Әскери міндет: әрі сенім, әрі абырой

Әскерге бару – кәмелетке толған ер азаматтың Отан алдындағы азаматтық парызы. Осыдан он шақты жыл бұрын әскерден қашу, әскери борышын өтеуден бас тарту деген мәселелер жиі кездесетін еді, қазір керісінше, шақыру келсе, әскерге баруға құлшынатын жастар көбейіп келеді.

Облысымызда ағымдағы жылдың 1 қазанынан 30 желтоқсанына дейін міндетті  әскери қызметке кезекті шақыру жүргізіліп жатыр. Осы орайда, облыс бойынша жастардың әскерге баруға деген ынта-ықыласын білу мақсатында Ақмола облыстық қорғаныс істері жөніндегі  департамент басшылығымен жолығып, мән-жайды сұрастырып білген  едік.
– Әскерге барғысы келетін жігіттерге қойылатын ең басты талап – мықты денсаулық және білім. Бүгінде экологиялық жағдайлардың әсері ме, әлде адамдар әлжуазданып кетті ме, дәрігерлік комиссия кезінде анықталып жатқанындай, бозбалалардың денсаулығы мақтанарлық емес. Сондықтан, әскер қатарына жарамай жатқандар көп. Мәселен, медициналық тексерістерден өту кезінде терапиялық, хирургиялық және жеке гигиена жүйесінің аурулары жиі кездеседі. Майтабан, ішек аурулары жастардың арасында дендеп кеткен. Сол сияқты, омыртқаның майысқаны және көз аурулары да соңғы уақытта көп. Меніңше, мұның басты себебі – жастар компьютердің алдында көп отырады және ұялы телефондар мен смартфондарды көп пайдаланады. Соның салдарынан осындай аурулар орын алып жатыр. Облыс бойынша күзгі шақыруға іліккен 800-дей жігіт Қорғаныс министрлігінің ішкі әскери бөлімдеріне, ішкі әскерге, шекаралық әскери бөлімдерге, мемлекеттік қорғау қызметтеріне әскери борыштарын өтеуге аттанады, – дейді департамент бастығы, полковник  Жанат Ережепов.
Қазақстан Республикасының «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңының 31 бабына сәйкес, әскер қатарына он сегіз жастан бастап жиырма жеті жасқа дейінгі жастар шақырылады. Осы заңның 36 бабына сай, денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамсыз деп танылғандар, туыстарының бірі, атап айтқанда әкесі, анасы, аға-інілері немесе апа-қарындастары әскер қатарында қызметтік міндеттерін атқару барысында қаза тапқан, қайтыс болған немесе бірінші, екінші топтағы мүгедек болған жағдайда әскери қызметтен босатылады. Ғылыми дәрежесі бар азаматтар да әскерге бармауына болады. Себебі, ғалымдар ел ісіне аса қажетті. Сол сияқты, тіркелген діни бірлестіктердің дін қызметкерлері әскери борыштарын өтеуден босатылады. Бұрын сотталған азаматтар да әскерге шақырылмайды.
Әскерге шақырушылар қазіргі таңда экстерриториалдық принцип бойынша басқа облыс аумағында борыштарын өтеуі тиіс. Күні кеше ғана ақмолалық  сарбаздар Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Жамбыл, Батыс, Шығыс Қазақстан және тағы басқа  облыстарға шекара, мотоатқыштар, мемлекеттік қорғау қызметіне, Ұлттық ұланға, министрліктің әскери бөлімдеріне Отан алдындағы борышын атқаруға  аттанды.
Бүгінде әскерден босатылса да, әскери борышын атқаруға сұранып жүрген азаматтар қаншама. Бұл орайда, денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамсыз деп танылғандардан басқа  азаматтар өздерінің қалауы бойынша әскери қызметке шақырылуы мүмкін. Бұл мәселені әскерге шақыру комиссиясы шешеді.
– Әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру заң бойынша аудандық немесе облыстық маңызы бар қалалық әскерге шақыру комиссиясының шешіміне сай жүзеге асырылады. Ондай мүмкіндік  отбасы, оқуына, денсаулығына байланысты белгілі себептер негізінде берілуі мүмкін. Осы орайда, айта кететін бір жай,  комиссия шешімімен денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру бір жылға ғана беріледі. Ауылдық жерде орналасқан білім беру ұйымдарында мамандығы бойынша жұмыс істеп жүрген оқытушылар, сол сияқты, денсаулық сақтау саласында еңбек етіп жүрген дәрігерлер әскери борышын өтеуден босатылады. Ал, қарызым, несием
бар дегендер әскерге шақырылмасын деген заң жоқ. Сондықтан, жастар мұндай сылтауларды айтпауы керек, – дейді  бұл жөнінде Жанат Малғаждарұлы.  
Сонымен бірге, шақырылушыларға заң бойынша тергеу жүргізіліп жатқан жағдайда олар қашан сот шешімі шығарылып, күшіне енгенге дейін әскер қатарына шақырылмайды. Аталған заңның 35 бабында атап көрсетілген әскерге шақыруды кейінге қалдыру негіздерінің күші жойылған азаматтар осы заңда белгіленген тәртіппен әскерге шақырылады. Әскерге шақыртуды елемей, қашқақтап жүретіндер де бар. Әрине, олар бұл үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Балаларын әскерге жіберуден қорқатын ата-аналарға айтарымыз,  заң тұрғысынан әскерден қашқандар қатаң жазаланады. Мәселен, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 387 бабына сәйкес әскери қызметтен қашқандар бір мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлейді немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Облыс бойынша осындай жағдайға жол берген 20 шақты азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Сондай-ақ, әскерге бармау үшін қасақана өзінің денсаулығына зиян келтіру, аурумын деп өтірік сылтау айту, жалған құжат жасату үш мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұлға әкеліп соғады.  Егер әскерге шақырылушы тергеу органы істі сотқа бергенге дейін әскерге шақыру пунктіне өз еркімен келетін болса, ол қылмыстық жауапкершіліктен босатылады. Жергілікті әскери басқару органының шақыруына дәлелсіз себеппен құлақ аспаған азаматтар Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 647 бабы бойынша бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлейді.
Әскери шақыруды ұйымдастыру ісі негізінен, жергілікті атқарушы органның – облыстық, аудандық әкімдіктердің міндетіне жатады.
Келісім-шартпен әскерде қалғысы келетіндер медициналық тексерістен өтіп, үш жылдан бес жылға немесе он жылға дейін әскери қызметін одан әрі жалғастыра алатынын да айта кету керек. Оларға бірқатар әлеуметтік көмектер қарастырылған. Егер пәтер жалдап тұратын болса, отбасының мүшелерінің әрқайсысына 22 мың теңгеден, ал, Астанада елу мың теңгеден  ақша бөлінеді. Дәрігерлік қызмет тегін көрсетіледі. Әскери қызметкерлердің жыл сайынғы еңбек  демалыстарында еңбекақылары жүріп жатады. Киім-кешектері тегін. Биыл облысымыздан екі дәрігер келісім-шарт негізінде, лейтенант шенімен екі жыл мерзімге әскерге шақырылып отыр.
Облыстық департамент Көкшетау қаласындағы Ұлттық ұланның әскери бөлімімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп келеді. Мектептердегі ерлік сағаттарына қатысу, оқушылар арасында әскери олимпиадалар өткізу де берік дәстүрге айналған.   
– Қазір әскери оқу орындарының әлеуеті де жоғарылап, офицер мамандығына құрмет күшейіп келеді. Бірақ, ата-аналар тарапынан әскерге деген көзқарас дұрысталмай, жастардың бір бөлігі  әскерден қашқақтай береді. Олардың бойында  әскери бөлімдерде әлімжеттік мәселелері орын алуы мүмкін деген түсінік бар. Осыған орай айтарым, әр ротаның, әр батальонның командирлері қарамағындағы сарбаздарға тікелей жауапты. Сондықтан, олай ойламау керек, – дейді Жанат Малғаждарұлы.
Жұрт жадында сақталған аңыз, ертегі, даналық сөздерге зер салсақ – қай заманда да туған елін, жерін қорғау ер азаматтардың міндеті болған. Қазір де солай, келешекте де солай болып қала  бермекші. Сондықтан, өзін ермін деп есептейтін дені сау әр азамат қашанда Отанын қорғауға дайын болуы керек. Сол себепті, әскери міндет әрі сенім, әрі абырой дегіміз келеді.

Ырысалды Шамшиева.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар