Таудай биік тұлға еді

Иә, ол сондай азамат болатын. Сондай болып өтті бұл өмірден. Ол туралы естелік айту, өткен шақпен сөйлеу әрине, қиын да ауыр. Алайда, айтпауға да болмайды. Ол университетте бес жыл бірге оқып, алғашқы еңбек жолымызды бірге бастаған, отыз жылдан астам уақыт бойы бір жерде қоян-қолтық жұмыс жасаған жолдас-досымыз Мәди Хасенов болатын.

 

Кейде, тіпті, күтсең өтпейтін, асықсаң жетпейтін уақыт шіркін бұл жолы өте тез өтіп кеткен тәрізді. Оны кешегі жас күніміз бірге өткен Мәдиіміздің бүгінде сексенге келіп қалғандығы жайлы хабарды естігенде тағы бір сезіндім.
Бізді Мәдимен табыстырған Алматы қаласы болатын. 1956 жылы орта мектепті бітірген бір топ жас-тар қазақтың С.Киров атындағы (қазіргі әл-Фараби атындағы) мемлекеттік университетінің филология факультеті журналистика бөліміне оқуға түстік. Топта жиырма бес бала, оның бесеуі қыздар болдық. Университетті бітіргеннен кейін 1961 жылы әрқайсымыз Қазақстанның әр қаласына жолдамамен қызметке кете бастадық. Бізге Мәди, Жұмамұрат Тұяқбаев, біз Октябрь екеуіміз (соңғы курста қосылып, отбасын құрған болатынбыз) Орталық партия комитетінің жолдамасымен Целиноград қаласына, ондағы «Тың өлкесі» газетіне келу бұйырды. Газеттің сол кездегі бас редакторы Уәра Нұрсейітов ағамыз бізді өте жақсы қарсы алды. Әсіресе, бізге, ерлі-зайыпты журналистерге асқан қамқорлық көрсетті. Өйткені, ол жылдары журналист қыздар өте аз болатын, ал, мына редакцияда мүлде жоқ.  Менің алдымда Әлима Сақтағанова деген апай жасы келіп, зейнеткерлікке шығып кеткен екен. Сонымен, біздің журналистік алғашқы қадамымыз осылай басталған еді. Алғашқыда әдеби қызметкер болып орналасқан еңбек жолымыз біртіндеп бөлім меңгерушілігіне дейін көтерілдік. Мәди мәдениет, Жұмамұрат ауыл шаруашылығы, Октябрь партия тұрмысы, мен совет, кейіннен еңбекші хаттары және бұқаралық жұмыс бөлімдеріне басшылық жасадық.
Редакцияда жастар өте көп болды. Өлкенің құрылуына байланысты басқа облыстардағы газеттер жаппай жабылып ондағы біраз журналистер біздің «Тың өлкесі» газетіне келе бастады. Олардың ішінде Нұрғожа Оразов, Сабыр Сауытбаев, Бақыт Мұстафин, Жанайдар Мусин, Мұхаметжан Дәуренбеков, Жарасбай Нұрқанов және басқа да көптеген дарынды қаламгерлер болды. Газеттегі аға буын журналистер Зейнолла Әйтімов, Әмір Нүркішев, Рамазан Ахметов, Шәмшиден Дәуітов, Сұлтан Мәуленов тәрізді ұстаздардан үйрене, тәлім-тәрбие ала жүріп өлкелік газетті халықтың сүйіп оқитын шын жанашыр құралына айналдырдық. Сөйтіп, әркім өзіне тапсырылған саласы бойынша еңбек етіп, қаламымыз ұштала түсті. Жастар жүрген жер қашан да көңілді болатыны белгілі. Қандай да бір қызық-қуанышымызды бөлісу, ойын-сауық кештеріне бару, көркемөнерпаздар үйірмесін құру тәрізді жұмыстар бірге жүріп жатты. Редакцияның қоғамдық жұмыстарына да белсене араластық. Атап айтқанда, комсомол, кәсіподақ, партия ұйымдарының жұмыстары, әйелдер ісі жөніндегі мәселелер де осы жастарға жүктелді. Осылардың ішінде Мәдидің шоқтығы үнемі биік тұратын.  Қалада Мәди салиқалы тілегін айтып, оның ақ батасымен қосылған жастардың үйлену тойлары аз болды дей алмас едім. Сөз шеберлігімен қоса әдемі қоңыр дауысымен салған әндері әлі күнге құлағымызда. Ақан серінің, Үкілі Ыбырайдың, жалпы халық әндерін құдды бір кәсіпқой әншілердей шырқайтын. Ол өзінің жазған мақалаларымен ғана емес, жалпы жүріс-тұрысымен, салмақты мінезімен, сөйлеген сөздерімен де ерекшеленіп тұратын. Ұжымда өтетін қандай да бір жиындарда айтқан сөзі салмақты, пікірі мірдің оғындай  өткір де дөп тиіп, қаралып отырған мәселенің дұрыс та әділ шешілуіне бірден-бір себепкер болатын. Мен де әлде қалай реніш, өкпе-назымды соған айтып, пікірлесуші едім. Уақыт өте келе әркім тек жазу-сызумен ғана айналысып қоймай, басқа да қырынан таныла бастады. Мәселен, Жұмамұрат жауапты хатшы, Октябрь партия ұйымының хатшысы болып, яғни, ұйымдастырушылық, басшылық жағына жақындау болса, Мәди жазушылыққа қарай бет бұрды. Бұған оның кейіннен шыққан «Тұлпардың дүбірі», «Қайсар» атты повестері, «Нартәуекел» романы, «Берлинді алған батырлар», «Тың тарландары» деген очерк, әңгімелері куә болса керек.
Жылдар жылжып өткен сайын жігіттер де есейіп, қызметте одан әрі жоғарылай бастады. Атап айтсам, Жұмамұрат өзінің туып-өскен жері – Оңтүстік Қазақстанға, облыстық газет редакторының орынбасарлығына өсіп кетсе, Октябрь осы өзіміздің «Арқа ажарына» бас редакторлыққа тағайындалды. Оның алдында Сафаржан Хайдаров, Әнуар Ипмағамбетов, Ибрагим Қапаров, Әмір Нүркішев сынды майталман редакторлардан кейін өзіне жүктелген жауапты міндетті он алты жыл мінсіз атқаруға тырысты, атқарды да деп есептеймін. Ол кезде күндегі дәстүр бойынша редакцияда таңертеңгілік лездеме өтетін. Онда кешегі шыққан газет нөмірі жайлы, ондағы материалдар туралы пікір алысады, келесі күнгі шығатын газеттің мәселесі талқыланады, еңбекшілерден келген хаттар төңірегінде сөз болады. Сол кезде Октябрь тұрып: «Рахия Нысанқызы, редакцияға келіп түскен әр хаттың тағдырына сіз жауаптысыз, қай бөлімде қанша хат жатыр, мерзімі өткен хаттарды неге бақылауға алмайсыз?», – деп мәселені хат бөлімінен бас-
тайтын. Мұны тыңдап отырған Мәди лездеме біткеннен кейін Октябрьге келіп: «Әй антұрған, сен не, кешке үйге бармайсың ба? Шәй ішпейсің бе? Неге Рахияға сонша шүйлігесің?» – деп әзілдесіп отыратын.
Біз отбасымызбен де өте тығыз араласып тұрдық. Алматыдан үйленбей келген Мәди редакцияда Рамазан ағамыздың балдызы Раушанмен көңілдері жарасып, өз қолымызбен үйлендірдік. Ол да университетте сырттай оқыған журналист болатын, бірге істедік. Одан Сапар, Алмас, Шынар, Айнаш атты төрт бала сүйді. Өкінішке орай, Раушан құрбымның өмірі қысқа болды. Бір баласының да қызығын көре алмай дүниеден өтті. Қазіргі жары Ақлимаға қосылуына да біз себепкер болған едік. «Орнында бар оңалар» дегендей, бүгінде сол ұрпақтары (Сапары ертерек қайтыс болған) Хасеновтер әулетінің шаңырағын шайқалтпай қанат жайып келеді. Кенже ұлы Қайсары сол қара шаңырақта анасына немерелер сүйгізіп, Мәди көрмей кеткен қызыққа кенелтіп отырғанына қуанамыз.
Мәди туралы осы естелікті жаза отырып, өзіміз туралы да айтып кетсем артық болмас деймін. Өйткені, «түзде де бірге, үйде де бірге» дегендей, 31 жыл бойы жұбымыз жазылмай бірге жүріп, бірге тұрғаннан кейін осылай айтылуы заңды да деп есептеймін. Зейнеткерлікке де шыға алмай кетті. Ең өкініштісі, балаларының өсіп-өнгенін көре алмай, ең болмаса бір немересінің маңдайынан иіскей де алмағандығы болды.  
Жалпы достардың екі түрі болады дейді ғой, амал дос, адал дос. Ал, Октябрь досқа адал, жолдасқа берік, ағайынға сыйлы болды. Бұл қасиетін ол Мәдиге, оның отбасына деген риясыз қызметімен дәлелдей білді. Мәди баласының үлкені Алмастың сүйген қызы Айгүлдің ата-анасының алдынан өтуге ғана барып үлгерді, бірақ тойын жасап бере алмады. Ал, Октябрьдің досқа адалдығы сол – Мәдидің артында қалған ұлдары мен қыздарының барлық тойларын ұйымдастыру, өткізу жұмыстарын тікелей өз қолына алып, бәрін орналастырғаны көпке аян. Тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатуға да басты себепкер өзі болған. Енді бүгінде екеуі де бұл өмірде жоқ. Жатқан жерлері жайлы, имандары жолдас болғай.
Рахия ӘЛІБЕКОВА,
ардагер журналист.
Астана.  

Суретте: жазушы Мәди Хасеновтың (ортада) 50 жылдық мерейтойында «Арқа ажары» газетінің редакциясы. 1986 жыл.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар