Еңбек ері Есілбай

Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында өткен даңғайыр диқан Социалистік Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Есілбай Қадыралин туралы «Еңбек Ері Есілбай» атты кітаптың тұсаукесер кеші көңілде үлкен әсер қалдырды.

Өңіріміздің зиялы қауым өкілдері мен кезінде әртүрлі салада еселі еңбек еткен ардагерлер жиналған әдеби кешті жазушы Төлеген Қажыбай жүргізіп отырды.
Аталмыш кітапта Есілбай Қадыралиннің еңбек жолы өрнектелген. Бірден айта кетуіміз керек, кәсіптік техникалық білімді меңгеремін деген жастар мен болашағын ауыл шаруашылығымен байланыстырғысы келетін мамандар үшін бұл кітап бір жағынан, таптырмайтын әдістемелік құрал болып табылады.  Кітапта Мәтен Бижанов, Тұрғын Сыздықов, Жұмабай Есекеев, Несіп Жүнісбаев, Серік Алдабергенов және тағы басқа да қарымды қаламгерлердің автор туралы жазған танымды мақалалары мен жора-жолдастарының жүрекжарды лебіздері топтастырылған.
Жастай адал қызметімен ел көңілінен шыққан ерен еңбек иесінің ғұмыр жолын ақ қағазға түсіріп, оны кітап етіп шығару ісіне  еңбек ардагері Ғалы Қасымовтың қосқан үлесі зор. Көкшенің асыл туған перзенттерінің бірі Есілбай Қадыралин жайлы жинақты басып шығаруға қаржылай көмек көрсеткен облыстық ардагерлер кеңесі екендігін де баса айтқанымыз жөн. Әдеби кеште сөз алған аталмыш кеңестің төрағасы, жазушы-аудармашы Ғосман Төлеғұл кеш иесінің кісілік келбеті мен кәсіби шеберлігін тілге тиек ете келіп, кітаптың көпшілікке қажетті туынды екендігін екпін түсіре айтты. Еңбек ардагерлері Қайролла Ескендіров, Алтай Нұрғасымов, Владимир Корябкин, Александр Карташов, Қазбек Асқаров және тағы басқалары сөз алып, жинақ туралы ойларын ортаға салып, авторға жүрекжарды тілектерін білдірді. Есілбай Қадыралиннің ұстазы Рашит Айтхожин болса, шәкіртінің еңбек жолына кеңірек тоқталып, кітапты құрастыруға атсалысқан азаматтарға ерекше разылығын білдірді.
– Еліміздің өркендеуіне Есілбайдың қосқан үлесі орасан. Ол күн-түн демей егістік алқабында уақытпен санаспай, аянбай тер төкті.  Адамды абзал атына сай ететін адал еңбегі мен жағымды мінезі болса, ол өн бойына қазақ халқының момындылығы мен кісілігін, кішілігі мен ізгілігін, өнегесі мен парасатын дарыта білген азамат. Есілбайға қарап, өмірде кісілік пен кішіліктен асқан биік ұғым жоқ екендігіне көз жеткізетінің айқын. Менмендіктен ада, ізденімпаз, еңбекқор шәкіртімнің ғұмыр жолы өскелең ұрпаққа үлгі бола алатынына сенімдімін. Осы кітапты кітапханалар мен білім мекемелеріне таратып, алдағы уақытта  кеңірек насихатталуын назарда ұстауымыз керек. Осы жиынды пайдаланып, кітаптың жарық көруіне үлес қосқан, мұның алдында «Қанжығалы» шежіресін жинақтап шығарған Ғалы Қасымұлына, кітаптың редакторы, ақын Қайырбай Төреғожаға шынайы алғысымды білдіргім келеді,–деді ұстаз өз сөзінде.
Өмірден көрген-білгені, ойға түйгені көп аға буын өкілдері жиналғандармен осылайша оралымды ой бөлісіп, қарапайым Еңбек Ерінің болмыс-бітімін асқақтатты.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар