Атқарылған да, атқарылатын да жұмыстар аз емес

Облыстық ішкі саясат басқармасының өңірлік коммуникациялар қызметінде Еңбекшілдер ауданының әкімі Асқар Қиықов брифинг өткізіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде айтып берді.

Аудан әкімі өз сөзінде ауданның 1928 жылы құрылғанын, құрамына отыз жеті елді мекен кіретін он ауылдық округ бар екенін, тұрғындар саны 15,6 мыңды құрайтынын атап өтті. Ауданда уран өндіретін «Семізбай-U», темір рудасын өндіретін «Өркен-Атансор», құс өсіретін «ҚазГерҚұс», 8 мың 700 бас асыл тұқымды ірі қара өсіретін «КазБив ЛТД» серіктестіктері тәрізді өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы салалары қатар дамуда. Осының арқасында бюджетке қомақты қаржы түскен. Тек жұмысын тоқтатқан «Богви» серіктестігінің берешегі қайтарылмай келеді. Бұл бағытта жұмыстар жүргізілуде.
– Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жиырма маркіден астам жоғары сапалы цемент шығаратын цемент зауытының жобасы аудандағы елеулі оқиғаның бірі болып отыр. Жылына 2 миллион тонна өнім шығара алатын кәсіпорын ел тәуелсіздігінің
25 жылдығы мерекесі қарсаңында ашылады. Мұнда 600 адам жұмыс істейтін болады. Бүгінгі таңда 60 адам шетелде оқытылды. Ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 15,3 миллиард теңгені, жалпы көлем индексі 102 пайызды құрады. Инвестицияға 1,6 миллиард теңге тартылды. Он үш комбайн мен он алты әртүрлі ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. 146 мың гектар егіс алқабынан 171 мың тонна астық, 13 мың тонна картоп, 1257 тонна көкөніс, 3 мың тонна майлы дақылдар жинап алынды. Астықтың 93 пайызы
3 класқа жатады. Қамбаға 16 мың тонна тұқым құйылды. Сондай-ақ, 78 мың тонна шөп, 16 мың тонна пішендеме, 50 мың тонна сабан маяларға салынды.
32 мың гектар алқаптың жері жыртылып, төрт рет өңделді. Өңір диқандары ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына жақсы табыстармен келді. Жаңа кәсіпорындар мен шаруа қожалықтары ашылуда. Бұрынғы бос жатқан жерлерден жайқалған егін мен өрбіген малдарды көруге болады. Уәлиханов ауылдық округінде тұрғын үйлер салынып, адамдар көшіп келе бастады. Мамай
ауылында су құбырларының жүйесі салынып, тұрғындар ауыз сумен қамтамасыз етілді. Елді мекендер арасындағы 120 шақырым жолды өз күшімізбен жөндедік. Аудан орталығындағы үш шақырым көшеге асфальт төселіп, су құбыры жүйесі жөнделді. 21 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде, – деді аудан әкімі.
Одан әрі ол өз сөзінде өңірдің мүмкіндігі есепке алынып, азық-түлікпен қамтамасыз етудің шешуші саласы – мал шаруашылығын дамытуға ерекше назар аударылғанын айтты. Шаруа қожалығы мен үй шаруашылығындағы мал басының көбеюі есебінен ірі қара мал басы 1,7 пайызға, жылқы 2,3 пайызға, шошқа 1,4 пайызға өскен екен. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 430 бас ірі қара, «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 150 қой, «Құлан» бағдарламасы бойынша 105 жылқы, «Ырыс» бағдарламасы бойынша 100 бас сиыр сатып алыныпты. Мал басын асылдандыру мақсатында 21 ауыл шаруашылығының өндірістік кооперативі ашылып, 149 асыл тұқымды бұқа табындарға жіберілген. 98 миллион теңге субсидия беріліпті. Сондай-ақ, «ҚазГерҚұс» серіктестігі өз кәсіпорнын кеңейтіп, құс санын көбейтуде. Өткен жылғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда құрылыс жұмысы көлемінің 117,1 пайызға өсуі байқалады. Бұл бюджеттік инвестициялық жобаларды жүзеге асырумен тікелей байланысты. Биылғы жылы 85,6 миллион теңге көлеміндегі мақсатты трансферттер қарастырылған.
– «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында бірінші бағыт бойынша биыл он жобаға 70,3 миллион теңге бөлінді. Аталмыш бағдарламаның екінші бағыты бойынша «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы арқылы 26 адамға 74,4 миллион теңге бөлінді. Үшінші бағыт бойынша әлеуметтік жұмыс орнына 13 адам жіберілді. Қатысушылардың ішінде бір мүгедек адам бар. Бұл бағыттағы бір жылғы қаржыландыруға 3121 мың теңге қарастырылған. Жастар тәжірибесіне 10 адамды жіберу жоспарланса, жыл басынан бері 21 адам тәжірибеден өтті. Екі адам кәсіби оқуға жолдама алды. Тоғызы жұмысқа орналастырылды. Білім саласында 35 мектеп, оқу-өндірістік комбинат, үш бала бақша және музыкалық мектеп жұмыс істейді. Биыл Мақпал ауылында 80 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. Невский селосында да жаңа мектеп салу жоспарланған. Оның есесіне үш мектеп жабылыпты. Жалпылай білім беретін мектептерде 2 мың 391 оқушы, мектепке дейінгі сыныптарда 303 бүлдіршін оқиды. Білім шаңырақтарында
18 шағын орталық саналы тәрбие береді. Мектепке дейінгі біліммен балалардың 61,9 пайызы қамтылған. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында балабақша салу жоспарланған, – деді Асқар Қиықов. Одан әрі ол денсаулық саласында аудандық орталық аурухана медициналық қызмет көрсететінін, аурухананың құрамына бір емхана, екі дәрігерлік амбулатория, бір фельдшерлік-акушерлік пункт және 30 медициналық пункт кіріп, аудан тұрғындарына стационарлық және амбулаторлық-емханалық медициналық көмек көрсететінін әңгімесіне тиек етті. 127 ақ халатты жандар консультативтік-диагностикалық жағынан қол ұшын созуға әрқашан дайын тұрады. Олардың ішінде 22 дәрігер, бір провизор, бір фармацевт еңбек етуде. Жоғары оқу орнын бітірген екі дәрігер келіпті. Дәрігер жетіспеушілігі және аурудың алдын алу мәселесі шешілуде. Аудандық мәдениет үйіне жөндеу жұмысы жүргізіліпті.
– Атқарылған және атқаратын жұмыстар жетерлік. Ауданның экономикалық және рухани әлеуеті биылғы жылдың тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша алда тұрған барлық тапсырмаларды орындауға мүмкіндік береді, – деген аудан әкімі тілшілер сауалдарына да тұшымды жауап берді.

Рамазан Тілеуов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар