Арқаның дарабозы

Қашан көрсең  де салиқалы   сабыр иесі  Мәди Хасенов ағамызды  1972   жылы   ұстазым  Нөгербек Мағзұмовтың  кабинетінде  көргенмін.  Бұған  дейін сол  жылдардағы облыстық  «Коммунизм  нұры»   газетінен  көлемді-көлемді мақалаларын  оқып тұратынмын.  Бастығым   Нөгербек  те  Көкшенің жігіті, Мәдимен  жерлес деп естігем.

– Смағұл, мына ағаңмен ертең  жол  жүресің. Мына іргедегі Астрахан ауданына   барып, қайту керек, – деді  Нөкең. Күн жаз.   Мезгілдің  тамыз  айына ауыса  бастаған  кезі. Ел егінді  жинап  болып, ұлан  дала  сары алтындай  сабан  шөмелелеріне толған. Облыстық  газеттің  суретшісі  Виктор  Жармағамбетов  те  Целиноградтан  ере  шыққан. Ұзақ  жолдың  үстіндегі  үлкендердің  қысыр  әңгімесіне  онша  көңіл бөлмей   күзге ауыса  бастаған  дала  суреттеріне  қарап  келем. Сол  жылдардағы облыстық  радионың  Нөкеңе  бекітілген  кенеп  шатырлы  жүрдек  «Газ-69»  автомашинасының  тізгінінде  Серік  деген  бауырымыз отыр. Араға  шамалы ғана  сағаттар салып, Мәди ағамыздың  1971   жылы  қайтыс  болған  аяулы  жары  Раушанның жерленген   қорымына келдік. Ел адамдары  да Раушанның  басын көтеруге керекті  құрылыс материалдарын  әзірлеп, дайын отыр екен.
– Тіршілік  деген  осы, бауырым! Асыл  жеңгең  Раушан  төрт баламен мені артына тастап, келместің кемесіне мініп кете барды. Бүгін мына іргедегі ауылдағы ағайынның  үйінде  жылын беріп,  басын көтерген соң, Целиноградқа қайтамыз. Сонау жайылған  дастарханнан  дәм тата бер, айналайын, – деді Мәди ағам  жұртқа қолқабыс етіп  жүрген маған  таяп келіп. Сондағысы   қарным ашып қалды ма деген  ойы  болар. Жақсы ағаның  сөздеріне ішім  жылып  сала берді.
– Әй, Мәди, басың  жас, әлі  35-те ғанасың. Қайғыра берме, өмір жолыңда   бір асыл  жар  кездесер, – деді жазушының қапаланған  көңілін  баспақ болған  құрдасы, әрі  әріптесі  Виктор  Жармағамбетов.
– Әй  ит-ай!   Менің  жүрегімдегі қапаны сен түсіне аларсың  ба? Раушанымдай  асыл  жар енді кездесер  дейсің  бе? – деді, қаламгер одан  әрі   мұңайып. Кейіннен   Мәкеңнің  үлкен ұлы  өз гаражында  машина  түтініне уланып  өмірден өтті.  Мәкең  үшін  бұл қаза да аса ауыр соққы болғаны есімде.
– Әй, өмір-ай, маған  тағы  да  сынағын  жіберді-ау, – деген  Мәкең маған  сол жолы. Араға уақыттар салып   Мәкеңнің  кенже  қызы бес жасар  Шынар  да кенеттен  дүние салғаны  есімде. Шыңға  біткен шынардай  маған мықты  көрінетін ағамыз ол  жолы  да  қатты күйзелген. Үнемі таза, сәнді киініп  жүретін Мәди ағамыздың асқан сабырлылығы мен   мәдениетіне  қызығатынбыз. Әдетте,  бірдеңені айтпас  бұрын, нәштеп тұрып  «Та-а-ак»  деп орысшалап алатын ағамыздың тұнған  салмақ пен салиқалы ойларға өрілген  сөздерін  қызыға  тыңдаушы едім. Мінезіндегі  бұл маңғаздықтың артында  өз  кәсібіне деген,  журналистік-жазушылық мамандығына деген  ерекше сенімділік пен  кәсіби  зор  біліктілігі  жататын іргетас  болып. Ол  жылдары  облыстық  газетте  Тұрсынбек Тасқожин,  Мәлік  Нүрпейісов, Шәмшиден  Дәуітов, Әмір  Нүркішев, Әнуар Ипмағамбетов секілді  жазу ісінің небір жампоздары істейтін. Күнде дерлік  облыстық  газетіміз  «Коммунизм нұрын» алдымызға жайып  салып  құмарта оқитынбыз. Оқи отыра  жазу ісіне  жаттығатынбыз. 1970   жылдары менімен  қазақтың   тамаша  лирик ақыны  Төлеген  Қажыбаев  бір кабинетте отырды.  Төкең  сол  жылдары Мәди Хасеновты  ерекше айтып  отыратын. Содан ба екен,  Мәди ағамыздың   әр сөзіне  ынта салып,  жадыма түйе  беруге  бейіл едім.
– Мәди  Хасенов  шығармашылығының арқауында үлкен тиянақ пен  зор талант жатыр. Біздің  Көкше  жерінің   кемел дарындарының  бірі. Бәріміз  де  жазу ісін  осы   ақылман  ағамыздан  үйренсек, –  дейтін   ақын Төлеген  Қажыбаев ағамыз.
Өзінің  тым қысқа  ғұмырының  35  жылын   шығармашылық  іске арнаған  ағамыз  мына шулы  өмірден  небары  56  жасында өткені  қандай  өкінішті. Денсаулығы туралы  тіс жарып  ешкімге айта бермейтін ағамыздың   өмірден  тым ерте өтуіне ішкі ағзасының  асқынған  кеселі себеп болғанын артынан естідім. Алланың ісіне не шара. Жазу ісінің айтулы  жампозы  Мәди  Хасеновтың  «Алғашқы ән»,  «Тұлпардың  дүбірі»,  «Қайсар»,  «Нартәуекел»  секілді кітаптарын  оқығанмын. Оның бір деректі кітабының атын  менің  жан досым, осы күнгі Мемлекеттік   сыйлықтың  иегері, талантты  жазушы  Алдан Смайылдың    «Берлинді алған батырлар»   деп қойғанын  да  білемін. Жазушының  атақты «Нартәуекел» романы   ағамыздың  осынау күрделі  жанрға  тұңғыш қалам сілтеуі  еді. Роман кейіпкері кеңшар директоры Мағжанның  образынан сол жылдардағы   әкімшіл-әміршіл  жүйемен   күресе  білген  қазақ басшысының  образы  көркем  де шыншыл бейнеленгенін   байқағанбыз.  Мәди ағамыздың   кеңестік цензурадан  қаймықпай  жазған  ол романы  да   қаламгердің  қайсар мінезі мен ұлттық  рухын  көрсеткен.  Роман кейіпкері  кеңшардың бас мал маманы  Қапез Қалтаевтың   образынан сол жылдардағы  жалтақ, жағымпаз  басшыларды көргенбіз. Жазушының  «Тайталас»  повесінде  пәлсәпалық терең ойлар тербеліп,  жастар тәрбиесіне  ұлттық  дәстүрлерді  жұмылдыру қажеттігі туралы   батыл ойлар  өрілген еді.  Арқаның  айтулы қаламгері Мәди Хасеновтың  шығармашылығынан  Нобельдік сыйлықтың  лауреаты, атақты орыс жазушысы  Иван  Буниннің   шеберлік мектебі сезіліп тұрушы еді.  Мәди ағамыз да  ұлы Бунин сынды  өмір тауқыметтерін көп тартқан  жазушы еді. Ол жайында  жоғарыда айттық.  Қазақ  әдебиетінде өзіндік  үлкен орны бар ақмолалық  жазушы,  көрікті Көкшенің  дарынды перзенті Мәди Хасеновтың  аты ұмытылмауы керек. Астанадағы  Мәди ағамыз тұрған  үйді ол кісінің  мұражайына айналдырса  артық етпес еді.  Бұған артында қалған   ұлағатты ұрпақтары мен  бүгінгі билік  иелері не айтар екен? Зеренді ауданындағы Қошқарбай ауылындағы орта  мектептің  алдынан  Мәди ағаның мүсіні бой көтерсе   абзал
болары анық.
Биыл Қазақстан  Жазушылары одағының мүшесі, қарымды  қаламгер Мәди Хасеновтың  туғанына  80  жыл толғалы отыр. Қаламгер тойы туған жері мен Астанада  кеңінен аталып өтілуін асыға күтеміз.  Ұлы   Мұхтар Әуезов: «Біздің  прозамыз  бен   поэзиямыз бәрі-бәріне  бірдей  шарт болып қойылатын  нәрсе:  жанды адам,  әсерлі адам, үлгілі  жаңа адамды сыйлы етіп көрсету шарты» деген болатын. Өз туындыларында  жазушы  жерлесіміз  Мәди Хасенов  осы ұлы  Әуезов талап еткен   үрдістерден көріне  білді  деп айта аламыз!

Смағұл  РАХЫМБЕК,
 жазушы.

Астана   қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар