«Тәуелсіз Қазақстан» пойызы – Ерейментау мен Көкшетауда

Биыл еліміздің тарихында елеулі орын алатын тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы аясында ұйымдастырылған «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы осыдан он күн бұрын Астанадан сапарға шыққан еді. Осы уақыт ішінде пойыз Шығыс Қазақстан, Павлодар және Қарағанды облыстарының біраз өңірлерінде болып, астаналық Ақмола облысына ат басын тіреді.

ЕРЕЙМЕНТАУ. Түні бойы жауған ақша қар айналаны аппақ көрпеге ораған. Ереймен жұрты «Тәуелсіз Қазақстан» пойызын вокзалдан қарсы алуға көп жиналыпты. Ауада қалықтаған әсем әуен мерекелік көңіл-күйді одан әрі көтере түскендей. Ұлттық киім киген қыздар қонақтарға бауырсақ пен тәттілерді шашу етіп шашса, жергілікті әнші Ерлан Дәулет домбырамен жыр шашуын арнады. Ерейментау ауданының әкімі Ермек Нұғыманов қонақтарға арнаған құттықтау сөз сөйледі.  
– Барша  халықтың қамын көздеген игі мақсатпен, ізгі ниетпен елімізге ат басын тіреген «Тәуелсіз Қазақстан» пойызының өкілдері, қасиетті Ереймен жеріне хош келдіңіздер, – деп бастаған сөзін аудан басшысы, – биыл баршамыз үшін аса ерекше мерейлі жыл. Осыдан 25 жыл бұрын ата-баба арманы болған тәуелсіздік таңы атты. Тәуелсіздік бізге аспаннан түсе қалған жоқ. Оның астарында толағай тарихымыздағы «тар жол, тайғақ кешулер, сонау сақ дәуірінің дүбірі, түркі бабалар мирасы, қазақ хандығы мен кешегі отарлық кезеңдегі ұлтымыздың ұлы күрестері көз алдымызға келеді. Тәуелсіздік нәзік те, қастерлі ұғым. Халқымыздың данышпандығының, Тұңғыш Президентіміз, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында ел еңсесін көтеріп, әлемді аузына қаратқан мемлекет атандық. Осынау ғасырлар жүгін арқалар 25 жыл ішінде Ерейментау өңірі де көңіл хошын көтерер жетістіктерге жетіп келеді. Бүгінде өңірде отыздан астам ұлт өкілдері тату-тәтті тірлік кешіп жатыр.
Тәуелсіздік символын әуелеткен пойыз штабының жетекшісі, ғалым, жазушы Әміржан Әлпейісов егемендігіміздің 25 жылдығына орай ұйымдастырылып отырған акцияның маңыздылығына тоқталды.
– Біз Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарын аралап, оныншы күнде астаналық ұлық мәртебесі бар Ақмола облысының, оның ішінде өткені ертегі, ертеңі еңселі Ерейментау елінің емен-жарқын құшағына еніп отырмыз. Бүгінгі күні дарабоз қолбасшы Бөгенбай батырдың, Саққұлақ би мен Үмбетей жыраудың рух қайраты, азаттықты аңсаған алапат үні жеткендей ерекше тебіреніс үстіндеміз.
ЕРЕЙМЕНТАУ.    Еліміз азаттықты, еркіндікті қастерлеген, болашағын адалдықпен, жақсы үміттермен әспеттеген, –  деп тарихи мекенге деген өзінің игі көзқарасын тебіреніспен жеткізген ол «Тәуелсіз Қазақстан» пойызының  жәй ел қыдырған мерекелік шара емес, жергілікті халыққа нақты көмек көрсетіп, түйткілді мәселелерін шешуге, түрлі пайдалы ақпараттар мен кеңестер беруге бағытталған мақсаты жайында айтып берді. Пойызда Парламент депутаттары мен Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері,  түрлі салалар бойынша еңбек ететін білікті мамандардан құралған 174 адам бар екен. Олардың  74-і денсаулық сақтау саласының мамандары.
– Біз «Тәуелсіз Қазақстанның» тәлімді сапарын, қалың жұртпен кездесулерін күн сайын бұқаралық ақпарт құралдарынан оқып, теледидардан көріп, мерейленудеміз, – деді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлеген Әбдин. – Сіздерді үлкен қалалардың, шалғай елді мекендердің тұрғындары тағатсыздана күтіп, көңілдеріне демеу етіп отыр. Осынау жақсы дәстүр Қазақстанымыздың, Мемлекет басшысының халыққа деген қамқорлығын паш етіп, жүрегімізге жеткізуде.
Осы ретте батырлар елі, ән-жырдың өлкесі Тәуелсіздік тойына еселі еңбегімен де тарту әзірлеп жатқанын айта кеткен артық болмас. Ауданда тұрып жатқан 33 ұлттың өкілі ел экономикасын толымды етуде өнеге танытып отыр. Мұнда Қазақстандағы бірінші жел электр стансасы пайдалануға беріліп, облыс өңіріне, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне қызмет көрсетуде. Өңір шаруашылықтары биылғы жылдың басынан бері 9,2 миллиард теңгенің өнімін өндірген. Мал басы да жыл санап көбейіп келеді. Ереймендіктер өріске 37,2 мың бас ірі қара, 84 мыңнан астам қой мен ешкі, 23 мыңдай жылқы шығарады. «Жаңа Береке», «Ерейментау-Құлан», «Кирол-Сарыарқа», «Нұр Агро Компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мемлекеттік  бағдарламалар аясында ірі көлемдегі бордақылау алаңдарын, ет комбинатын салып, мал мен егіншілік саласындағы инвестициялық жобаларды жүзеге асырып жатыр. Өнеркәсіп саласының да өрісі  кең. Аудан көмір, сапалы кірпіш, тау-кен өнімдерімен де танымал. Биылғы жылдың тоғыз айында 8 миллиард теңгенің өнеркәсіп өнімдері өндірілген. Аталған мерзімде 12654 миллион теңгенің құрылыс жұмыстары жүргізіліп, өткен жылмен салыстырғанда 132,2 пайыздық өсім беріп отыр.
«Тәуелсіз Қазақстан» пойызы шалғайдағы ауыл тұрғындарына нақты көмектер көрсетіп,  пайдалы ақпараттар, кеңестер беретінін және көптеген өзекті мәселелерді тікелей шешуге ықпал ететінін осы күні ереймендіктер көзбен көріп, куәсі болды. Түрлі саланың мамандары қаланың әр жерінде қабылдаулар өткізіп, халыққа нақты қызмет көрсетті. «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының ғимаратына жеке басы шаруаларына қатысты және басқа да толғандыратын жайлар туралы айту үшін келген адамдар қарасы біраз болды. Олардың арасында жастар да, зейнеткерлер де бар. Өзбекстаннан өткен жылы көшіп келген оралман бауырымыз Ақмал Тазабеков әлі күнге дейін азаматтығын алмаған және қажетті  құжаттарын да толық тапсыра алмапты. Осыған байланысты мамандар оның мәселесін жан-жақты сұрап, заң шеңберінде тиісті көмек көрсетілетінін  айтты. Ал, ұзақ жылдар мұғалім болып, зейнетке шыққан Галина Артомонова зейнетақыны есептеуге қатысты өз пікірін білдірді.
Аудандық мәдениет үйінде Ауыл шаруашылығы министрлігінің мамандары шаруа қожалықтары мен шаруашылықтардың басшыларына  ауыл шаруашылығын субсидиялау және түрлі бағдарламалар шеңберінде жеңілдетілген кредит беру жайына қатысты сауалдарға жауап берді. Қойтас ауылынан келген «Әлдебеков» шаруа қожалығының басшысы Қосман Мейрамұлы мұнда ақша да, көмек те сұрап емес, ет бағытындағы малды субсидиялауға қатысты ой-пікірін білдіруге келіпті. Біраз жылдан бері мал өсіріп келе жатқан фермер шаруасын өрістету үшін несие қаржы алуда кездесетін қиындықтар туралы айтты. Бұл, банктердің кепілге бағалы мүлік сұрауына байланысты туындайтын қиындықтар. Оған қоса, осыдан екі жыл бұрын Ауыл шаруашылығы министрлігінің қабылдаған ережесіне сай субсидия  жыл ішінде 400 бастан кем емес мал өткізген шаруашылықтарға ғана берілетін болыпты. Осыған орай, жүз, екі жүз бас малы бар ұсақ шаруа қожалықтары үшін мемлекеттік субсидия алу арманға айналған жайы бар. Бес жүзден астам ірі қара өсіретін шаруа қожалығының басшысы жыл басынан бері екі жүзден астам малды етке өткізген. Соған қарамастан, субсидия алуына мүмкіндік жоқ. «400 бас деген шек біз сияқты ұсақ шаруа қожалықтары үшін аса алмас асу болып тұр» дейді ол. Ауыл шаруашылығы министрінің өкілі оның ұсынысын жазып алып, жоғарыға жеткіземіз деді.
Бұл күні Ерейментау аудандық орталық ауруханасында кісі қарасы қалың көрінді. Аурухананың дәлізінде иін тіресіп, кезек күткен адамдар. Бұны сырқат санының көптігінен емес, республикалық деңгейдегі білікті мамандарға қаралып, ақыл-кеңес сұрауды ниет тұтқан заңды құбылыс деп қабылдадық. Сондықтан болса керек, медицина саласының 17 бағыты бойынша 71 маман өз қабылдауларын мүмкіндігінше кең ауқымда атқаруға тырысты. Мәселен, онкология және радиология ғылыми-зерттеу орталығының дәрігері Зие Гасановтың алдында болған зейнеткер Рима Гранкинаның дерті жөнінде нақты емдеу тәсілдері айқындалып, қабылдайтын дәрілер мен емдеу шаралары белгіленді. Ал, педиатр Алма Қозғибекованың қабылдауында болған алты жастағы  Мөлдірдің денсаулығының жуыр маңда жақсаратынына жанында болған анасының сенімі артқандай болды.  Дәрігер травматолог-ортопед Мұрат Мақсұтұлы ауыл тұрғыны Бауыржан Жұмабековты ұзақ тексерді. Ол жігіттің сырқатының себебі ұзақ уақыт бойы нақты белгіленбеген екен. Мұрат Мақсұтұлы Бауыржанға тиісті кеңестер беріп, Астанада емделуге шақырды.
Бұдан кейін «Тәуелсіз Қазақстан» пойызының өкілдері «Бейбітшілік және келісім үлгісі – Қазақстан бренді» тақырыбында «дөңгелек үстел» мәжілісін өткізіп,  «Теплосервис» және «Ерейментау су арнасы» ЖШС жұмыскерлерімен кездесті. Жұмысшылармен кездесу барысында оларды толғандыратын түрлі сауалдар мен мәселелер ашық, бүкпесіз әңгіме болды.
«Тәуелсіз Қазақстан» пойызымен келген қонақтар кешкісін аудандық мәдениет үйінде өткен жергілікті өнерпаздардың үлкен концерттік бағдарламасын тамашалады.

Қалкөз Жүсіп.

 

 

КӨКШЕТАУ. Кеше тәуелсіздіктің 25 жылдығын ту еткен «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы қасиетті де киелі Көкшетауға аялдап, бірнеше сала мамандары халыққа қызмет көрсетті. Бұл жолы да Арқаның арайлаған ақ таңымен ілескен ізгі ниетті пойыз-ды тосуға ақмолалықтар теміржол вокзалына көптеп жиналды. Таңғы сағат тоғызда теміржол вокзалының маңындағы алаңға жиналған халықтың көңілі де көтеріңкі болды. Көп ұзамай Еуразия ұлттық университетінің профессоры, тарихшы Әміржан Әлпейісов бастаған «Тәуелсіз Қазақстан» жолаушылар пойызы да келіп жетті. Қонақтарды облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов бастаған көкшетаулықтар айрықша салтанатпен қарсы алды.
– Бүгін ақмолалықтар үшін ерекше қуанышты күн, – деді Ақмола облысы әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов, – бүгін тарихи оқиғаның куәсі болып отырмыз. «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы құрамындағы Қазақстан Республикасының Парламенті депутаттары жеті министрлік пен үш ұлттық компанияның өкілдері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері бүгін күні бойы көкшетаулықтарға медициналық, әлеуметтік, ауыл шаруашылығы, құқықтық және өзге де бағытта кәсіби ақыл-кеңестерін беретін болады.
Осы орайда, ақмолалықтар алдында сөз сөйлеген «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы штабының жетекшісі Әміржан Әлпейісов шараның маңыздылығына тоқталды.
– Тәуелсіздік – халықтың қазынасы, баға жетпес байлығы. Ұлттың рухы, қоғамның санасы. Мұны әрбір қазақстандық жүрегімен түйсініп, сезінуі тиіс. Себебі, еркіндіктің ақ таңымен Қазақстан небәрі 25 жылда төрткүл дүниеге танылды.
Елбасы саясатының сара жолы – нұрлы болашақты жақындатты.  Сол себепті, бүгінгі күні келешек ұрпаққа оның қадір-қасиетін ұғындыруымыз қажет. Бұл жолғы біздің сапарымыздың мақсаты да осы, еліміздегі қабылданған реформалардың мән-жайын түсіндіріп, тұрғындарға жеткізу. Құрамымызда 271 адам болса, оның 72-і дәрігер. Біз сапарға шыққан он шақты күннің ішінде 15 мыңға жуық адамға қызмет көрсеттік. Олардың тең жартысы медицина саласының мамандарына жүгінді. Оның басты себебі, жергілікті жерлерде дәрігерлер тапшы болып отыр. Біздің мамандар сырқаттарды тексеріп, облыстық, республикалық клиникаларға жолдамалар беруде. Одан өзге де маңызды мәселелерді қарастырып, кеңес беру көзделген, – деді ол өз сөзінде.
Осы күні Ақмола облыстық және Көкшетау қалалық ауруханаларында, салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығында болған невролог,
нефролог, уролог, гематолог, ортопед-травматолог, ревматолог, пульмонолог, педиатр, гастроэнтеролог, ангихирург, кардиолог, эндокринолог, офтальмолог, онколог мамандар ақмолалықтарды қабылдап, еліміздің түрлі медициналық мекемелеріне жолдама берді. Облыстық балалар емханасында қабылдау өткізген Қарағандыдан келген Мақажанов атындағы травматология және ортопедия облыстық орталығының балалар травматолог-ортопед дәрігері Дастан Әбеновпен пікірлескен едік.  
– Пойыздың келуі әрине, қарапайым тұрғындар үшін өте жақсы. Бұған дейін де осындай шаралар елімізде жүзеге асырылған болатын. Еліміздің кез-келген өңірін алсақ та дәрігерлер жетіспейді. Бүгін күні бойы ондаған баланы қабылдап, дәрігерлік кеңес бердім. Халық риза, – дейді дәрігер.
 «Тәуелсіз Қазақстан» үгіт-насихат пойызының келуі әр адамның бойында елге, жерге деген отансүйгіштік сезімін тудырары анық. Жалпы, осы күні медициналық мамандардың қабылдауына 154 ақмолалық бала келіп, қаралды. Әсіресе, Ақмола облыстық балалар ауруханасында қабылдау өткізген пульмонолог Мира Ажахметова, кардиолог Әйгерім Жанатқызы, Көкшетау қалалық емханасында науқастарды қабылдаған  эндокринолог Айнұр Ботағароваға қаралуға келушілер көп болды.

Аслан Оспанов.

 

 

Көкшетау. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ғимаратында пойыз құрамында келген Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің өкілдері Сапарбек Ақжанбаев, Гүлнәр Қайырбекова, Айсұлу Шалкеновалар облыс тұрғындарын қабылдап, олардың мәселелерін шешуге назар аударды.

Олармен бірге, аталған акция аясында Көкшетау қаласының прокуроры А.Ризанов, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және энергетика басқармасының басшысы В.Радченко, облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары Г.Әкімова, Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары А.Әміренова, қалалық білім бөлімінің басшысы Б.Жүсіпов және тағы да басқа мемлекеттік органдардың басшылары қабылдау жүргізді.
– Акция аясындағы 44 күннің ішінде біз еліміздің 35 ірі және шағын қалаларын аралап шығамыз. Көкшетау қаласы 11-ші елді мекен. Осы күнге дейін еліміздің қай түкпіріне барсақ та, халықтың басым көпшілігі бізге тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мәселелері бойынша көптеп келіп жатыр. Оларға біз көбіне заң тұрғысынан қандай әрекет жасап, қалай шешуге болатынын, қайда бару қажеттіліктерін айтып, бағыттап жатырмыз. Кейбір адамдардың мәселелерін естіген кезде, әлі де заңнамаларымызға өзгертулер енгізу керектігіне көзіміз жетіп отыр, – дейді Әділет министрлігінің өкілі Сапарбек Ақжанбаев.
Қабылдауға алғашқылардың бірі болып кірген Валентина Магомедова өзінің бұрынғы күйеуінің кәмелетке толмаған балаларына алимент төлемей, тиісті органдардың шығарған шешімдеріне бағынбай жүргендігін, жеке сот орындаушыларының жұмысына да көңілі толмайтындығын жеткізді. Бұл ретте, Әділет министрлігінің өкілі, сарапшы Гүлнәр Қайырбекова оған ақыл-кеңестерін айтып, мәселені жедел шешіп беретіндігін, бұрынғы күйеуімен де байланысқа шығатынын айтты. Және сол арада осы іспен айналысқан жеке сот орындаушысымен хабарласып, жағдайды түсіндірді. Ал, Красный яр селосына баратын жолда орналасқан «Маяк» саяжай кооперативінде тұрып жатқан көпбалалы отбасының отағасы Жеңіс Бостандықов пен оның жары Райхан Ұзақбаева балаларының төртеуі Көкшетау қаласындағы №10 мектепте оқитындығын және өздері тұрып жатқан кооперативте электр жарығы жоқ екендігін, жарық тек 4 саяжайға дейін ғана берілетіндігін айтып арызданды. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және энергетика басқармасының басшысы Виктор Радченко алдағы 5 күн ішінде мәселені шешіп беретіндігін айтты. Сондай-ақ, қабылдауда «Нұрлы көш» ауылында мектеп, балабақша салу, балаларға ойын алаңдарын ұйымдастыру жөніндегі сұрақтармен келген тұрғындар да болды. Сол арада құзырлы орган өкілдері алдағы уақытта ықшам ауданда балаларына ойын алаңдары салынатындығын мәлімдеді.  Сонымен қатар, денсаулық сақтау саласының өкілдеріне жаңа туған сәбидің балалар тағамын тегін беру мәселесі бойынша шағымданып келгендер болды. Бұл орайда, оларға тегін тағам бөлудің ережелері мен талаптары түсіндіріліп, алдағы уақытта Олеся Спицынаның сәбиіне де тиісті тағам тегін берілетіндігі жеткізілді. Көкшетау қаласы мен жақын аудандардан келген тұрғындарға пойыз құрамындағы Әділет министрлігі мен облыс орталығындағы атқарушы органдардың өкілдері түрлі мәселелер бойынша ақыл-кеңестерін берді. 

Ырысалды Шамшиева.

 

 

Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының тобы облыс орталығындағы Достық үйінде болып, бірқатар мәдени шараларға қатысты. Осы сапар аясында құрметті меймандармен Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Марал Жақыпова бірге болды.

 Облыс орталығындағы этномәдени бірлестіктерінің басшылары, бұқаралық ақпарат өкілдері мен студент жастардың  қатысуымен өткен дөңгелек үстел барысында егемендік алған жылдары қол жеткізген табыстар тілге тиек етілді.  Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің халықаралық қатынастар кафедрасының профессоры, пойыз жетекшісі Әміржан Әлпейісов сөз сөйлеп, ата-бабадан қалған ұлан-ғайыр Ұлы дала елінің болашағы кемелді, ұлттық құндылықтарынан тәлім-тәрбие алған білімді жастардың қолында екендігін баса айтты. Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты Сауытбек Әбдірахманов сөз сөйлеп, сапардың негізгі мақсатын тарқатып айтты. Делегация мүшелері Достық үйін аралап, осындағы этномәдени бірлестіктердің жұмыстарымен танысып, көрмелерді тамашалады. Бүгінгі таңда өңірде бірлік пен ынтымақты ту еткен ұйымның 100-ден аса белсенділері бар. Сондай-ақ, 45 этнобірлестік  бір мақсат бір мүдде жолында аянбай қызмет етуде. Құрметті меймандар аталмыш ғимаратта орналасқан әртүрлі этностардың арнайы кабинеттеріне кіріп, ондағы атқарылып жатқан жұмыстармен жақынырақ танысты.
Осы күні облысымызға танымал ақын-жазушы Виктор Терещуктің сиясы кеппеген «С чего начинается Родина…» атты жаңа кітабының тұсаукесері болып өтті. Аталмыш мәдени шараға облысымыздың танымал тұлғаларымен қатар этномәдени бірлестіктерінің өкілдері де қатысып, өз пікірлерін ортаға салды. Бұл кітапқа Виктор Терещуктің жылдар бойы көз майын тауысып жинақтаған жүрегінен шыққан жырлары топтастырылған. Ел мен жерге деген шынайы ықыластан туындаған патриоттық жырларын көпшілік жылы қабылдады. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл аталмыш кітапқа сыймай қалған жыр жауһарларын басып шығару үшін қаражат тауып беретінін айта келіп, осындай елді, жерді асқақтататын рухы биік поэзияның өскелең ұрпаққа ауадай қажеттігін атап өтті. Тұсаукесер барысында ақынның жырлары оқылып, жырсүйер қауымды бір серпілтіп тастады.
Мұнан соң Ш.Уәлиханов атындағы мемлекеттік университеті мен А.Мырзахметов атындағы университет студенттерінің қатысуымен «Мәңгілік ел» ұлттық идеясына арналған  дәріс өткізілді. Айта кету керек осы күні қоғамдық келісім кеңесінде қоғамдық  қабылдау болып өтті. Арқаның елі ежелден ән мен жырдың киелі бесігі саналған. Кешегі әнді ерттеп, күйді мінген сал-серілер мекендеген киелі жер ғой бұл. Сол себепті де, осы күні Арқаның, киелі Көкшетаудың ән көгінде асқақтаған әуен, ақық жыр шашу болып шашылмаса сын еді. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Жамбыл Жабаевтың 170 жылдығына арналған облыстық жас ақындар айтысы өткізіліп, рухы биік өрендер атадан қалған жыр байрағын биікке көтерді.

Ұлмекен Шаменова.

 

 

«ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамының өкілі Марат Қобайдаров «Аграрлық несиелік корпорациясы» акционерлік қоғамының Ақмола филиалында осы саланың, шағын және орта бизнестің, ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларымен кездесіп, кейбір өзекті мәселелер жөнінде кеңес берді.

 Кездесуге облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының, «ҚазАгроҚаржы», «ҚазАгроМаркетинг», «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамдарының, өңірлік астық холдингінің және серіктестіктің басшылары қатысты. Акционерлік қоғам өкілі өз сөзінде Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Елбасының тапсырмасымен сапарға шыққан «Тәуелсіз Қазақстан» пойызының жұмысы жөнінде тарқатып айтып өтті. Бүгінгі күнге дейін Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Ақмола облыстарында он аялдама жасаған пойызбен 270 адам сапарға шыққан. Акция аясында жетпістен аса білікті дәрігер, әртүрлі министрліктің және Ұлттық холдингтердің өкілдері теміржол бойындағы қалалар мен елді мекендерге тоқтап, жергілікті тұрғындарға білім, денсаулық сақтау және өзге де салалар бойынша қызмет көрсетіп, заң, бизнес, ауыл шаруашылығы мәселелері жөнінде кеңес беруде. Сондай-ақ, әртүрлі сала өкілдері мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндігімен таныстыруда.
– Өз басым кәсіпкерлердің біздің салаға қатысты мәселелерін тыңдап, тұрғындарға несие алудың жолдарын түсіндіріп жүрмін. Кездесуде тұрғындардың әртүрлі бағдарламалармен таныс екенін аңғардым. Біздің холдингке қарасты акционерлік қоғамдар жергілікті атқарушы органдармен қоян-қолтық жұмыс істейді. Көшпелі кеңес өткізіп, түсіндіру жұмыстарымен айналысады. Бүгінгі таңда барлық мемлекеттік бағдарламалар жұмыс істеуде. Кәсібін жаңа бастаған шағын бизестің өкілдерімен де кездестім. Олар жұмыспен қамту орталығына келіп, кеңес алған. Өтінім бергендер кейін «Бизнестің жол картасы-2020», «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламаларын тиімді пайдаланып, ауылда өз ісін ашуда. Көбі ірі қара, жылқы, қой-ешкі сатып алған. Бизнесін ашам деушілерге ешқандай кедергі жоқ. Ақмола облысының жері құнарлы. Астананың азық-түлік белдеуіне жататын өңірде сапалы өнімге сұраныс та көп, – деді Марат Қобайдаров.
Кездесу барысында облыс орталығындағы «Аитэко Агро» серіктестігінің басшысы Еркін Сұрағанов, Зеренді ауданындағы «Колос» серіктестігінің директоры Әмірхан Мутилиев, Бұланды ауданындағы «Никольский» серіктестігінің директоры Қазақстан Жанәділов өз жобалары, қандай бағдарламаларды пайдаланғандары жөнінде айтып, өз тәжірибелерімен бөлісті. Айналымдағы қаржы, жұмыс күші тәрізді мәселелерді шешудің оңтайлы жолын ұсынды. Серіктестік басшылары жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып, уақытында еңбекақы төлеп отырғандарын тілдеріне тиек етті. Қаржы дағдарысына қарамастан, ауыл шаруашылығының дамуына жол ашып отырған Елбасына алғыстарын білдірді. Өңірлік астық холдингінің басшысы Ербол Тәшенов өз сөзінде елу серіктестіктің басын қосып отырғанын әңгімеледі. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы филиалының директоры Мұратбек Қаражігітов сөз сөйлеп, жұмыс істегеннен бері 8,5 миллиард теңге несие берілгенін атап өтті. Биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 900 миллион теңгенің төрт жүз шағын несиесі беріліпті. «Бизнестің жол картасы» шеңберінде 13 миллион теңге қарастырылған. Несиелік қаржы ауыл шаруашылығын дамытуға арналған «Игілік», «Береке», «Бірлік», «Ынтымақ», «Ырыс», «Кәсіпкер», «Егінжай», «Жылыжай» бағдарламалары бойынша беріледі. Филиал директоры 6 пайызбен несие берудің тәртібі жөнінде де түсініктеме берді. «Игілік» бағдарламасы бойынша қаз, үйрек және құс жемін сатып алуға болады. Акционерлік қоғам өкілі «Аитэко Агро» серіктестігінің директоры Еркін Сұрағановтың қала шеңберінде дүкен салу үшін жер телімін алу жөніндегі мәселесін шешуге көмектесті. «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамына «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» Ұлттық компаниясы», «ҚазАгроҚаржы», «Аграрлық несиелік корпорациясы», «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамдары тәрізді жеті еншілес компания кіреді.
–Бүгінгі таңда облыс әкімдігі мен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы сияқты жергілікті атқарушы органдар мен аталмыш акционерлік қоғамның еншілес компаниялары ауыл шаруашылығын дамыту үшін қоян-қолтық жұмыс істеуде. Осы орайда, селолық округ әкімдері де оқытылды, – деді Марат Қобайдаров.

Рамазан Тілеуов

 

 

Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің   еңбек және халықты әлуметтік қорғау  комитетінің сарапшысы   Әмина Юсупова мен  комитет маманы  Әлия Тұранова   қоғамдық қабылдау өткізді.

 Аталмыш қабылдаудың мақсаты – халықтың ұсыныс тілектерін  тыңдау. Қабылдауға келген адамдардың көпшілігі  2018 жылдан бастап зейнетақы қалай есептелетіні, жұмыс өтілі жөнінде сұрақ қойып, атажұртқа келген ағайындарымыздың талап тілегі тыңдалды. Мәселен, шара барысында  журналист Дахан Шөкшір оралмандар мәселесі  жөнінде қалам тербеп жүргенін айта келіп,  оларға әлеуметтік көмек көрсету мәселесін көтерді. Сондай-ақ,  журналистің айтуы бойынша егемендік алғалы елімізге бір миллион қазақ келсе,  бес миллионы әлі де шекараның арғы жағында екен. Жат жерде жүрген қандастарымыздың тарихи Отанына оралуының оңтайлы жолдарын қарастыру туралы ұсынысын білдірді. Ал, қойылған сауалға жауап ретінде Әлия Ергенқызы   алдыңғы  жылмен салыстырғанда ағайындарымыздың тарихи Отанына  оралуы биылғы жылы  үш есе өскендігін тілге тиек етті.
Жалпы қабылдау барысында қандастарымызға көп ретте құжаттарын рәсімдеу қиын екендігі де айтылды. Осыған орай, Жүрсін Қабділдә  мамандарға    оралмандар ісімен айналысатын жергілікті көші қон  полициясының  жұмыс істеу сапасын жақсарту үшін ел тілегін жеткізетін арнайы  жәшік орнату керектігі туралы мәселе көтерді.        Бұдан соң Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің сарапшылары Көкшетау қаласында орналасқан  мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Аялау» орталығына барып, мекеменің  тыныс-тіршілігімен танысты.

Назгүл Рабилова.

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар