Қазақты ойландырған соғым…

Арқа қазақтары қазысын жарқыратып, туырылып түскен бұйра-бұйра қартасын ақтарып, қараша мен желтоқсанда жемге байлаған соғымдарын жыға бастады. Ел ішіндегі әңгіменің дені де осы соғым жайында.

Пәленшенікі екі елі, түгеншенікі үш елі, сере шығыпты деген мақтан аралас ақпарат желтоқсанның желіндей ызғытып тұр. Қырық күнгі еңбегі жанып сере қазы байлаған соғымының қызуымен шапанының өңірін ашып тастап алшаң басып жүргендер аз емес. «Жемесе де май жақсы» деген осы-ау. Үстемдеу сөйлеп, үстемелеп айтқызып тұрған да жаңағы туырылып түскен сере қазының қызуы.  Ал, жалпы табындағы жылқы қоңы оншалықты емес, жаңа ғана күй жинап келеді. Оның ең басты себебі, биылғы жылы егін орағының кеш аяқталуы немесе тіпті, орылмай қалуы. Ауылдың бұзау оттайтын іргесіне дейін тіреп, егін еккен ірі фирмалар күздің қара жаңбырында амалсыздан қолдары байланып, егіндерін жинап ала алмағаннан кейін қайран астықтың мал аяғының астында қалып, ысырап болмауын ойлап, күзетші қойған. Күзетшісі өз алдына, жылқышыларға жылқыны жаздағыдай қамап бағу қадап тапсырылған. Күні бойы қабағы бір ашылмайтын жылауық күзде ат үстінде жүріп жылқы бағуға қай жылқышы құмартып тұр дейсің, ебепке себеп табылып, олар да жылқыны қамап тастап, шәнжиіп, құрықтарын қабырғаға сүйеп үйлерінде жатып алған. Ал, жылқы жарықтық қара суық, қалың нөсердің астында дірдектеп шарбақта қамаулы тұрды. Тілерсектен саз. Тілін тістеп, аш тұрған мал қайың сырғауылдың да қабығын кеміріп жегенге ұқсайды. Әлде талғажау, әлде ащылағаны белгісіз, әйтеуір, осындай көрініс көп. Оның үстіне әлді айғырлар мен мама биелер шарбақтың ішіндегі тай-жабағыны теуіп мертіктірген. Шамасы, олардың да жүйкелері жұқарған болуы керек.
Кеш босатылғаннан кейін жаңа ғана құйысқандары бекіп, жалдары көтеріле бастады. Оның өзінде де астығы алынбай қалған кей алқаптар әлі де күзетілуде. Жауын-шашынның ересен молдығынан еңбегі еш, тұзы сор болған диқан қауым ерте көктемде егер масақ басында дән қалса, соғып аламыз деп жіңішкерсе де үзілмеген үмітпен отыр. Ауылдың қу тілді, кері сөйлейтіндері «комбайны тауық болып кетпесе, қайдан жинасын» деп әжуалайды. Диқанның шығыны шаш-етектен. Малсақ қауымға да оңай емес. Масақ басындағы қатқан мұзды бидай, арпамен қосып қаузаған желіндеген бие құлын тастамақ. Мал жайын білетіндердің айтуынша, қара суыққа ұрынып, қатып тұрған бидай мұзбен араласып ішке түскен соң ісінеді, қызады. Содан соң мал иесінің үміті кесіліп, шала туған құлын қарсақ пен түлкіге жем болмақ.
Биыл соғым бағасы әр өңірде әр түрлі. Біріншіден, малдың бітіміне, тұрқына, қоңдылығына байланысты. Осы арада бұрын да бірер мәрте сөз етсек те, тағы бір екпін түсіріп айта кететін дүние жылқы тұқымының азуы. Кешегі кеңшар, ұжымшардың кезіндегідей, қоғам есебінен құтпан айғырды үйірге салу, оларды жыл аралатып ауыстырып отыру ұмытылған. Ортақ шаруаның жайын опынып айтуы көп болғанмен, бірлігі кем, берекесі аз ауылдағы ағайын ортадан қаржы жинап, тұқымы тәуір айғыр сатып ала қоймайды. Жалғыз жылқы ғана емес, қара малдың да, қой-ешкінің де ахуалы осындай. Жеке адамға азынатып бір үйге бір айғыр ұстау тиімсіз. Одан да жыл сайын нашар да болса, төл беретін бие ұстаған дұрыс. Бірақ, қазір Айыртау, Арықбалық өңіріндегі бесті құнанға, құнан тайға, тай жабағыға ұқсап қалған. Осы өңірде табыннан семіртілмеген тайлардың пышақ көтермейтінін малдану үшін 130-140 мың теңгеге алуға әбден болады. Ал, шынашақ қазы шығатындары 160-170 мың теңге шамасында.
 – Жалғызтаудың етегін жайлаған елде семіртілген тайлар шамамен 220-240 мың теңге, ал, семіртілмеген, бірақ, бармақ қазысы бар тайлар 180 мың теңгеге сатылуда,–дейді Құмтөккен ауылының тұрғыны Абзал Байзулин,–ал, кебеже қарын ту бие, белді, жаялы бестілер 350-380 мың теңгенің шамасында.
Негізі, қалаға жақын ауылдар малдарын бұлдап сатады. Ал, шалғайдағы шағын ауылдардың дәл мұндай мүмкіндігі жоқ. Өйткені, желтоқсанның басында тілерсектен қар жауып, қиырдағы ауылдардың арасындағы жол қатынасы үзіліп қалды. Аршып, тазалап та жатыр. Әйткенмен, сәл жел көтерілсе болды, алақаншық, жаяу борасын, сырғыма жүріп қазылған орды шырпы тұтатып болғанша кептеп, бітеп тастайды.  Соғым іздеп, бейнет шегіп шалғайда жатқан малсақ қауымға кім бара қойсын. Осыдан әлденеше жыл бұрын шалғайдағы Көксеңгір, Қызылтуда жыл он екі ай бойы жілігі татымды, жалы жығылмаған жылқы малы арзан болатын. Жасқайрат ауылының тумасы Әлібек Шәріповтың айтуына қарағанда, бұл өңірде де мал бағасы өскен. Оған астаналық алармандар себепші болып отыр. Әдетте, еттің дәмі жеген шөбіне, ішкен суына байланысты. Көксеңгірдің кең жазира даласында өскен он сан шөптің шүйгінін таңдап жеп, Сілетінің мөлдір суын ішкен соғым еті шүйгін. Сондықтан да, қалталы аларманның құты осы өңірге түсіп тұр.
Көкшетау қаласының іргесіндегі Қызылсая, Елтай, Дөңгілағаш маңында семіртілмеген табыннан сатылатын тайдың құны 200-220, жемге байланғаны – 240-250 мың теңге шамасында,–дейді Қызылсая ауылының тұрғыны Ербол Әлиев,–ал, семіз биелер – 370-380 мың теңге. Негізінде, сатушы мен алушының келісіміне орай ғой.
Көксеңгірмен қанаттас жатқан Жөкейдің бойында семіртілмеген тай 170, семіртілгені – 210, құнан-байталдар 320-340 мың теңге шамасында. Егер ірі жылқыны табыннан ұстап жұмсасаңыз, 280-290 мыңға да алуға болады. Бұл жөнінде Аңғал батыр ауылының тұрғыны Талғат Қазиев айтып отыр. Жылқы бағасының сәл де болса түсуіне Ресейдегі ақшаның құнсыздануы да себепші. Қолы жеткендер Омбы, Түмен өңірінен арзан жылқыны мал базарына тоғытуда. Мұның елдегі мал баққан адамдарға аз да болса кесірі бар. Өйткені, қолдарындағы бірді-екілі жылқысын өтімді бағамен сата алмай, азабын көрген, бейнетін кешкен ел ақтылы малын арзанға беруге мәжбүр.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар