Қоршаған ортаның тазалығы толғандырады

Облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиясының кезекті отырысында депутат этикасы, заңдылық, экология және табиғатты пайдалану мәселелері  қаралып, талқыланды.

Аталмыш мәселе бойынша депутат, «Еңбек Береке» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Асқар Қиықов хабарлама жасады. Оның айтуынша, облыс аумағында табиғи ортаның ластануы орта көрсеткіштен аспайтын көрінеді. Дегенмен, ауаның тазалығын дұрыс анықтау үшін бақылау бекеттерінің саны жеткіліксіз. Демек, олардың санын арттырып, техникалық базасын нығайту қажет. Сондай-ақ, қазіргі уақытта ең маңызды бағыттардың бірі «жасыл экономика» саясатын қолдау болып табылады. Мұнда кәсіпорындардағы табиғатты қорғау құрылғыларын тиімді қолданып, өндіріс қалдықтарының мөлшерін азайтуды басты назарда ұстаған жөн. Осы мақсатта, Бурабай ауданындағы жылу қазандықтарында күл мен шаңды сорып алатын қондырғылар орнатылған көрінеді. Сонымен қатар, облыстағы жергілікті атқару органдарының елді мекендерді абаттандырудағы олқылықтары сөз етілді. Себебі, көп жерлердегі олардың көбінде қоқыс үйіндісінен көз сүрінеді.
Отырыста сөз сөйлеген облыстық мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының прокуроры Бахтияр Ерназаров облыста әлі де болса шешімін таппай тұрған экологиялық мәселелердің бар екенін  айтты. Осы орайда, аймақтағы  тұрмыстық қалдықтар полигондарының жұмыстары сөз болды. Жалпы алғанда,  547 полигонның 32-де ғана талапқа сай құжаттар бар екен. Аудан орталықтарында бұл жәйтқа қажетті назар аударылмайтын көрінеді. Тек Жақсы ауданында ғана полигондарды заңдастыру ісі дұрыс жолға қойылған. Осы жиында елді мекендерде су бұрғыш және кәріз жүйесінің коллекторының қаусап тұрғаны да айтылды. Бұл құбырлардың тозуына және топырақтың ластануына әкеп соғады. Осылай дей келе, ол Көкшетау қаласының әкімдігі  облыс орталығындағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығымен бірлесе жұмыс атқаруы тиіс деген тұшымды ойын айтты.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Александр Мартыненко қаланы абаттандыру үшін жергілікті бюджеттен қыруар қаржы бөлінетінін алға тартты. Ағымдағы жылы Көкшетау қаласы бойынша Абай, Горький көшелері сәулеттендірілген болатын. Ал, Даңқ аллеясында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілу үстінде. Облыс бойынша «Таза ауа»  жоспары аясында ауаны тазалау бағытында атқарылып жатқан  келелі жұмыстарды сөз етті.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Қазыбек Балтабеков қаланы қоқыстардан  тазарту үшін контейнерлерді көбейту қажет екенін алға тартты. Сондай-ақ, энергия көзін үнемдеу үшін пайдаланылатын нұршамдардың адам денсаулығына зияны айтылды. Оның ішінде, сынаптың болуына байланысты оны қолдану өте қауіпті. Сондықтан, келесі жылы нұршамдарды        жинастыратын 50 контейнерге 10 миллион теңге қаржы бөлу қажеттігіне тоқталды. Ал, облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Алмагүл Қадыралина сыбайлас жемқорлық және онымен күрес мәселесі    бойынша хабарлама жасады. Ол осы мақсатта облыс аумағында семинар, тренинг, брифингтер көптеп ұйымдастырылатынын жеткізді. Сондай-ақ, ол сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін жер телімдерін бөлетін комиссия құрамындағы облыстық мәслихат депутаттары мен облыстық кәсіпкерлер палатасы өкілдерін  батыл іс-қимыл танытуға шақырды.
Тұрақты комиссияда Бурабай, Щучье, Қопа көлдерінің де жағдайы әңгімеге арқау болды. Сөйтіп, алдағы уақытта көлдерді тазарту үшін бөлінетін қаржының толықтай игерілгенін бақылауға алу қажеттігі айтылды. Сонымен қатар, тұрақты комиссияға қатысушылар 2015  жылға арналған жоспарды бекітті.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар