Жер астына түсіп, алтын іздеген

топтардың заңсыз әрекеті тиылмай отыр

Облыс әкімінің міндетін атқарушы Қадырхан Отаровтың төрағалығымен «Қазақалтын» тау-кен металлургиялық комбинаты» акционерлік қоғамында соңғы кездері жиілеп кеткен алтын рудасын ұрлаушылармен күресу жолдары қарастырылған мәжіліс өтті. Оған облыстық прокуратураның, облыстық ішкі істер департаментінің және мемлекеттік органдардың басшылары қатысып, өз ұсыныстарын айтты. Мәжілісте облыс прокуроры Мұратбек Исадилов атап өткендей, осы күні қолданыстағы заңнаманың әлсіздігінен алтын рудасын ұрлаушылармен күресу қиын болып отырған көрінеді. Жалпы, Степногорскідегі «Қазақалтын» ТКМК» АҚ-да соңғы 5 жылдың ішінде құрамында алтыны бар руданы алумен заңсыз айналысқан барлығы 20 мыңнан астам адам ұсталған. Оған қоса алтын рудасын өңдейтін 75 цех тәркіленген. Алайда, ұсталынған адамдардың бірде-біреуі қылмыстық жауапкершілікке тартылмай, тек 1 пайызы ғана әкімшілік жауапқа тартылған. Мұның екі себебі бар. Біріншісі, қолданыстағы заңнаманың жетілдірілмеуі, яғни, қымбат металдар мен шикізат
тауарларын заңнамалық реттеудің болмауы, екіншіден, алтын рудасын ұрлаушыларға қатысты қылмыстық жауапкершіліктің қарастырылмауында болып отырған тәрізді.
– Біз бүгін мемлекеттік органдармен бірлесіп құрамында алтыны бар руданы алумен заңсыз айналысушылармен күресу үшін арнайы бағдарлама әзірлеп отырмыз. Онда бұл мәселені шешудің заңнамалық, ұйымдастырушылық және ақпараттық сияқты жолдары қарастырылған. Бүгінгі мәжілісте осы бағдарламаға қатысты «Қазақалтын» ТКМК» АҚ құқық қорғау және мемлекеттік органдар өкілдерінің пікірілерін тыңдап, қажет болған жағдайда толықтыратын боламыз, – деді Мұратбек Исадилов.
Ал, «Қазақалтын» ТКМК» АҚ-ның бас директоры Евгений Балашовтың сөзіне қарағанда, осы күні аты дардай алпауыт кәсіпорын алтын рудасын ұрлаушылармен бір өзі ғана күресуге қауқарсыз. Дегенмен, кәсіпорын өндіріс қауіпсіздігін күшейту мақсатында жыл сайын қомақты қаржы бөліп келеді. Оған қосымша бейнебақылау камерасы мен жұмысшыларға арнайы сандық таңбасы бар киім сатып алынған. Сондай-ақ, қауіпті өндірістік нысандарда ұрлықты болдырмау, заңсыз алтын рудаларын іздеушілерді кіргізбеу бағытындағы жұмыстар да одан әрі жалғастырылмақшы.
Әлеуметтік жауапкершілік төңірегінде сөз қозғаған Евгений Балашов концерн жалпы инвестиция көлемінің 1 пайызын облыстық бюджет пен әлеуметтік саланың дамуына аударып отыратынын жеткізді. Оған қоса, жыл сайын қала мен кенттің инфрақұрылымын дамытуға және мекенжай бойынша көмек көрсету үшін қаржы бөлінеді. Сондай-ақ, Заводской және Бестөбе кенттерін байланыстыратын жолды жөндеуге 30 миллион теңге бөлінген.
Мәжілісте облыстық ішкі істер департаменті мен мемлекеттік кірістер басқармасы басшыларының да пікірлері тыңдалды. Мәжілісті қорытындылаған облыс әкімінің міндетін атқарушы Қадырхан Отаров аталған бағдарлама арқылы алтын рудасын ұрлаушылармен кешенді түрде күресуге, осыған жауапты органдардың барлығын тиісті деңгейде атсалысуға шақырды.

Аслан Оспанов.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар