Бір кезде Майра еді аты мәлім

(Қазақтың мақтанышына айналған әйел механизатор
Майра Хасенова туралы бір үзік сыр)

 

1960 жылдың қараша айында қазіргі Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Мәдениет ауылында «механизаторлар дайындайтын курс ашылатын болыпты, ұлдарды да, қыздарды да оқытады екен» деген жып-жылы хабар естіген жанды елең еткізе түсірген. Арада екі күн өтпей әлгі курсқа қырық қыз жазылған. Кейбіреулері уақыт өткізу үшін, әншейін қызық үшін. Курс аяқталған соң қырық қыздың екеуі ғана трактор тізгіндеді.
Ол кезде жан алып, жан беріскен науқандық жұмыстармен қатар былайғы уақытта да механизаторлар қол қусырып қарап отыра алмайтын. Арқаның сақылдаған аязында қар тоқтататын. Танап басында шөмеледе қалған сабанды ортасынан темір арқанмен буып, екі трактормен қос қапталынан қысып мал базына таситын. Сөйтіп жүргенде қарбаласы көп көктем келеді. Көктем өзімен бірге таусылып бітпейтін қарбалас ала келеді. Ол кезде ауыл шаруашылығында жауапкершілігі жетіп артылатын науқан қандай көп. Бір-біріне жалғаса, бір-бірінің етегін баса, үстемелеп ес жиғызбайды. Осылайша бес жыл жұмыс істеді. Бес жылдан соң жолдасы Сайлаубаймен қол ұстасып шаңырақ құрған. Шалғайдағы Еңбекшілдер ауданының Краснофлот кеңшарында ірге тепті. Ең алғаш К-700 тракторына отырғаны да осы жерде. Ел әлі К-700 тракторының жапан даланы тітіренткен дақпыртын ғана естіген, өзін көрмеген. Көргендердің айтуына қарағанда жер танабын қуырған тажал іспетті. Бейнелеп айтқанда бас білмейтін шу асау, үстіне адам отырғызбайтын құлан тәрізді.
Ең алғаш механизатор боламын деген қызғалдақ арманы бүр жарғанда көп ішінде күдіктенетіндер де табылып еді. Механизатор деген қайда шырағым дескен біреулер. Әне тепсе темір үзетін жігіттердің өзі үйдей тракторға ие бола алмай жүр. Бір күн сынса, екі күн жөндейді. Ал, сен мына қалпыңмен қалай механизатор болмақшысың. Жұрттың сөзі жанын жегідей жеді. Өзін-өзі қайрайтын, өзін-өзі қамшылайтын. Ауылда бес жыл жұмыс істегенде адал еңбегімен механизатор бола алатындығын дәлелдеп еді. Енді бір күдік қылтиып тағы шықты. Лүп етіп самал жел ессе құлап қалатындай нәп-нәзік келіншектің қарасынынан кісі үркітетін дәп-дәу К-700 тракторының тізгініне ие бола алатындығына күмәнмен қарағандар аз емес-ті. Курста бірге оқыған бес жігіттің бесеуі де сайдың тасындай мығым орыс жігіттері еді. Әлгілер Майраның ықыласына тәнті болып, дем беріп қояды.
– Әлі-ақ меңгеріп кетесің,–дейді біреуі,– түк те қиындығы жоқ.
– Күллі Қазақстанға аты шыққан майталман механизатор боласың,–дейді екіншісі.
Соңғысының айтқаны келді. Күллі Қазақстанға, жалғыз Қазақстан ғана емес, Кеңес Одағына аты шықты. Ал, өзі болса мақтаныш үшін мінбеген тракторды. Еңбек етсем деген, елімнің бір кәдесіне жарасам екен деген ұмтылыс ұмсындырып барып мінгізіп еді.
Ол кезде жер жыртудан күндік норма 12 гектар болатын. Ал, Майра Шытырманқызының 25 гектардан кем жыртқан күні жоқ. Жалпы аумағы 400 гектар алқапты ортасынан қақ бөліп загон салып алатын. Загон да атқан оқтай болып түп-түзу түсуші еді. Содан соң уақытты есептеу ұмытылатын. Соқаның ізі қыз бұрымындай топ-толық, түп-түзу болып өріліп түсетін танап үстінде өзімен-өзі сырласып отырып ән салатын. Әсіресе, халық әндерін.
Көкіректі қоламтаның шоғындай қыздырып жатқан ескінің есті әңгімесі жадына оралған кезде сөз ауаны ән жайына ауған соң қызығып кеттім білем, «айтыңызшы, апай» деппін ғой. Менің осы ұсынысымды тосып отырған адамша бірден сызылтып бастап кетті:
Қамысы Әупілдектің мүше-мүше,
Сарғайдым осынау көлдің суын іше.
Қос қанат құсқа біткен маған бітсе,
Бармас па ем Қалқатайға әлденеше.      
Мақпалдай жұп-жұмсақ, мөп-мөлдір, таза дауыс екен.
– Апай, кезінде әнді неге қумадыңыз, биік-биік сахналарда әдемі киініп, ән шырқап жүрмес пе едіңіз?
– Жүрдік қой, қалқам, талай-талай сахналарда. Ән салған жоқпыз, бізге салды. Сол сахналарға еңбегіміздің арқасында көтерілдік. Біздің әніміз тың даланы жаңғыртқан, ақық дәнмен жасандырған еңбектің әні еді ғой.
Еңбек демекші, қоңыр күзде «Нива» комбайнына мінетін Майра апай күндік нормасын екі-екі жарым есе орындамаған кезі жоқ екен. Бірақ, өмір шіркін өзін тартқан танаптағы жолдай түп-түзу болып тұрмаса керек-ті. Бұралаң бұлтарысы, қанатын қайырар қалтарысы көп. 1968 жылы апасы Құралай мен жездесі Дулат кенеттен өмірден өткен. Артында аңырап сегіз бала қалған. Алды 14-те, кішкентайы екіден жаңа асқан. Майра апай осы құлыншақтарды өзінің алты перзентіне қосып баққан. Бірақ, бір күн де, бір күніңіз де бір сағат та жұмыстан қалмаған. Дәйім мақтау-марапаттан да кенже емес. Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі президиумының мүшесі. Шырқап алға шыққанда көре алмайтындар да табылмай қалған жоқ. «Майра Хасенова жұмысты өзі істемейді, жұрт істейді. Жыл сайын жаңа трактор беріледі» деген сипаттағы домалақ арыз күн құрғатпай жоғары жаққа жөнелтіліп жататын.
– Бір күні, – дейді Майра апай, соқаның тісін ауыстырып жатыр едім, жаныма екі «Волга» тоқтай қалды. Әлгі «Волгалардан» галстук таққан біреулер түсіп жатыр. Журналистер шығар деп ойлағанмын мен. Ол кезде бір шеті Алматыдан, бір шеті облыстан газет қызметкерлері топырлап ізін суытпай келіп жататын. Шынын айтайын, мен соларды жақтырмаушы едім. Өздерін емес, әрине. Әрқилы әңгіме сұрап, уақыт алатындығын. Сөйтсем бұл келгендер тексерушілер екен.
Әрқайсысы зілдей соқаның тісін ауыстырамын деп қара терге түсіп жатқан мен мойнымды бұрмаған соң біреуі:
– Механизатор Майра Хасенованы қайдан жолықтыруға болады? – деп сұрады.
– Менмін,–дедім мен соқаның астында жатып.
Тексерушілер келген уақыттарында соқаның астында жұмыс істеп жатқан мені көрген соң домалақ арызда жазылған, ойдан шығарылған фактілердің жалғандығына көздерін жеткізді. Кейін әлгі азаматтар мені қолдап жүретін болды.
– Солай, қарағым,–деді бар ғұмырын еңбекпен өткізген Майра апай бір сәт жоғарыға көз салып,–заманында кімсің, Майра Хасенова, Краснофлоттың Майрасы аталып тұрғанда аяғымыз жеткен жерге бардық. Бірде Белоруссияға сапар шектім. Минскінің темір жол вокзалынан түсе қалсам, үп-үлкен қабырғада, тура қарсы алдымда өзімнің суретім ілулі тұр екен. Міне, еңбек адамын қадірлеу деген. Паша Ангелина атындағы жүлдеге ие болған кезім ғой деймін, әйтеуір, еткен еңбегіміздің бағаланғаны да.
Алматыға жиі баратынбыз. Әрқилы жиын өтетін. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың өзі:
– Қалқам, мынау орын сенікі,–деп құрметтеп, жоғары шығарушы еді. Өтті ғой, дәурен. Еңбек Қызыл Ту, Октябрь Революциясы ордендерінің иегері, Бүкілодақтың халық шаруашылығы көрмесіне екі мәрте жолдама алған даңғайыр диқан Майра Шытырманқызының бар ғұмыры ғажайып көркем тілмен өрілген дастан іспетті. Еңбектің жырын жырлаған, мәңгі өлмес ұлы дастан. Тек соңғы кезде ғана елене бермейтіні жанына батады. Тіпті, егде адамдар күні де ескерілмей қалады. Ағаларының аялы алақанын да, жолын кескен Батыраштардың балтасының соққысын да көрген.
Көкшетау ауданындағы ХХV партсъезд атындағы кеңшардың бөлімшесіне меңгеруші болып тағайындалғанында Васильковка селосында тұрды.  Атағы жер жарған даңғайыр диқанның үйіне іші тар біреулер от қойып, өртеп те жіберген. Бар жиған-терген мүлкін, қаншама құжаттарын, маңдай терімен алған мақтау-марапаттау қағаздарын, тіпті, орден-медальдарын да тілсіз жау жалмап кеткен. Өздері үстеріне киген киімдерімен ғана қалды. Жанына батқаны да ол емес, ең қиыны кейбір адамдардың пейілінің тарлығы.  Ең алғаш 1992 жылы шаруа қожалығын құрып, жаңа заманның лебін ерте сезінгендердің бірі де механизатор апамыз екен. 1600 гектар жер алып, екі үйір жылқы, елу бас сиыр бағып, ауылдастарына үлгі-өнеге көрсеткен.  
Қысы-жазы К-700 тракторын тізгіндеген, қоңыр күзде комбайнмен егін орып бастырған майталман механизатордың жұмыстың қай түрі кезіксе де қолымнан келмейді деген кезі жоқ. Тіпті, кешегі кеңес заманында қой шаруашылықтары ұйымдастыратын қой қырқу науқанында да бәйгенің алдын бермеген. Кәдімгі қол қайшымен күніне отыз қой қырқатын. Электр қайшымен қырықсаңшы дейтіндерге, осы қол қайшым жақсы деуші еді. Кейін оны да үйренді. Электр қайшымен бір кезекте 70-80 қойды қырқып тастайтын. Жарыс десе жалындап кететін әдеті бар еді.
Бүгінде Көкшетау қаласының іргесіндегі Красный Яр кентінде қоныс тепкен Майра Хасенова өзінің ізін басқан, шаруа қожалығын ұйымдастырып, егін егіп жүрген кенже қызы Әділетке ақыл-кеңесін айтып қояды. Қырық жылғы тәжірибеден түйгені ғой. Бірақ, бір кезде бар шаруаны өзі істеп үйреніп қалған адамның кісінің істегеніне көңілі тола бермейді екен. Әй, осыларды-ай деп қояды, көңіліндегі олқылықтың оюын кестелеп. Аламанда маңдайы жарқырап топ жарған хас жүйрік тай жарыстың тегеурініне тояттай ма.  

Байқал Байәділов.

Көкшетау.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар