Алдымен заңды нақтылау керек

«Ақмола облысының азаматтық альянсы» қауымдастығы» заңды тұлғаларының бірлестігі Қоғамдық кеңестердің жұмысын жетілдіру мәселелері бойынша семинар өткізді.

Семинар Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы мен Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің «Қоғамдық кеңестердің жұмысын үйлестіру жөніндегі ақпараттық-талдау және әдістемелік орталықтардың жұмыстарын ұйымдастыру» мемлекеттік гранты аясында өтті.  Бағдарлама негізінде семинардың бірінші кезеңінде қоғамдық кеңестердің жұмыстарының қағидаттары, қоғамдық мониторинг пен сараптаманың айырмашылығы сияқты мәселелер қарастырылды. «Үміт сәулесі» адам құқықтарын қорғау және туберкулезбен күресу қоғамдық қорының директоры Любовь Рубежанская жүргізген семинарға облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айна Мысырәлімова, облыстық мәслихат аппараты басшысының орынбасары Дулат Жұрынбаев, Ақмола облысының азаматтық альянсының төрайымы Ирина Терентьева, Қоғамдық кеңестердің мүшелері мен үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері қатысып, ой-пікірлерін ортаға салды.
Қазіргі заманғы Қазақстанның дамуында мемлекеттік реформаларды жүзеге асыруға үкіметтік емес ұйымдардың тәжірибесі мен әлеуеті, белсенді азаматтық ұстанымы қоғамдық сараптамаларды өткізуге және халықты маңызды шешімдер қабылдау үдерісіне тартуға айтарлықтай үлесін қоса алады. Семинарда Қоғамдық кеңестің функциялары, өкілеттіліктері, жұмыс үдерістері мен кеңес мүшелерінің арасында үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері болуы қажеттігі айтылды. Любовь Рубежанская облыстағы туберкулезбен ауыратын адамдардың мәселелеріне тоқталып, орын алған келеңсіздіктер Қоғамдық кеңестердің отырысында қаралып, бүгінде өз нәтижесін бергендігін айтып өтті. Қоғамдық кеңестер әлі де болса, заң бойынша өздерінің негізгі қызметтерін нақтылап алғаннан кейін, барлық бағытта білек сыбана жұмыс істеулері қажет. Бүгінде республиканың әр аймағында жете талқыланып жатқан жоғарыда аталған тақырып аясында кеңес мүшелері өздерінің ұсыныстарын жеткізулері керек. Ол кейін министрлікке жолданатын болады.  Семинар барысында Қоғамдық кеңестің құрылғанына он айдан астам уақыт өтсе де, жұмысын жетілдіру қажет болып отырған кеңес қызметіне белгілі бір бағдардың қажеттігін және сараптама жүргізетін білікті кәсіби мамандардың зәрулігіне назар аударды.
«100 нақты қадам»  Ұлт жоспарының 31 қадамында «Қоғамдық кеңестердің мәртебесі мен өкілеттігі заңды түрде бекітілетін болады» деп атап көрсетілген. Соның негізінде өткен жылдың қараша
айында «Қоғамдық кеңестер туралы» жаңа заң қабылданған болатын. Заңда белгіленгендей, Қоғамдық кеңестер түрлі мәселелерге қатысты қоғамның пікірін біліп, билік органдарына жеткізеді және өз кезегінде билік органдары ондай ұсынымдарды қарауға міндеттеледі. Себебі, Қоғамдық кеңестердің шешімдері ұсынымдық сипатта болады әрі олар міндетті түрде қаралуға тиісті. Сонымен қатар, азаматтық қоғамның мүддесін білдіру және мемлекеттік шешімдерді жергілікті маңызы бар мәселелерді талқылау әрі қабылдау кезінде жұртшылықтың пікірін ескеру, жергілікті атқарушы органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының азаматтық қоғаммен өзара іс-қимыл жасауын дамыту, қоғамдық бақылауды ұйымдастыру Қоғамдық кеңестердің негізгі қызметі болып саналады. Семинар барысында қоғамдық мониторинг және қоғамдық сараптама деген ұғымдар да түсіндіріліп, олардың іске асырылуы туралы айтылды.
Алдағы уақытта республикадағы барлық Қоғамдық кеңестердің қызметі мен атқарып жатқан жұмыстарын халыққа насихаттап отыратын арнайы сайт ашылып, онда әр облыстағы Қоғамдық кеңестің жеке парақшалары болады деп күтілуде.
 Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар