Электр қуатын беруді тоқтатуы негізсіз

Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің Ақмола облысы бойынша аумақтық департаменті Щучинск қаласының тұрғыны В.Андриянованың пәтерін электр энергиясынан заңсыз түрде ажырату бойынша «Көкшетау Энерго орталығы» серіктестігіне жоспардан тыс тексеріс жүргізді.

Тексеріс барысында энергиямен жабдықтаушы ұйым 2016 жылдың 23 тамызында тұтынушы В.Андрияноваға 2016 жылдың 25 тамызына дейін электр энегиясын пайдаланғаны үшін жиналған қарызды өтеуді ұсынғаны, егер қарыз уақытылы төленбесе, электр энергиясын жеткізу тоқтатылатыны  белгілі болды. Ал, 2016 жылдың 29 тамызында «Көкшетау Энерго орталығына» қарасты «Восток Энерго» серіктестігінің өкілдері тұтынушы В.Андрияноваға электр энергиясын беруді тоқтатты.
   Нәтижесінде энергиямен жабдықтаушы ұйым электр энергиясы саласындағы нормативтік-құқықтық актілердің талабын бұзғандығы белгілі болды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылдың 20 наурызындағы №233 бұйрығымен бекітілген шарттың 13-тармағына сәйкес электр энергиясын тұрмыстық қажеттілік үшін пайдаланатын тұтынушылар төлемді есептік кезеңнен кейінгі айдың 25 күні ішінде кешіктірмей жүргізеді.  Шарттың 21-тармағының 1-тармақшасы мен Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылдың 25 ақпанындағы №143 бұйрығымен бекітілген Электр энергиясын пайдалану қағидаларының 51-тармағында энергиямен жабдықтаушы немесе энергия беруші ұйым     электрмен жабдықтау шартында белгіленген мерзімде электр энергиясы үшін төлем жүргізілмегенде, сондай-ақ, толық төленбеген жағдайда электрмен жабдықтау шартында белгіленген электрді тұтыну режимі бұзылғанда электр энергиясын толық немесе ішінара беруді тоқтатады. Бұл ретте энергиямен жабдықтаушы немесе энергия беруші (энергия өндіруші) ұйым тұтынушыны электр энергиясымен жабдықтау тоқтатылғанға дейін кемінде 3 (үш) жұмыс күні ішінде (электр энергиясын тұрмыстық қажеттілік үшін пайдаланатын тұтынушыларды  кемінде 30 (отыз) күнтізбелік күн ішінде) жазбаша (хабарлама ұсыну арқылы) немесе электр энергиясын тұрмыстық қажеттілікке пайдаланбайтын тұтынушыларға электрондық поштаға, факсқа хаттама жолдау арқылы ескертіп, электр энергиясымен жабдықтауды тоқтатады (шектейді) деп көзделген. Сонымен, энергиямен жабдықтаушы ұйым қағидалармен белгіленген электр энергиясын жеткізудің тәртібі мен тоқтату (шектеу) мерзімін бұзды. Жоспардан тыс тексеріс жүргізудің нәтижесі бойынша электр энергиясын заңсыз ажырату фактісі расталды. Энергиямен жабдықтаушы ұйымның іс-әрекетінде «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 172-бабының 5-бөлігінде көзделген: «Электр және (немесе) жылу энергиясын заңсыз шектеу және (немесе) ажырату» тұрғысында әкімшілік құқық бұзушылық белгілері анықталды. Жоғарыда айтылғанның негізінде, «Көкшетау Энерго орталығы» серіктестігі әкімшілік құқық бұзушылыққа жол берді деп танылып, әкімшілік жауапкершіліктің 75 (жетпіс бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды. Ал, айыппұл мөлшері 159 075 (бір жүз елу тоғыз мың жетпіс бес) теңгені құрайды.

Дәурен ЖҮСІПОВ,
Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен
бақылау комитетінің Ақмола облысы бойынша аумақтық департаментінің бас маманы.                                                                                  

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар