Нұрсұлтан Назарбаев – Қазақстан қоғамын жаңартқан реформатор

Орасан зор өзгерістерге толы өткен  кезеңде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мемлекетте реформалар жүргізу жауапкершілігін сезінді. Елбасы өзгерісті ең алдымен экономикалық реформалардан бастауды көздеді.

Экономикалық тәуелсіздікті нығайту үшін ұлттық валюта енгізудің қажеттігі туындады. 1993 жылы 15 қараша Қазақстан тарихында алтын әріптермен жазылатын күн. 1993 жылы гиперинфляция 2258 пайыз болғанын ескерсек, осы тарихи шешімді жүзеге асыруда Нұрсұлтан Әбішұлының саяси қажыр қайраты үлкен рөл атқарды. Экономикада оң өзгерістер орын ала бастады. Сауда жанданып, енді қоғамда жаңа әлеуметтік топ – кәсіпкерлер қалыптасты. Коммунистік идеология 70 жыл бойы азаматтар санасына кәсіпкерлер бейнесін  қанаушы тап, алыпсатар деп сіңіріп келді. Бұл өз кезегінде қоғамдағы саналы сілкініске әкелді. Бизнес-пен айналысатын адам қоғамымызда сыйлы орнын алды. Сондықтан, Елбасының заман ағымынан қалмаған идеялары халықтың санасын рухтандырды. Бұл өз кезегінде қазақстандық модернизациялаудың бір көрінісі еді. Қазақстан халқына өтпелі кезеңдегі өзгерістердің теріс әсері болатынын халыққа түсіндіре отырып реформалардың әлеуметтік базасын назарынан тыс қалдырмады. Бір шағын мақала көлемінде Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың реформаларын қарастыру мүмкін емес. Бірақ, транзитті кезеңдегі жүзеге асырылған реформаларды қарастыра отырып, Қазақстан халқының қандай тарихи жолды реформатор көшбасшымен жүріп өткенін көреміз.
Аса бір қиын кезеңде ел тізгінін ұстап, дағдарған халықты жарқын болашаққа бастай білу – тек нағыз білікті, дара туған басшының қолынан келеді. Өткенге ой жүгіртіп, осыдан жиырма жыл бұрынғы Қазақстанды көз алдымызға елестетсек, ең алдымен аумалы-төкпелі экономика, саяси белгісіздік, сансыратқан тапшылық, жұмыссыздық, бағаның құнсыздануы, күйреген шаруа-
шылық және  тағы басқалары есімізге түседі.
Бұрынғы Кеңес Одағының темір құрсауынан босап, тәуелсіздіктің ақ таңы атқан елімізде дамудың жаңа жолын таңдау қажеттігі тұрды. Осы бір жүгі мен жауапкершілігі зіл батпандай ауыр міндет елдің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың мойнына жүктелді. Қай жерде де, қашан да тұңғыш болудың жүгі мен жауапкершілігі ауыр екені белгілі. Өйткені, жол салу, жеңіске жету, бәйгеден келу, шаршы алаңға шығу, тереңге үңілу, биікке көтерілу секілді жұмыста бірінші болудың қай-қайсысы да үлкен тәуекелді қажет ететін ерліктің нышаны іспетті. Әлемдегі халықаралық ахуалдың күрделене түсуіне орай Елбасымыздың жүргізіп отырған саясаты, оның заман талабына сай басшылықты жетілдіріп, іскерлік танытып отырғаны көптің көңілінен шығуда. Оның кемеңгерлігі қайраткерлігімен үндескендігін, көрегендігі даналығымен тұтасқандығын бүгінде әр тарап та, шартарап та толық сезінген. Нұрсұлтан Назарбаев – қарапайым халықтың сүйіспеншілігіне лайық тұлға. Әрине, ол бұл дәрежеге оңайлықпен жеткен жоқ. Ол үлкен өмір өткелінен өтті. Мол саяси тәжірибе жинақтады. Ұйымдастырушылық қабілеті де, ойшыл-рухани өресі де өсті. Саяси қайраткер, ұлт көсемі ретінде толысқан шағында, өзінің шырқау биігінде тұрған Елбасына қандай құрмет көрсетілсе де лайық. Тұңғыш Президент күнін мерекелеу біріншіден, бұл мемлекеттің іргетасын қалаған Тұңғыш Президентімізге ілтипат, екіншіден, халықтың қандай елде тұрып жатқанын еске салып, сыйластыққа, достыққа шақыру, береке-бірлікке жетелеуді білдіреді. Елбасының ұлттық қана емес, сонымен бірге ғаламдық маңызды бастамалардың негізін салушы, іргелі қайта құруларды жүзеге асырушы саяси қайраткерлік еңбегі, халықаралық беделі арқылы қазақстандық қоғамның ұстанымын білдіретін Ұлт Көшбасшысы дәрежесіне жеткеніне қуанамыз, мақтанамыз, Елбасымен әрқашан да біргеміз!  Санаулы уақыт ішінде «еліміз егемен мемлекет ретінде қалыптасты» деп мақтанышпен айта аламыз. Ендігі тілегіміз Елбасының стратегиялық бағытын бағдар еткен тәуелсіздігіміздің тұғыры мәңгілік болғай!  
 Қадыржан ӘБУЕВ,
тарих ғылымдарының докторы,
профессор, Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар