған.
Мәйдөлең жазығында өріс алып,
Төрт түлік малға толып бел қайысқан.

Сылдырап ағатұғын Қарасуы,
Үштау мен Қаратұмсық жердің нұры.
Қыстаудың сырт жағында қалың егіс,
Толқитын теңіздейін желді күні.

Бір шоқ бар батысында, аты Атан,
Қойнауында жидек пен шие толған.
Жарысып жалаң аяқ барушы едік,
Көбелектей гүлден соң гүлге қонған.

Көктемде құлпыратын сай саласы,
Гүл-гүл жайнап қырмызы қыз баласы.
Домбыра алып қолына серілік пен,
Ән мен күйге әуес еді бозбаласы.

 

 

Анама

 

Дүниеге әкелген асыл анам,
Қарызың көп мойнымда келмес шамам.
Тең таппады өзіңе бұл дүниеден,
Көпті көрген болса да мендей балаң.
Даналығы әрқашан елден асқан,
Қамқорлығы маңайына шуақ шашқан.
Жүзің жайнап тұратын қуанышта,
Ерекше сезімменен көңіл тасқан.

Мейірімі ананың жаратқаннан,
Тал бесікті тербетіп таңы атқан.
Кеуде тосып сәбиге іңгәлаған,
Табиғат әуеніне есік ашқан.

Анама тең таппадым бұл өмірде,
Пайғамбардан кейінгі осы пенде.
Бар ғұмырын арнаған ұрпағына,
Дүниенің ең асылы бір өзінде!

 

 

Ұрпағына мәңгілікке сыйлаған

 

Мынау менің гүл жазира даламда,
Ізі жатыр басып өткен бабам да.
Абылайдың ақ туының астында,
Барлық қазақ біріккені санамда.

Ат құйрығын Абылай бабам байлаған,
Бес қаруын дұшпанына сайлаған.
Алты айлық жерді ат тұяғы қарыштап,
Ұрпағына мәңгілікке сыйлаған.

Содан бері елдігіміз сақтаулы,
Береке-бірлік, ниетіміз ақтаулы.
Неше түрлі заман ағып өтсе де,
Шаңырағым мықты бүгін, мақтаулы.

Бар асылды ұрпаққа арнап жинаған,
Орман, суды бабам маған сыйлаған,
Көз жанары – қарашықтай сақтаймыз,
Ұлы парыз, ұлы міндет ол маған.

Мынау менің ну орманды даламды,
Сән мен салты жаңарулы қаламды,
Ешкімге де бере алман, сол үшін,
Сапқа қоям өзім менен баламды!

 

 

Жез қанат менің киігім

 

Арқаның самал желдерін,
Асу-асу белдерін,
Сағынып, аңсап келдің бе,
Жез қанат менің киігім!
Сағындың ба кәусар бұлағын,
Балауса көлдің құрағын.
Сүйемін мына даланың,
Сен түгіл, сары тиінін.

Көктемде күтем қарайлап,
Көгілдір тартса бар аймақ,
Таңдарым атса арайлап,
Тобыңмен түгел келдің бе?
Арқа сенің ырысың,
Кең жайлауың, өрісің,
Лақтарыңды өргізіп,
Арқаңды кең сап көрдің бе?

Мөлдіреген жанарың,
Құлпырып күзде ажарың,
Қыстағыңа кетесің,
Таусылып жазғы базарың.
Туып өскен жеріңе,
Масайрап Арқа төріне,
Оралар талай ұрпағың,
Көрсе де жолдың азабын.

Сағынамын мен дағы,
Арқаның самал, түз лебін.
Бауыр төсеп жататын,
Көк арай шалғын кілемін,
Туған жер менің киелім!

 

 

Көктем

 

Жансызға жан бітіріп келді көктем,
Уа, ғаламат, неткен нұр елге төккен!
Сызды жерге өсіріп қызғалдағын,
Жабылған ой мен қырға жасыл көрпең.

Тербеліп жапырағы таң самалда,
Ақ қайың түрленеді барша жанға.
Қош алып табиғаттың бұл сәлемін,
Тұрамын сыр шертісіп әлі қанша?!.

Шыршаның үшкірленіп инелері,
Қызыл талдың ашылып бүрмелері.
Қор қызындай жымыңдап күміс сағым,
Шақырады қол бұлғап қыр гүлдері.

Сылдырап ағып жатқан айна бұлақ,
Баурайды сұлу әні, салсаң құлақ.
Бұлттар бар өңірді суарарсың,
Алғашқы нөсеріңмен қалған ұнап.

Жансызға жан бітіріп келді көктем,
Уа, ғаламат, неткен нұр елге төккен!
Самайды ақ қар басып кетсе дағы,
Қиялмен кең даламды шарлап кетем.
Өйткені, қуатым сен, сұлу көктем!..
 

 

 

Ақ қайың

 

Ақ балтыр, қыз мүсінді аппақ қайың,
Сыбдырың әуендей тартар мені әрдайым.
Жапырағыңда күлімдеп күміс тамшы,
Құлпырасың жауын жауып өткен сайын.

Жасыл желек жамылып жібек шашақ,
Шашырайды бойыңнан жылы шуақ.
Қаз таранған сұлудай көз тартасың,
Шыққандайын алдымнан жайып құшақ.

Үлбіреген жапырағың ақ қайың,
Бауыр бастым бір өзіне жастайын.
Діріл қаққан дидарыңды мәпелеп,
Махаббатты саған деген сақтаймын.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар