«Өнер жолын үлкен құштарлықпен таңдаған едім»

Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері
Зафура АРЗЫМБЕТОВА:

Театр – өнеге көзі, тәрбие ошағы. Кезінде «театр – хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер» деп, Ғабит Мүсірепов айтқандай, ол шынайы өмір мен өнерді бейнелейтін рухани һәм киелі орда. Ал, ондағы көрерменнің көңіл таразысы үшін қызмет ететін режиссер мен актердің еңбегін телегей теңізге теңеуге болады. Осы орайда, біз Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрының әртісі, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Зафура Арзымбетовамен сұхбаттасқан едік.

– Әңгімеміздің әлқиссасын туып-өскен жеріңіз, өсіп-өнген ортаңыздан бастағанымыз жөн бе деп отырмыз.
– Мен Өзбекстан Республикасының Қожел қаласында 1968 жылы дүниеге келдім. Ата-анам Қызылорда қаласының тумалары. Қиын-қыстау кезеңде Өзбекстанға қоныс аударған. Бірақ, 1970 жылдың аяғында анамның денсаулығына байланысты қайтадан Қазақстанға көшіп келдік. Зеренді ауданының Ортақ ауылында 8 жылдық мектепті, кейін Көкшетау қаласында онжылдықты бітірдім. 1984 жылы Біржан сал атындағы Көкшетау музыкалық колледжіне құжаттарымды тапсырдым. Бірақ, менің өнер жолын таңдауыма әкем мен бауырларым қарсы болды. Сөйтіп, Көкшетаудағы кооператив училищесін бітірген соң, орталық универмагта сатушы болдым. Шынын айтқанда, бұл мамандықты жаным сүймеді. Өйткені, жүрегім өнерді қалады. Өмірімнің сол өнермен өрілгенін қаладым. Сатушы болып шамалы уақыт істеген соң, арман қуып Алматыға жол тарттым.
– Өнердегі алғашқы ұстазыңыз кім?
– Алматыға 1986 жылы барғанымда Мұхтар Әуезов атындағы  Қазақ академиялық драма театрының жанынан құрылған театр студиясына құжатымды тапсырып, оқуға қабылдандым. Сөйтіп, қазіргі танымал режиссер Әубәкір Рахимовтың тобында оқыдым. Ол кезде театр директоры халық әртісі, театр мен кино саңлағы  Асанәлі Әшімов еді. Сол жерде мен Меруерт Өтекешовамен тығыз байланыста болдым. Театрдың белді актрисалары, қазақ өнерінің марқасқалары Сәбира Майқанова, Фарида Шәріпова, Шолпан Жандарбекованың  есімдерін ерекше атап өткім келеді. Әр қойылым сайын шымылдық артында тұрып, осы аналарымыздың өнеріне сүйсінетінбіз. Оқу ісінің меңгерушісі Анна Гарифуллина, қазір Астана театрының актрисасы Гүлжән Әспетова, Мейрамгүл Мейрамова, Оразхан Кенебаев, Ахметжан Қадыров сынды ұстаздарымнан тәлім алғаныма қуанамын. Білмегеніміздің бәрін сол кісілерден үйрендік. Кейін бертін келе  Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін режиссер, «Көкше» академиясын педагог-психолог мамандықтары бойынша да оқып бітірдім.
– Актриса ретінде ең алғашқы еңбек жолыңызға тоқтала кетсеңіз. Өзіңіз сахна шымылдығын ашқан алғашқы қойылымыңыз да есіңізде шығар.
– Мен театр студиясын бітірген соң 1988 жылы арнайы жолдамамен Талдықорған театрына жіберіліп, сол жақта 1993 жылға дейін жұмыс істедім. Кейін отбасылық жағдайыма байланысты киелі Көкше топырағына қоныс аударып, 1995 жылы осындағы театрға орналастым. Менің театр студиясындағы дипломдық жұмысым Гогольдің «Үйлену» спектакліндегі Агафия Тихоновнаның рөлі еді. Талдықорған театрында ең алғаш Андрей Макаеноктің «Пұшайман болған әулие» спектаклінде қыздың бейнесін сомдасам, сол кезде іргетасы жаңадан қаланған бүгінгі Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театры «Ақан сері – Ақтоқты» спектаклімен ашылып, мен онда Ақтоқтының жеңгесінің рөлінде ойнадым. Сондай-ақ, «Құдалық», «Үкілі Ыбырай», «Ең әдемі келіншек», «Пай-пай, жас жұбайлар-ай», «Келіндер көтерілісі», «Мұрагерлер», «Он екі ай», «Ревизор», «Мезгілсіз махаббат», «Атау кере», «Ағнұр», «Сыған серенадасы», «Махамбет», «Анамның ақ көйлегі» спектакльдерінде түрлі кейіпкерлердің рөлін сомдадым.
– Әйгілі Станиславскийдің «Театр киім ілгіштен басталады» деген сөзі бар. Театр – өнердің шыңы.  Шынайы өнерді түсінетін де, түсінбейтін де жандар бар. Жалпы, өз ойыңызша, сахнаның тілі қандай болуы қажет? Көрермендерді  қалай тәрбиелеу керек?
– Театрдағы спектакльді жүз көрермен тамашалайтын болса, жүз түрлі пікір, жүз түрлі ой болуы мүмкін. Біз келген адамдардың барлығын тәрбиелейміз деп айта алмаймын. Өйткені, адам жаны әртүрлі, олардың түсінік, пайымдары да өзгеше. Кім болсын, ең алдымен өзін-өзі тәрбиелеуі керек. Ал, театрға келген уақытта адам оңы мен солын, жақсы мен жаманды танып, ақ пен қараның айырмашылығын сезіне түседі. Жұмыр басты пенденің пешенесіне жазылған тағдыр да әртүрлі ғой. Театрдан рухани азық іздейтін көрерменнің көңілінен шығу үшін әртіс деген халық  әрқашан өз міндетіне жоғары жауапкершілікпен қарайтыны анық. Бұл ретте, театрдың тіліне дейін таза, терең болуы қажет. Қойылымның астарында көрермен көкейіне белгілі бір ой салатындай  мағына, мазмұн болғаны жөн.
– Сіздің ойыңызша, актерге қойылатын ең басты талап қандай болуы керек  және қазіргі жазылып жатқан драмалық шығармаларға көңіліңіз тола ма?
– Актерге қойылатын ең басты талап – киелі сахнаның құдіретін түсіну. Әр оқыған-тоқыған  адам үшін дұрыс сөйлеп, сауатты жазу қаншалықты  міндет болса, театр әртісінің де тайға таңба басқандай  айқын дикциясы, дауыс ырғағы, көрерменді өзіне баурап алатындай қабілеті болуы қажет. Жалпы, театр – тәрбие мектебі, театр – тәлім, рухани азық алар орда. Осыны кез-келген әртіс жадында ұстауы тиіс деп ойлаймын. Қазіргі таңда көптеген драмалық шығармалар жазылып жатыр. Барлығы да жақсы деп айта алмаймыз. Белгілі бір шығарма театрда сахналанып, көрермен назарына ұсынылардың алдында  театр басшылығы ұжымның да көзқарасымен санасып, әр туындыны таңдауға ерекше мән береді. Қазіргі таңда театрға жастар көп келе бермейді. Оларды рухани ордаға тартып, тәрбиелеу үшін сұраныстарына да ойысуымыз қажет. Осы тұрғыда  жаңа заманауи тың дүниелер жазылса, құба-құп. Осы орайда, классикамызды жоғалтып алмаймыз ба деген сауал ойға оралады. Сондықтан, бұл күдікті сейілту үшін біз әрқашан классикалық шығармаларды репертуарымыздан шығармауымыз керек.
– Өз ойыңызша, шеберлікті шыңдаудың жолдары қандай?
– Кез-келген маман тәжірибемен шыңдалатыны анық. Шеберлік уақытпен қалыптасатын дүние. Бір күн не бір айда шеберлікті шыңдауға болады деп айта алмаймын. Біліктілік жылдар бойы жинақталған тәжірибенің арқасында қалыптасады. Ал, театрдың әртісі өмірді сүйіп, шынайылыққа, әсемдікке құштар болуы қажет. Актер әрқашан білімін жетілдіріп отыруы тиіс. Рухани бай, тілі көркем, мәдениетті актер болу үшін көптеген әдеби шығармаларды оқу қажет деп ойлаймын. Өйткені, рухани азық кітапта ғой. Бос уақытымда өзім де көркем шығарма оқығанды жөн көремін. Біздің театрдың ең алғашқы көрермені – біздің балаларымыз. Жалпы, театрдағы бүкіл әртістердің балалары бізге сыншы. «Балалы үйдің ұрлығы жатпайды» демекші, сахнада кім қалай ойнайтынын айтып, қойылымға сын көзбен қарайды. Балалардан еш нәрсені жасырып қала алмаймыз. Олардың айтқандарымен санасып, пікірлеріне құлақ асып отырамыз, кемшілігіміз болса түзейміз. Өйткені, олар біздің ең алғашқы көрермендеріміз. Бұл да шеберлікті шыңдаудың бір көрінісі ғой деп ойлаймын.
Жалпы, біздің қолдаушымыз да, қорғаушымыз да халық. Егер халықтың көңілінен шығып жатсақ, одан артық бақыт жоқ. Осы кезге дейін Көкшетау қазақ лицейіндегі драма үйірмесінде, «Көкше» академиясының театр студиясында өскелең ұрпақты өнерге баулыдым. Әлі де болса, өмірде көрген-білгенімді  өнерлі жастардың бойына сіңіруге атсалысамын ғой деп ойлаймын.
–Алланың бұйрығымен өнер жолында бірге келе жатқан әріптестеріңіз туралы не айтар едіңіз?
– Өзім осы Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрында жұмыс істеп жүргеніме қуанамын. Бұл бүгінгі қазақ өнерінде өзіндік орны бар іргелі ұжым. Жалпы, өнер жолы ауыр ғой. Оған шыдайтын да, шыдамайтын да бар. Сол өнерді жан-тәнімен сүйген, ыстығына күйіп, суығына тоңа білген әріптестеріме әрқашан басымды иемін.
 Қазір ортамызда жастар да көп. Осындайда бәрімізге ақылшы болып, үлгі-өнеге көрсетіп келе жатқан Қазақстанның халық әртісі Жібек Бағысова апайымыздың еңбегін ерекше атап өткім келеді. Ол кісіден баршамыз тәлім алудамыз. Көргені мен көкейге түйгені мол сахна майталманының арамызда жүргені қандай жақсы. Өз тағдырым да өнермен байланысты болғанына қуанамын. Ауызбіршілігі мол осындай ұжымда жұмыс істеп жүргеніме өзімді бақытты санаймын.

Сұхбатты жүргізген
Ақмарал ЖАНҒАЛИЕВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар