Барымызды паш етіп, өзгенің озығын тамашалайтын күн жақын

Еліміздің бас қаласы – Астанада ЭКСПО-2017 көрмесі өтетіндігі белгілі болған сәттен бастап Елордамызда оған деген дайындықтың қалай өтіп жатқандығы туралы баспасөз беттерінде, басқа да ақпарат құралдарында аз айтылған жоқ. Күн өткен сайын бұл ауқымды шараны өткізуге мүмкіндік алғанымызға деген мақтаныш сезімімен қатар, «қалай болар екен» деген күдік те бір бүйірде жатқандығы жасырын емес. Міне, енді  көрменің өтуіне де алты айдай ғана уақыт қалды. Дайындығымыз қай деңгейде, не көрсетеміз, немен таң қалдырамыз, көрме аяқталған соң қыруар қаржыға салынған ғимараттарды қалай пайдаланамыз деген сұрақтар да көптің көкейінде жүрген болар.

Жуырда «ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы еліміздің барлық өңірлерінен баспасөз құралдары өкілдерін жинап арнайы баспасөз турын өткізуі де осы және басқа да сұрақтарға жауап беріп, оларды көпшіліктің назарына ұсыну қажеттілігінен туындаған болар.
Сәл тарихқа көз жүгіртер болсақ, осындай өте ірі халықаралық көрмеге қазақ баласының аяқ басуы сонау өткен ғасырда, нақтырақ айтсақ, 1925 жылы Париж қаласындағы шарада Әміре Қашаубаевтың ән салып, екінші жүлдені иемденгенінен бас-
тау алғандығы белгілі. Ол кезде әрине, әлем картасында Қазақстан Ресей империясының бір бөлігі ретінде ғана көрінетін. Ал, Тәуелсіздік алғаннан бергі ширек ғасырда ЭКСПО
көрмесінде келушілерді селт еткізетіндей деңгейде көрінуіміз 2015 жылғы Милан қаласында болды. Сондай-ақ, өткен жазда Түркияның Анталия қаласындағы көрме де біраз тәжірибе жинақтауымызға мүмкіндік берді деуге болады.
2017 жылғы 10 маусымда басталып 10 қыркүйекке дейін жалғасатын көрмеге қазірдің өзінде 100 мемлекеттің өкілдері қатысатындығы белгілі болды. Алдын ала есеп бойынша 2 миллионнан астам адам келеді деп күтілуде екен. Олардың 85 пайызы қазақстандықтар екендігін ескерсек, тұрғындарымыздың көпшілігі әлемнің озық технологияларымен танысуларына зор мүмкіндік туады.
Бұл халықаралық мамандандырылған көрменің басты тақырыбы – «Болашақ энергиясы». Яғни, халықаралық қауымдастықтың жер шарына кері әсерін тигізетін энергия көздерін пайдалану мәселесіне деген алаңдаушылықты көрсетеді. Осыған орай жауапкершілікке шақыру, пікірталасқа, ой бөлісуге ынталандыру, жер шарында энергияны пайдалануды жоспарлау және бақылау қабілетін қалыптастыру, табиғатқа тигізер залалды мейлінше азайту сынды мәселелер көрменің негізгі мақсаты болып табылады.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев
ЭКСПО-2017 көрмесін Астана қаласында өткізу туралы шешім тарихи оқиға болатындығын атап өтіп, қазақстандықтарға үндеу жасаған болатын:
 –ЭКСПО көрмелерінде әлемнің барлық мемлекеттері өздерінің үздік технологиялық, ғылыми, мәдени жетістіктерін көрсетеді. Олар жаһандық дамудың жаңа күн тәртібін қалыптастырады. Мұндай іс-шараларға әдетте барлық құрлықтағы ондаған мемлекеттің миллиондаған халқы қатысады. Осындай аса бәсекелесті күресте Астананың жеңімпаз атануы да кездейсоқ құбылыс емес. Біріншіден, бұл біздің Елорданы әлемдік дәрежедегі шараны өткізуге лайықты орталық ретінде мойындау. Екіншіден, Қазақстанның пайдасына таңдау жасау еліміздің жетістіктерін жоғары бағалау. Үшіншіден, біз ұсынып отырған «Болашақ энергиясы» тақырыбының өзектілігі де жеңіске оң әсерін тигізді. Ең бастысы, Астананы таңдау еліміздің халқының ортақ күшінің жемісі, – деп атап көрсетті Қазақстан Президенті. Сондай-ақ, көрме Қазақстан үшін үлкен сынақ болып қана қоймай, біздің жасампаз әлеуетімізді ашуға мүмкіндік берері сөзсіз.
 Атам қазақ «бармасаң, көрмесең жат боларсың» дегенді тегін айтпаса керек. Әлемдік қауымдастықтың белді мүшесі бола тұрып, оның дамуы-на өзіндік үлес қоспасаң «қайраңға түскен шабақтай» далада қаласың. Небір озық технологиялардың, тамаша жаңалықтардың тек бәсекелестік жағдайда ғана туындайтындығы ақиқат. Ол үшін әрине, барыңды паш ет, өзгеден үйрен, тәжірибе алмас. Астанада өтетін көрме де осылардың бәріне ықпал етуге тиіс.
Бүгінде ЭКСПО-2017» кешенінің құрылысы аяқталуға жақын. Рас, барлық нысандар үстіміздегі жылдың қыркүйек айында пайдалануға берілуге тиіс еді. Дегенмен, алып құрылыс болған соң кейбір қиындықтардың туындайтындығы да белгілі. Жуырда құрылыс басында бір конструкцияның сыр беріп, құлауы соның айғағы. Алайда, ол кемшілік дер кезінде түзеліп, олқылықтың орны толтырылды. Журналистермен жүздесу барысында жауапты адамдар бұл мәселе бойынша туындаған көптеген сұрақтарға толымды жауап алғандай болды. Әрине, әсіресе, әлеуметтік желілерде біраз сын-пікірлерге арқау болған бұл оқиғаның ыңғайсыздау әсер еткендігі шындық. Алайда, ел намысы, Астананың беделі бәрінен жоғары тұруға тиіс.
Ал, көрме өткен соң ғимараттардың тағдыры не болады дегенге келетін болсақ, ол мәселе де өз шешімін табады. Нақтырақ айтсақ, көрме аяқталған соң ЭКСПО-2017 жоғары технологиялық инфрақұрылымы негізінде ерекше мәртебеге ие «Астана» қаржы орталығы» құрылатын болады.
Бүгінге дейін ел Президенті атынан 139 мемлекет пен 12 халықаралық ұйымға ресми шақыру қағазы жолданса, 105 мемлекет пен 17 халықаралық ұйым өздерінің көрмеге қатысатындығын ресми түрде растады. Ал, Франция, Германия, Венгрия, Түркия және Қытай көрмедегі өз павильондарын қабылдап алып, қажетті қондырғыларын орналасты-
руды бастамақшы.

Талғат Қасен.

Астана қаласы.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар