Үшінші Александр Закусилов

атасы мен әкесінің жолын қуып, туған ауылына агроном болып оралды

 

Максимовка селосында Закусиловтар отбасының «Свободный» және «Максимовский» серіктестіктері елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлестерін қосуда. Александр Закусилов басқаратын «Свободный» серіктестігінде бас агроном болып еңбек еткен ұлы Александр Закусилов кейін «Максимовский» серіктестігін құрып, алғашқы  шаруашылықтан бөлініп шықты. 2004 жылдан бері шаруашылықтың базасы құрылып, алыс-жақын шетелдерден «Дон», «Джондир», «Класс» маркалы комбайндар, «Бюллер» тракторы, «СЗС», «Хорш», «Морэс», «Амитти» егіс кешені тәрізді  ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынды. Шаруашылық негізінен дәнді және бұршақты, майлы дақылдар өсірумен айналысады. Кейбір алқаптарды жел эрозия-сынан сақтау үшін сабан ұсақталып, жер қабаты жасалады. Химиялық дәрілер мен минералдық тыңайтқыштарды уақытында енгізу дәстүрге айналған. Егіс айналымы төртке бөлінген. Әр жыл сайын әртүрлі дәнді дақылдар сіңіріліп, жыртылған жердің тыңаюына да назар аударылған. Мұнда арамшөп көп шығатындықтан, ылғал сақтағыш технология қолданылмайды. Механикалық өңдеуге көп көңіл бөлінеді. Соның арқасында биыл гектарынан 27 центнерден астық жиналды. 2009 жылы шаруашылық күнбағыс майын өндіретін желіні іске қосқан болатын. Қазір тәулігіне 12 тонна шикізат өңдейді. Шикізат серіктестіктің алқаптарында өсіріледі. Биылғы жылы 2 мың
242 гектарға күнбағыс дақылы сіңіріліп, 5310 тонна өнім алынды. Шығымдылығы гектарынан 23,7 центнерден айналды. Жиналған өнім «Арина» брендімен күнбағыс майын өндіруге бағытталады. Дайын өнім бөтелкелерге құйылып, облыс орталығында өтетін жәрмеңкелерде және селодағы шағын маркетте сатылады. Серіктестік жергілікті орта мектепке, мәдениет ошағы мен әлеуметтік жағынан аз қамтылған тұрғындарға материалдық көмек көрсетеді.
 Мол астық алу алдымен білікті мамандар мен қазіргі заманғы ауыл шаруашылығы техникаларына байланысты екені белгілі. Солардың бірі – осы шаруашылықта еңбек ететін агроном-астық өсіруші әрі қырман меңгерушісі Еркен Ашубаев. Ақтөбе қаласының тумасы өткен жылы Астанадағы Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетін тәмамдаған. Қазір серіктестік еңбеккерлерімен бірге элеватордағы астықты тазалаумен және кептірумен айналысуда.
– Орақ науқаны аяқталысымен қамбаға қажетті тұқым құя бастадық. Бұл жұмыс жаңа жылға дейін жүргізіледі. Қарағанды облысының тәжірибе станциясында тәжірибеден өттім. Өзге ауыл шаруашылығы құрылымдарына қарағанда «Максимовский» серіктестігінің материалдық-техникалық базасы мығым. Науқандық жұмыстар шетелдік,  өнімді ауыл шаруашылығы техникаларымен кідіріссіз жүргізіледі. Шаруашылық еңбеккерлері жыл бойы жұмыс істейді. Еңбекақының деңгейі де жоғары әрі уақытында беріледі. Село еңбеккерлері жыл бойы тұрақты жұмыспен қамтылған. Сондықтан болар, Максимовка селосы тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы біршама жақсы. Мұнда қоныс аударушылар қатары  көбейді, – дейді агроном. Ас атасы нан болғандықтан, серіктестік егіншілікпен айналысып, дәстүрлі, ылғал сақтағыш және канадалық технологиялармен жұмыс істейді. Осының арқасында мол өнім алынуда. Сапалы астық экспортқа шығарылады. Мұнда теміржол жоқ. Бұл мәселені шешу үшін Атбасар қаласында серіктестіктің элеваторы салынуда. Егіншілік пен мал шаруашылығын қатар ұстау тиімді болғандықтан, келешекте серіктестік мал сатып алуды жоспарлап отыр. «Максимовский» серіктестігі директорының ұлы Александр Закусилов Астанадағы Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетін былтыр тәмамдап, туған селосына оралыпты.  Бұл – үшінші Закусилов. Яғни, бірінші Александр Закусиловтың немересі.
– Осы серіктестікте тәжірибе жинақтадым. Туған селомда мектеп, мәдениет ошағы, жаңа дүкен тәрізді барлық әлеуметтік нысандар жұмыс істейді. Жаңа дәмхана да пайдалануға беріледі деп отырмыз. Жастар селода көп тұрақтамайды. Осы орайда, серіктестік жастардың көшесінде тұрғын үйлер салуда. Селода тұрып, еңбек етемін деген білім және денсаулық саласының жас мамандарын мемлекет қолдайды. Серіктестік пен шаруа қожалықтарында жұмыс істеуге ниет білдірген жас мамандарға назар аударылса деген тілегім бар, – дейді Закусиловтардың ең кіші өкілі. Серіктестік маманы Бақыт Есетов    бұрын облыстық аумақтық орман шаруашылығы және жан-
уарлар әлемі инспекциясында жұмыс істеген. Қазір «Максимовский» серіктестігінде балық өсірумен және оны қорғаумен айналысады.
– Биылғы жылдың сәуірінде Зеренді селосындағы балық питомнигінен әртүрлі балықтың 4 мың шабағын 100 мың теңгеге сатып алып, тоғанға жібердік. Шаруашылық еңбеккерлерін тамақтандыру үшін келесі жылы балық аулай бастаймыз. Село тұрғындарының көбі қос серіктестікте жұмыс істейді. Олардың еңбек етуі үшін барлық жағдай жасалған. Отын-шөптерін дайындауға көмек көрсетіледі. Еңбекақы уақытында беріледі, – дейді ол.  Біз серіктестіктің элеваторын аралап, жұмыс үрдісімен таныстық. Еңбеккерлердің ширақ қимылына тәнті болып қайттық.

Мәдина ҚАСЫМОВА.
Сандықтау ауданы.

Суретте: шаруашылықтың жас мамандары Еркен Ашубаев пен Александр Закусилов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар