Магомаевтың ғажайып дауысын кім ұмытар?!.

Облыс орталығындағы Достық үйінде КСРО Халық әртісі, Әзірбайжанның әйгілі әншісі Мүсілім Магомаевты еске алуға арналған ән фестивалі болып өтті. Екі ел арасындағы мәдени байланыстарды нығайту мақсатында өткізілген игі шарада Қазақстандағы Әзірбайжан Республикасы елшілігінің кеңесшісі Агаджавид Рамазанов құттықтау сөз сөйлеп,  фестивальге қатысқан сегіз жас талапкерге өнер додасында сәттілік тілеп,  жүрекжарды лебізін арнады.

 

Ол артына өлмес мұра қалдырды. Мүсілім Магомаев Әзірбайжан ұлтына ғана емес, әлемге танымал тұлға десек асыра айтпағандығымыз. Жиырмасыншы ғасырдың ортасында музыка әлемін жанартаудай жарып, жарқ еткен жасындай сахнаға шыққанда шашасына шаң жұқпас хас жүйріктей арынын танытып, көрерменінің көзайымы болатыны күні бүгінгідей көзіқарақты, көкірегі ояу тыңдаушысының есінде.
Атақты әншінің орындауындағы әндерді еңкейген қариядан еңбектеген балаға дейін жақсы біледі. Содан болар, фестивальге қатысамын деп ниет білдіргендер арасында жастар көп. Бір атап өтерлігі, байқауға жеке кәсіпкерлер, тәрбиешілер, оқушы балалармен қатар Біржан сал атындағы музыка колледжінің бірқатар оқушылары сияқты кәсіби әншілік өнермен айналысып жүрген талапкерлер де қатысып, өз өнерлерімен тәнті етті.
60-70 жылдары талғамы биік тыңдаушысының жүрегін жаулаған  дарабоздың орындауындағы әндер күні бүгінге дейін өзінің өміршеңдігімен құнды. Табиғи көрік, вокалдық техника, көрерменінің айызы қанғандай орындаушылық шеберлігі, айқын да анық дикциясы, кез-келген әуеннің ұлттық спецификалық ерекшеліктерін дөп жеткізіп, ашық та қуатты баритонымен ел есінде қалған Мүсілім Магомаевтың әндерін фестивальге қатысушылардың барлығы дерлік жақсы орындап шығуға тырысты. Әсіресе, Біржан сал атындағы музыка колледжінің оқушысы Алтынбек Бектемірдің орындауындағы «Благодарю тебя» атты әнін жиналғандар жылы қабылдады. Сондай-ақ,
Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары Зариат Шаткенова мен Нұрсат Басболатовтар «История любви» әнін тамылжыта шырқап, көрермен көңілін бір серпілтіп тастады.
Көкшетау қаласындағы №7 «Айша» бала бақшасының қызметкері Әсем Жүсіпова болса, «Ноктюрн» әнін нақышына келтіріп, құлақ құрышын қандырып, жүректі тебірентіп, жанды баурап тыңдаушысын тәнті етті.
Фестивальде өнер көрсеткен сегіз орындаушының арасында «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» атанған Біржан сал атындағы музыка колледжінің оқушысы Алтынбек Бектемір жүлделі 1 орынды қанжығасына байлады. Осылайша
Көкшенің ән көгінде қалықтап тұрды әуезді әуен!..
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Суретте: Қазақстандағы Әзірбайжан
Республикасы елшілігінің кеңесшісі Агаджавид Рамазановтың сөз алған сәті.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар