Тұтынушылар үшін тиімді жағы қарастырылуда

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі комитетінің Ақмола облысы бойынша департаменті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен «Көкшетау Энерго» серіктестігіндегі табиғи монополия субъектілерінің жаңғыртылу және инвестициялық міндеттердің игерілу барысы жөнінде баспасөз турын ұйымдастырды.

– Биылғы жылдың басынан бастап «Көкшетау Энерго» серіктестігі Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігімен бірге инвестициялық бағдарламаларды есепке алып, 5 жылдың тарифін бекітті. Инвестициялық бағдарламаның жалпы сомасы 4 миллиард 62 миллион 800 мың теңгені құрады. Оның ішінде биыл 775,1 миллион теңгенің инвестициялық шараларын орындау қарастырылған. 2016-2020 жылдары серіктестіктің инвестициялық бағдарламасының негізгі мақсаты бар активтерді жаңғырту, қалпына келтіру, жаңасын салу, көрсетілетін қызмет сапасын арттыру және жүйедегі электр қуаты шығынын азайту. Биыл инвестициялық бағдарлама Көкшетау мен Щучинск қалаларындағы кабель желісін және сыртқа ток шығармайтын сымдарды пайдаланып, әуе желісін қалпына келтіруді қарастырады. Сондай-ақ, трансформаторлық шағын станциялар қалпына келтіріледі, тозығы жеткен қондырғылар ауыстырылады.  Тұтынушылардың тұтынған электр қуатын автоматты түрде бақылау үшін «АСКУЭ» жүйесін енгізу жоспарланған. Бүгін біз аталмыш серіктестіктің нысандарында инвестициялық бағдарламаның жүзеге асу нәтижесін, қаржы қайда бағытталғанын, кәсіпорынның қандай экономикалық тиімділік алғанын көре аламыз, – деді департаменттің бөлім басшысы Ольга Кучер.
Біз алдымен, Көкшетау қаласындағы «Батыс» шағын станциясына келдік. Серіктестіктің бас директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Берік Ақылбековтың айтуынша, бұл нысан облыс орталығы тұтынушыларының үштен бірін электр қуатымен қамтамасыз етеді. Оның үзіліссіз жұмыс істеуі үшін қуаты 25 мың килоВАТ-тық трансформаторлар орнатылыпты.
– Мұндай қуатты қондырғылар компания жұмысының 30 жылы ішінде бірінші рет ауыстырылды. Бұрынғы екі трансформатордың қуаты екі жарым есе аз болатын. Біреуі істен шыққанда екіншісінің қуаты тұтынушыларға әзер жетті. Компания мамандары үшін сенім критериясы басым болғандықтан, трансформаторлардың біреуі қуатты агрегатқа ауыстырылды. Бұл шағын станциядағы инвестициялық шаралардың шығын сомасы 174 миллион теңгені құрады. Келешекте пайдалану шығыны өсіп, тұтынушылар үзіліссіз берілетін электр қуатымен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, қаланың бұл бөлігін дамыту үшін электр қуаты жеткілікті. Қыркүйек айында «Батыс» шағын станциясындағы жаңа трансформатор екінші қондырғыны жөндеуге мүмкіндік берді. Бұл кезде тұтынушылар жарықсыз отырған жоқ,– деді серіктестіктің бас директоры.
Кәсіпорын Ақмола мен Солтүстік Қазақстан облыстарындағы бірқатар аудандардың тұтынушыларына электр қуатын тарату, беру және электр жүйелік шаруашылықтар бойынша қызмет көрсетеді. Компания балансында жоғары кернеулі 206 шағын станция, 2 мың 788 трансформаторлық шағын станция мен «КТП», 17 мың шақырымға жуық әуелік және кабельдік желі бар. Серіктестіктің қызмет көрсететін аймағы 83 мың шаршы шақырымды, қызмет көрсететін абонент саны 150 мың жеке тұлғаны және 7 мың заңды тұлғаны құрайды.
– Кәсіпорында 2 мыңнан астам адам жұмыс істесе, көбі білікті мамандар. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың жастары серіктестік есебінен республиканың алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында оқытылады. Кәсіпорында біліктілікті арттырудың курстар жүйесі оң жолға қойылған. Мамандық бойынша жарыс өткізіледі. Автомобиль транспорты мен арнайы техника паркі жыл сайын жаңартылады, – деді серіктестіктің бас директоры.
Бұдан кейін біз Бурабай ауданы орталығындағы «Щучинск» шағын станциясына ат басын тіредік. Мұнда өткен ғасырдың 80-ші жылдары болгар қондырғысы орнатылған. Шағын станцияның өзекті мәселесі 2000 жылдары басталыпты. Ток өткізбейтін орамалар өзінің электр қуатына қарсы мүмкіндігін жоғалтып, токты сыртқа шығара бастаған. Бұдан апатты жағдай жиі туындапты. Сондай-ақ, электр қуатын тарататын қондырғылар ескірген.  
– 2001 жылы «Таврида Электрик» фирмасы «АК 10» май сөндіргіштерін вакуумдық сөндіргіштерге ауыстырып, жаңа қорғау блоктарын орнатты. Ол кезде қаржының жетіспеушілігінен қондырғыны толық
ауыстыру мәселесі туындамады. Бүгінгі таңда инвестициялық бағдарламаның арқасында жаңа вакуумдық сөндіргіштер сатып алынып, орнатылуына қаржы бөлінді. Жобаның құны 134 миллион теңгеден асады. Бұл жұмысты кейінге қалдыруға болмайды. Қондырғылар мен ток өткізбейтін орағыштар әбден тозған. Қалпына келтіру мүмкін емес. Сондай-ақ, өзге де тетіктердің жағдайы сын көтермейді. Өткен жылы «ЗРУ 10» жәшіктерінің бірі өртенді. Автобазаның жәшігінде де мәселе туындап, аптасына екі рет электр қуатынан ажыратылды. Кешендік тарату қондырғысын одан әрі пайдалану қауіпті болды, – дейді Берік Ақылбеков.
Серіктестік электр қуатының техникалық шығынын азайтып, электр энергиясын ұрлау оқиғасына тосқауыл қоймақшы. Сондай-ақ, қондырғының жөнделуіне және пайдаланылуына байланысты жүйедегі апат пен шығынды азайтуды, электр қуатын сату көлемін көбейтіп, электр қуатын тұтыну барысын бақылауды жақсартуды жоспарлап отыр. Инвестиция салудың басымдығы Көкшетау, Щучинск қалаларының және Бурабай курорттық аймағының энергетикалық нысандарына бағытталған. Мұнда электр қуатын тұтыну көлемі «Көкшетау Энерго» серіктестігі босататын электр қуатының 60 пайызын құрайды. Бұл кәсіпорынның дамуына жол ашады.
Рамазан БАЯҚҰЛЫ.

Суретті түсірген автор.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар