«Тәуелсіз Қазақстан» пойызы – Есілде

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған акция аясында республика аумағын аралауға шыққан «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы 14 қарашада Есіл қаласына келіп тоқтады. Пойыз құрамындағы делегаттарды аудан әкімі Аманбек Қалжанов бастаған мемлекеттік құрылымдардың басшылары, аудандағы жастар ұйымдарының көшбасшылары мен белсенділері салтанатпен қарсы алды.

Вокзал алаңында өткен митингте аудан басшысы Есіл қаласына ат басын тіреген делегаттарға халық игілігі үшін атқарып жатқан жұмыстары үшін алғыс білдіріп, игі тілектерін жеткізді және ауданның жетістіктері жайында айтып берді. Бұдан соң, «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы штабының жетекшісі Әміржан Әлпейісов қарашаның бірінде Астана қаласының теміржол сапаржайынан аттанған
пойыз 43 күнде еліміздің 35 елді мекенін аралап, Тәуелсіздік күні қарсаңында, желтоқсанның 14-і күні өз жұмысын аяқтайтындығын, осы аралықта тоқтаған стансаларда халыққа түрлі сала бойынша қызметтер көрсетіліп, ондағы хал-ахуалмен танысатындығын және ол есеп түрінде жоғары жаққа жеткізілетіндігін айтып, аудан тұрғындарына деген жылы лебізін білдірді.
Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген жетістіктерін насихаттап, халыққа медициналық қызмет көрсету, құқықтық, әлеуметтік кеңестер беріп, кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығы саласындағы субъектілерді қолдау мақсатында ұйымдастырылған акцияға Парламент депутаттары мен Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, түрлі салалардың мамандары қатысуда.
«Тәуелсіз Қазақстан» пойызы
құрамындағы Қазақстан Респуб-ликасының Парламенті депутаттары жеті министрлік пен үш ұлттық компанияның өкілдері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері күні бойы халыққа медициналық, әлеуметтік, ауыл шаруашылығы, құқықтық және өзге де бағытта кәсіби ақыл-кеңестерін берді.  
Салтанатты қарсы алу шарасынан кейін делегаттар топ-топқа бөлініп, әрқайсысы өз саласы бо-
йынша тұрғындарға қызмет көрсетті. Аудандық емханада ересектер мен балаларға 21 дәрігер медициналық қызмет көрсетіп, бір күн ішінде 400-дей адамды қабылдап, тексерістен өткізді.  
«Нұр Отан» партиясының белсенділері аудан тұрғындарын қабылдады. Сонымен бірге, аудан әкімі Аманбек Қалжанов та қабылдау жүргізді. Қоғамдық қабылдауға 8 адам келіп, өтініш-арыздарын білдірді. Олардың басым бөлігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мәселелері бойынша арызданды. Келушілердің бәріне тиісті түсініктемелер беріліп, екі мәселе сол жерде шешімін тапты. Әлеуметтік мәселелер бойынша Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің мамандары жауап берді. Оларға 16 адам өтініш білдірсе, сауалдарының басым көпшілігі зейнетақы және жәрдемақы мәселелеріне қатысты болды. Сондай-ақ, алты адамға заң тұрғысынан консультациялық кеңестер берілді. Ауыл шаруашылығын дамыту, бизнес өкілдері мен тұтынушылардың  құқықтарын қорғау мәселелері бо-йынша елуден астам адамға құқықтық кеңестер берілді. Тұрғындар көбіне ауыл шаруашылығын субсидиялау және қаржыландыру, азаматтық-құқықтық актілерді реттеу, «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында несие алу талаптары туралы мәселелермен келген екен.  
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің өкілдері есілдік  педагогтармен және түлектерімен кездесіп, білім саласының кейбір өзекті мәселелері жөнінде еркін әңгіме өрбітті. Сонымен қатар, олар Есіл қаласындағы №7 агротехникалық колледжінің оқытушыларымен және оқушыларымен кездесу өткізіп, колледждің материалдық-техникалық базасымен, оқу зертханаларымен, жатақхана жағдайымен танысты. Бұдан әрі түсіндірме жұмыстары «Болашақ» балабақшасында жалғасын тапты.  
Жасөспірімдердің шығармашылық үйінде Қазақстан халқы Ассамблея-сы кеңесінің өкілдері ауылдық мекендердің қоғамдық кеңестерінің мүшелерімен кездесті. Осыдан кейін олар аудандық орталық кітапханасында болып, кітапханаға кітап сыйлады. Есіл қаласындағы балалар үйіне барған делегаттар онда тәрбиеленушілер дайындаған көрмені тамашалап, балалардың демалатын орнын аралап көрді. Кездесу соңында балалар қонақтарға ән мен жырдан шашу шашып, өнерлерін ортаға салды. Қоғам қайраткері Арыстан Жұмағали балалар үйінің ең кіші тәрбиеленушісі Александр Фелихинге «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» шотқа салу үшін 15000 теңге көлемінде ақшалай сыйлық жасады. Сондай-ақ, делегаттар балалар үйінің тәрбиеленушілеріне спорттық құрал-жабдықтар, кітапханасына кітаптар мен суреттер табыс етті. Балалар оларға алғыс ретінде өз қолдарымен жасаған бұйымдарды сыйға тартты.
Ауданда бағдарланған іс-шаралар барысында республикалық акцияға қатысушылар «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалының есептік-сайлау конференциясына қатысты. Онда
аудан басшысы, аудандық филиалдың төрағасы А.Қалжанов атқарылған жұмыстар туралы есеп берді. Жоспарлы бағдарлама соңында делегаттар аудандық мәдениет үйінде мерекелік концертті көріп тамашалады.  
 «Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар