Алпыс жыл бірге отасқан

Ынтымақ-бірлігі жарасқан Дөңгілағаш ауылында тұратын Қасайыновтар отбасында қуанышты оқиға болды. Сексеннің сеңгіріне шыққан Жолдаңғар Қасайынұлы мен Кенжетай Тасқынбайқызы екеуінің шаңырақ көтергеніне 60 жыл толды.

 

Қос еңбек ардагеріне үрім-бұтағы, туған-туысқандары қошемет көрсетті. Той үстінде ардагерлердің ғибрат аларлық өнегелі өмір жолдарынан сыр шертілді. Әсіресе, жастық шақтарын бірге өткізіп, еңбек майданында қоян-қолтық бірге жұмыс істеген замандастарының әңгімелері көпшілікті қатты тебірентті.
Көкшенің ерке қызы, Дөңгілағаш ауылының тумасы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қапаш Құлышеваның осы тойға арнайы келіп қатысуы да ел еңсесін көтеріп, қуанышты сезімге бөледі.
Жастық шағы соғыс жылдарымен тұспа-тұс келгендіктен Жолдаңғар аға аштықтың да дәмін татты. Әкесі Қасайын Омаров пен оның інілері Ғалымжан, Кәкім, Жантаза кешегі адам өмірін жалмаған соғыста хабарсыз кетті. Боздақтардың қайда жерленгені де белгісіз. Осындай асылдарынан айырылған аяулы ана Мәриям Баймұқанқызы бар ауыртпашылықты өз мойнымен көтереді. Жолдаңғар аға етінің тірлігімен Көкшетау қаласындағы механизаторлар даярлайтын мектепті бітіріп, ауылда КТЗ маркалы темір тұлпарды тізгіндейді. Кейін, Дөңгілағаш, Қоныспай және көрші ауылдар қараған Күсеп машина-трактор станциясында тың және тыңайған жерлерді игеруге қатысады. Бертін шағын ауылдар біріктіріліп, «Симферополь» совхозы құрылғанда Жолдаңғар Қасайынов жастық жалынмен бел буа іске кірісіп, 1965 жылы трактор-егіс бригадасын басқарады.
Егіншілік саласындағы қол жеткізген жетістіктері жоғары бағаланып, 1972 жылы Ленин, 1982 жылы «Құрмет Белгісі» ордендерімен марапатталды. Мәскеудегі Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесіне де қатысты. Дәм-тұздары жарасып, 1956 жылы Астрахан ауданындағы Қаратүбек ауылының тумасы Кенжетай Тасқынбайқызымен шаңырақ көтереді. Асыл жары ұзақ жыл жергілікті медпунктте істеп, жерлестерінің қошеметіне бөленді. Үш ұл, жеті қыз тәрбиелеп өсірген қос қария осы ұрпақтарынан 18 немере-жиен, 5 шөбере сүйіп отыр. Әрқашан жүздерінен мейірім шуағы төгіліп тұратын осынау асыл жандарға ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық тілейміз.

Рәшит КӨМЕКЕЙҰЛЫ.

Зеренді ауданы.

Суретте: той иелерін Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Көкшетау қаласының құрметті азаматы, жезтаңдай әнші Қапаш Құлышеваның құттықтаған сәті.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар