Біләлдің өндіріс цехы

Міне, осындай мүмкіндікті пайдаланып, жеке кәсібін ашып өзін де, қосымша жұмыс орындарын құру арқылы өзгелерді де күнкөрістік кәсіппен қамтамасыз етіп отырған азаматтар қай өңірде де аз емес.

Балкашин селосында тұратын 21 жастағы Біләл Омаров осыдан екі жыл бұрын  «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде  үш миллион теңге жеңілдетілген несие алды. Мектеп бітірген соң  жұмыс таппай біраз уақыт бос жүрген жас жігіт тәуекел деп өз кәсібін ашуға ниет еткен. Сөйтіп, аудандық  жұмыспен қамту орталығына барып, осының жайын сұрап білді. Құжаттарын жинап, несие алуға бір айдай уақыт кетті. Ақша есепшотына түскен  соң ол жартылай фабрикат өнімдер шығаратын цех ашуды қолға алды.
Бос тұрған ғимаратты жалға алып, өндіріс цехын ашқан кәсіпкер жігіт жұмысты бірден жолға қойды. Қажетті ірі қара және құс етін шаруашылық құрылымдарынан келісім-шарт бойынша сатып алады. Тиісті құрылғыларды Ресейден әкеп орнатты. Бүгінде цехта 11 адам еңбек етеді. Өнімдерін жергілікті сауда және қоғамдық тамақтану орындарына, одан қалды облыс орталығына шығарады.  Сапасы жоғары бағасы қолжетімді жартылай фабрикат өнімге деген сұраныс та жақсы.
Өткен жылы өндірісін кеңейтіп, қосымша құрылғылар сатып алған кәсіпкердің ісі алға басып, жақсара түсті. Әзірге тәулігіне 200 келі өнім шығаратын кәсіпкер таяу болашақта  өнімді 600 келіге жеткізуді жоспарлап отыр. Оған мүмкіндік те бар. Сондай-ақ, өз өнімін Астананың сауда орындарына шығару жолдарын да қарастыруда.
Қалкөз ЖҮСІП.

Сандықтау ауданы.
Суретте: жартылай фабрикат шығаратын цех.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар