Брифингте қойылған сауалдар мен берілген жауаптар

Әмір Хасенов, «Евразия» бірінші арнасы» телеарнасы:
–Менің екі сауалым бар. Біріншісі Атбасарға байланысты. Көктемгі су тасқынының алдын алу үшін қандай шаралар қолданылуда. Су тасқынының зардабын жою жөнінде де не істеліп жатқанын айта кетсеңіз? Екінші сауалым Калачи селосы туралы. Тұрғындарды басқа жерге көшіру үшін қаржы мәселесі қалай шешілмекші? Қоныстану барысында тұрғындардың өтініш-тіліктері ескеріле ме?

–Бұл бүгінгі брифингтегі негізгі сауалдардың бірі ғой деп ойлаймын. Алдымен, осы мәселелер жөнінде шынайы ақпарат берген БАҚ-тарға ризашылығымды білдіремін. Мұның бәрі бізге дұрыс шешім қабылдауға көмегін тигізеді. Енді Атбасардағы жағдайға келейін. Көктемгі су тасқынында көптеген тұрғындар үйлерін су шайып, баспанасыз қалды. Елбасы мен Үкіметке рахмет, халықты көмексіз қалдырмады. Қажетті мөлшерде қаржы бөлініп, бізге сол жұмысты дұрыс жүзеге асыру ғана қалды. 20 шілдеде алғашқы үйлер қалпына келтіріле бастады. Осы уақыт ішінде 2 миллиард 200 миллион теңге қаржы игерілді. Біз мектепті қайта қалпына келтіріп шықтық. 329 үй қайтадан жөнделді. Бұған 150 миллион теңге қаржы бөлінді. 20 жыл тұрып қалған бір жатақхананы пайдалануға бердік. Қазіргі уақытта 45 пәтерлік екі тұрғын үй пайдалануға берілді. 25 желтоқсанда тағы 45 пәтерлік бір үйге тұрғындар қоныстанады. Жаңа жылға қарай осындай төртінші үйді пайдалануға береміз. Қазір қыс іші болғандықтан, бұл үйді кептіріп, сәл кештеу пайдалануға береміз деген де ойымыз бар. Су өткізетін барлық қондырғылар, жолдар қайта қалпына келтірілді. Бұл мақсатқа 1 миллион 80 мың теңге қаржы жұмсалды. Халықты су тасқыны болатын жерлерден көшіру қолға алынуда. 2015-2016 жылдары мұндай апаттың алдын алу үшін дамба салу да көзделуде. Су тасқыны жалғыз Атбасар ауданында емес, Целиноград, Астрахан аудандарында да орын алып, олардың зардаптарын жою жөнінде де барлық шаралар қарастырылды.
Енді Калачи селосының мәселесіне келсек, бұл үлкен проблема. Жаппай ұйқы ауруының себеп-салдары да әлі белгісіз болып отыр. Өткен түнде екі адам тағы ауырды. Жергілікті жерлерде барлық жағдай қарастырылғандығына қарамастан, олар аудандық ауруханаға жеткізілді. Калачиде бірнеше рет болып, бірінші сапарымның өзінде адамдарды ол жерден көшіру қажеттігін әбден түсіндім. Жанында Красногорскі тұр. Одан іс жүзінде 220 отбасын басқа жерге көшірдік. Онда әлі 83 отбасы отыр. Калачиде 223 отбасы қалды. Соның ішінде 106 бала бар. Адамдармен кездескенде, қоныс ауыстыру қажеттігін айттым. Мұнымен келіскендер де, келіспегендер де бар. Дегенмен, шамамен 70 пайызы көшу қажеттігін түсініп отыр. Бірінші кезекте ол жерден балаларды алуымыз керек. Бұл үшін айтарлықтай қаржы қажет. Алдын ала есептеулер бойынша шамамен 2 миллиард теңге ақша қажет болатын түрі бар. Қаржы бөлінсе, бұл істі кешіктірмей 2015 жылдың екінші жартыжылдығынан бастағымыз келеді. Мен қазір осы жөнінде көптеген шаруашылық субъектілерімен сөйлесіп жатырмын. Олар бұл мәселеге қол ұшын созуға әзір. Балалары бар отбасылардың бәрі жұмыс істей алады. Кейбір шаруашылық субъектілері бұл адамдарды өздеріне аламыз деп отыр. Көбі пәтер алып беру жағын ойластырып, шешетін болуы керек. Демек, шамамен жеті айдан кейін балалары бар отбасылар ол жерден көшіріледі. Содан кейін қалған отбасылар аудан орталығына, қазір екі 75 пәтерлік үйлер қайта қалпына келтіріліп жатқан Державинкаға көшірілетін болады. Қалған жағдайларын да қарастырамыз. Мұның өзі мәселені шешуге елеулі септігін тигізетіні анық.

Жанар Сердалина, «Биньюст КZ» ақпарат агенттігі:
–Сіз өз сөзіңізде Бурабай курорттық аймағының перспективалық дамуы туралы айттыңыз. Өз баспаналарын тынығушыларға жалға беретін жекеменшік секторға балама қарастырыла ма? Олардың пәтер ақысы тым қымбат екендігі демалушыларды қатты мазалайтыны анық. Оның үстіне бюджет қоржыны да тиісті салықтармен толықтырылмайды. Қазіргідей қауіпсіздік жағдайы бірінші орынға шығып тұрғанда, жаныңдағы көрші үйде кімдердің тұратынын да біле бермейсің. Әсіресе, жазда қонақ үйлер халыққа лық толы. Сондықтан, жекеменшік үйлерге барудан басқа амал қалмайды. Осы бағытта қандай жұмыстар атқарылады?
–Бұл бағытта соңғы 4-5 жылда өте көп жұмыстар атқарылғандығын объективті түрде атап өту керек. 2011-2013 жылдарды қамтитын бастапқы кезеңде Щучинск-Бурабай курорттық аймағын дамытуға 4,7 миллиард теңге қаржы салынды. Екінші кезең сан алуан түрдегі 85 шараны қамтығалы отыр. Соған орай, біз 2014-2016 жылдары 47,6 миллиард теңге қаржыны игеруіміз қажет. Бұл өте көп қаржы. Мұның өзі біздің азаматтардың дем алысын жақсартуға зор септігін тигізбекші. Бүгінгі таңда Бурабайда әсіресе, жазда 500 мың адам дем алады. Ал, жыл бойы 2 миллионға тарта адам тынығады. Біз бір мезгілде қонақ үйлерге 12 мың адамды орналастыра аламыз. Қазір шамамен, 600 дәмхана мен дүкен бар. Жекеменшік секторды айтатын болсақ, ол да керек. Рас, мен салық базасы бұдан зардап шегіп отырғанын түсінемін. Егер жекеменшік секторға жаппай салық салуға көшсек, онда біз орта және шағын бизнесті әлсіретеміз. Болашақта мұндай қадамға баратын шығармыз. Ал, қазір осы қалпында қалдыра тұру керек. Ал, мемлекеттік тұрғыдан құрылыс жүргізуге сөз жоқ, бұрынғыдан да көп күш салуымыз қажет. Бұл орайда, 47,6 миллиард теңге қаржының бөлінуі жағдайды одан әрі жақсартуы тиіс.

Бақытнұр Әлібай, 31-ші телеарна:
–Целиноград ауданының Қоянды ауылындағы шетелден көшіп келген қазақтардың жер дауы  қалай шешіледі? Іргетасы қаланған үйлердің құрылысы жалғастырыла ма, әлде бұзыла ма? Мәселені ушықтырмай, қалай ретке келтіресіздер?
–Біздің облыс бойынша тағы бір өзекті мәселе осы болып тұр. Оңай мәселе емес. Әрі бір ғана бүгінгі күннің мәселесі емес. Жер телімдерін заңсыз  иеленуден басталған бұл жағдай 2007 жылдан жалғасып келеді. Ашығын айтсақ, осыны жасаған адамдарды ғана кінәлауға болмайды. Көп жағдайда жергілікті биліктегілер де кінәлі. Ауылда бәрі жұрттың көз алдында. Алғаш жұрт заңсыз жер телімдерін ала бастағанда, бұған ауыл әкімі, полицияның учаскелік инспекторы де мән бермеген. Іргетасын көтергенде де ешкімнің жұмысы болмаған. Ал, үй салынып болғанда осындай проблема туындап отыр. Бүгін осы сауалдың қойылатынын білдім. Ауылдың бас жоспары бар. Өздеріңіз түсініңіздер, содан бәрін көрсетейін. Міне, мыналар проблема туындап отырған тұстар. Олар жасыл түспен белгіленген. Қазір осы жағдай 194 адамның басында болып отыр. Көбінің кінәсі жоқ, бірақ, үйлері бола тұра, өз беттерімен заңсыз жер алғандар да бар. Кейбіреулерінің Щучинскіде екі пәтері бар, тіпті, Шығыс Қазақстанда да үйлері бар болып шықты. Кейбіреулері заңсыз алып тұрғандарын біле тұра, оларды сатып алып, кейін басқа біреулерге қайтадан сатқан. Мұндай адамдардың бәріне жерлерін үкіметке қайтарып беруге тура келеді. Белгілі бір шешім қабылдау өте қиын. Назар аударыңыздар, адамдар тұрып жатқан үйлердің саны 93, олардың 38-і бас жоспар бойынша салынған. Олар бұзылмайды. Бұл ауылда мемлекеттің де, жекеменшіктің де жерлері бар. Мен айтқан 83 үйдің де жартысы мемлекеттік, жартысы жекеменшік жерлерге жатады. Оларды заңдастыру қадамына баратын шығармыз.  Ал, құйылған іргетастарды бұзу керек. Алайда, олардың иелеріне мен жекеменшік жерлерге ауысу жөнінде ұсыныс жасар едім. Бұл мәселеде көмектесеміз. Яғни, олар бас жоспарда белгіленген жерлерде орнығулары қажет. Осылайша 194 учаскені біз қалдырғанымыз жөн. Алайда, бас жоспарға жатпайтын 45 үйді не істейміз, міне, мәселе осында. Бұл арада тартылған жол бар. Егер ол үйлерді орнынан алмасақ, коммуникациялық жүйелерді тарта алмаймыз. Су, жарық  болмайды. Сондықтан, адамдар түсініп, біздің ұсынысымызды қабылдамаса болмайды.
Ендігі бар проблема, жекелеген құрылымдармен келісу болып тұр. Баспасөзде кейбір жарияланымдар бола қалса, тікелей менімен хабарласып, сөйлесулеріңізді қалар едім. Мәселе өте күрделі. Әлі де мұқият айналысуды талап етеді. Бәріміз де заңды білуіміз керек. Заңды білмеу жауапкершіліктен құтқармайды. Рұқсат берген құжаттары барларды мен әрине, қолдаймын. 

Олег Рябченко, «Oilnews.KZ» ақпарат агенттігі:
–Сіз жаңа өз сөзіңізде электр қуаты мен жабдықтар туралы айттыңыз. Бірақ, Целиноград ауданында үй салған адамдардың жарықсыз отырған мысалдары бар. Осы жөнінде не дер едіңіз?
–Сұрағыңыз орынды. Үй құрылысын жүргізгенде инженерлік-коммуникацияларды тартып үлгере алмай жатамыз. Барлық уақытта бірдей қаржы да бөліне бермейді. Дегенмен, соңғы жылдары Целиноград ауданына электр қуатымен жабдықтауға 15 миллиард теңге қаржы бөлінді. Ақмолда төрт шағын аудан бар, оның екеуі электр қуатынсыз болды. Биыл 290 миллион теңге бөлдік. Жақын арада бұл мәселе толық шешіледі деп ойлаймын. Рас, кейбір ауылдарда шешілмеген де мәселелер бар. Мәселен, инженерлік-коммуникацияларды екі шақырымға белгілесек, үйлер үш шақырымға салынып, созуға тура келеді. Ауыл әкімдері де, аудан әкімдері де айналысып, 2016 жылға қарай бұл мәселе күн тәртібінен түсуі тиіс.

Бақытжан Жәкеев, 7-ші арна:
– Менің сауалым да Целиноград ауданына байланысты қойылғалы тұр. Ауданда, атап айтқанда, Қояндыда жолдың жағдайы нашар. Осы мәселелер қалай шешіледі?
– Ауданда 2013 жылы бұл мақсатқа 150 миллион теңге қаржы бөлінген еді.  2014 жылы біз 719 миллион теңге қаржы бөлдік. Оның 690 миллион теңгесін игердік. Қалғаны үнемделді. Бұл мәселелер шешіліп жатыр және одан әрі де шешілетін болады. Қоянды селолық округінде қазірдің өзінде 9300 адам тұрады. Ауыл тез өсіп келеді. Демек, жол құрылысына қаржыны ұлғайта түсетін боламыз. Ал, су мәселесіне келсек, биыл 70 шақырым су бөлу және беру жұмыстарын атқардық.

Гүлнұр Имандосова, КТК телеарнасы:
– Ақмола облысындағы жаппай кадрлық ауыс-түйістер немен байланысты болып отыр? Біз шамамен 10 адамның қызметтен кеткенін білеміз. Олардың ішінде аудан әкімдерінен бастап, әкімдік қызметкерлері де бар. Елбасының басшылардың өз командасын іріктеуді тоқтату жөнінде айтқан сөзі де бар. Керісінше жағдайда жауапкершілікке тарту мәселесі де атап көрсетілген.
–Мен Қазақстаннан тысқары жерлерден ешкімді әкелген жоқпын. Бәріміз де қазақстандықтармыз. Жаңа басшы келгенде бәрібір ауыс-түйістер болмай қоймайды. Менен «сіз тағы әкімдерді, басқарма басшыларын ауыстырасыз ба?» деп жиі сұрайды, иә, ауыстырамын. Егер олар жұмыс істемесе. Талап бар, орындаушылық тәртіп бар, Мемлекет басшысының талабы бар. Елбасы алдымызға қойған міндеттер орындалмай жатса, өңір бойынша дамудың нышаны байқалмаса, егер басшылық қызметте үш жыл отырып, бірде-бір инвестициялық жобасы болмаса, мектептер жөнделмесе, адамдарға қамқорлық жасалмаса, ондай адамды қалай ұстаймыз?! Егер жұмысы жүріп жатса, мен ешкімді қозғамаймын. Егер нәтиже болмаса, тағы ротация жасауға мәжбүрмін. Ал енді, он адамға келсек, төртеуі ротация бо-
йынша ауыстырылды. Үшеуін босаттым. Екі басқарма басшысының орны бос тұрды. Бұрынғы әкім кеткен соң, соңынан кейбір адамдардың кетуі де заңды. Соның бәрін есептегенде он адам болып қалады.

Ырысты Әлібекова, «Казахстанская правда» газеті:
–Бүгінгі таңда Көкшетау қаласы бойынша үй кезегінде 6 мың адам тұр. «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы бойынша облыс орталығында тұрғын үй құрылысының қарқыны қандай? Бұл жұмысқа жеке инвесторлар тартылған ба?
–Тұтастай алғанда облыс бойынша біз биыл 268 мың шаршы метр тұрғын үй алаңын пайдалануға береміз. Оның 77 мыңы Көкшетау қаласында пайдалануға беріледі. Жекеменшік тұрғын үй көлемі 35 мың шаршы метрді құрайды. Құрылыс қарқынын алдағы жылдары арттыра түсетініміз анық. Рас, тұрғын үй кезегі үлкен. Биыл облыс орталығында 551 отбасы пәтер алады.

Айгүл Әдепбай, «Астана» телеарнасы:
–Әкім мырза айтыңызшы. Альберт Рау бұған дейін Арқалық қаласы туралы, егер онда сегіз жыл ішінде боксит қоры таусылса, қала тіршілігін тоқтатуы мүмкін деген еді. Осы мәселе жөнінде сіз не айтасыз? Және екінші сауалым Қорғалжындағы Теңіз көлінде броконьерлер шаяндардың уылдырығын ұрлап жүр. Біз осы мәселені телеарнамызда да көтеріп едік. Жалпы, бұл проблемадан хабардарсыз ба? Бүгінде 20-дан астам қылмыстық іс қозғалған. Бірақ, сот процесі созылып жатыр, неліктен?
–Менің Арқалық қаласына деген оң көзқарасымды білесіздер, боксит кеңі онда ертеде азайды деуге болады. Мен Қостанай облысына келгенімде, Арқалықта жұмыс істейтін адамдар саны азайып бара жатқанын аңғарып, мемлекеттік меншікке құс фабрикасын сатып алдық. Бұл кәсіпорын мен ол жақта бірінші рет жұмыс істегенде салынып жатқан болатын. Сосын инвесторларды таптық. Қазір бұл құс фабрикасы 500 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Кен өндірудің көлемі азайып келеді. Демек, бұл тұйықтан шығудың жолдарын қарастырмай болмайды. Президенттің қамқорлығының арқасында үлкен қаржы салынып, Арқалықтан Амантоғайға дейін жол тартылды. Қазір Амангелдіге дейін жасап жатыр. Одан әрі бұл жол Қызылордаға кетеді. Сондықтан, Арқалықтың екінші тынысы ашылады деп ойлаймын. Әрі осыған сенемін.
Енді Қорғалжын қорығына келейік. Біз осы қорықтың дамуымен көптеген туристерді тарта алатынымызды түсінеміз. Дегенмен, тек қана Қорғалжын қорығын дамыту жеткіліксіз. Жол болмаса, онда ешкім бармайды. Қазір 200 шақырым жолға күрделі жөндеу жүргізу мәселесі шешілуде. Сонда ғана біз қорықта үйлердің, кемпингтердің, аңшы үйлерінің  құрылысын қолға ала аламыз. Сол кезде ол жаққа көп адам барады.  Ал, браконьерлікпен күресіп жатырмыз. Сайғақтарды да атып жатыр. Қорықшылар бар. Солардың көмегімен тиісті шаралар қолданатын боламыз. Ал, шаянның уылдырығын жинап, сатуға қарсы да күресетініміз анық.

Жәмила Кәрімова, «БАҚ КZ» порталы:
–Баспасөзде Ақмола облыстық әкімдігі өңірдегі балалар үйлеріне күрделі жөндеу жүргізетіндігі туралы ақпарат тарады. Осыған қанша қаржы бағытталатынын және өзіңіз жетім балаларға қаншалықты көңіл бөлетіндігіңізді білгіміз келеді.
–Әзір жобалау-сметалық құжаттамасын көре қойған жоқпын. Алайда, Қостанай облысында жөнделген бала бақшаларға қарап, бұған шамамен қанша қаржы кететіндігін айтуға болады. Ол жақта бес балалар үйін жөндеуден өткізген едік. Ең арзаны 500 миллионға, ең қымбаты 1 миллиард теңгеге түскен еді. Бұл жақта да шамамен бір балалар үйіне 700-800 миллион теңге кетеді деп болжауға болады. Бұл қаржыға жазғы балалар лагерін қоса алғанда, балалар үйінің тәрбиешілері үшін барлық жағдайды қарастыруға тиіспіз. Балалар үйі мен жазғы лагерь ажырамас ұғым болуы керек. Бірінші кезекте Ақкөл балалар үйін жөндеуді ұйғарып отырмыз. Қазір құжаттама дайындап жатырмыз. Осы орайда, балалар үйлерін оңтайландыратын боламыз. Тұтастай алғанда, облыста 2 миллион 200 мың жетім балалар немесе әке-шешелерінің қарауынсыз қалған балалар бар. Осы жеткіншектерге қолайлы жағдай туғызу үшін  балалар үйлерін қайта құрмақ ниеттеміз. Яғни, олардағы балаларды жас ерекшеліктеріне, басқа да жағдайларына қарай бір-біріне ауыстырып, толықтырған жөн бе деп отырмыз. 1800 бала патронаттық тәрбиеде. Біразы емдеу мекемелерінде. 400-ден астамы балалар үйлерінде. Олар үшін барлық жағдайды жасауымыз керек. Біздің жетім балаларымыз балалар үйлерінде емес, жалпыға бірдей мектептерде оқулары керек, сонда олар сыртқы ортаға тез бейімделеді. Қазір осындай шешім қабылдап, балалардың сонда оқуына, ал, балалар үйлерінде сабақтан кейін тек тұруларына жағдай туғызғалы жатырмыз. Өкінішке орай, мұндай балалар тұрғын үймен ойлағандай қамтамасыз етілмеуде. Биыл 36 бала пәтер немесе жатақханадан бөлме алды. Келешекте бұл бағыттағы жұмысты күшейтпекпіз.

Бақыт Әбішев, «БАҚ КZ» порталы:
–Ақмола облысының Астананың айналасында азық-түлік белдеуін жасауға қосып отырған үлесін тағы бір таратып айтып берсеңіз? Соның ішінде «Қазагро» арқылы қандай жұмыстар жүргізілуде?
–Осы жылдар ішінде 82 жоба болды. Сол арқылы 53 миллиард теңге қаржы игерілді. «Қазагроға» келсек, 33 миллиард теңгенің 42 жобасы іске асырылуда. Тұтастай азық-түлік белдеуі туралы айтсақ, біз бүгін Астананы ұн және жұмыртқамен 100 пайыз, картоппен 90 пайыз, сүтпен 40 пайыз, етпен 46 және көкөніспен 33 пайыз қамтамасыз етіп отырмыз. Біз үшін Астана өте жақсы рынок. Біздің басты міндетіміз қазір осы көрсеткіштерді арттыру. Өнімдерді өңдеу жөнінде де біраз жұмыстар атқарылды. 17 ет комбинаты, 12 сүт зауыты, өсімдік майын өңдейтін 5 зауыт бар. Бұл кәсіпорындар Астана қаласын азық-түлікпен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жалпы, Елордаға 133 тонна сүт, 50 мың тонна ет, 17 мың тонна май өнімдері қажет. Қазір осы бағытта жұмыс істеудеміз. Ол үшін жоғарыда айтылған  кәсіпорындарды толық қуатында пайдалану керек. Айталық, өсімдік майын өндіретін зауыттар 52 пайыздық, тіпті, елімізге белгілі «Родина» агрофирмасының» сүт зауыты 65 пайыздық қуатында ғана жұмыс істеп тұр. Ақкөлде осы заманғы зауыт салынды. Ол 25 пайыз көлемінде ғана пайдаланылып тұр. Демек, біздің міндет осы зауыттар толық қуатында жұмыс істейтіндей өнім көзін қамтамасыз ету болып табылады.

Ая Өміртай, «БАҚ КZ» порталы:
–2015 жылдан бастап мекенжайға жалған тіркеуде тұрғандарға айыппұл салынады деген заң күшіне енбекші? Осыған халық аңтарыла қарауда. Көпшілік қалаға келіп баспанасыз жүргендіктен, осындай мекенжайларға тіркелуге мәжбүр. Биліктің мұндай шешіміне қарсы шыға алмаймыз, бірақ, өзіңіздің осы мәселеге азаматтық көзқарасыңыз қандай?
–Заң аясында жұмыс істеуіміз керек. Билік алдында да, халық алдында да ойнауға болмайды. Заңға келсек, біз оны сақтайтын боламыз. Біздің отандастарымыз басқа елдерге барады дедік, мәселен, Германияға, Ресейге. Ол жақта да біздегідей істесек, үй салсақ деген ойлар туындауы мүмкін. Бірақ, оған жол бермейді. Сондықтан, бәрін заңды түрде шешуіміз керек.

Төлен Тілеубай, «Жас қазақ» газеті:
–Екі сауал. Біріншісі, былтыр баспасөзге шыққан храмдағы суретіңіз туралы. Екіншісі, Қазақстанның Швейцариясы атанған біздің Бурабайымыз көз алдымызда тозып барады. Оталған орман, ластанған көл. Ресейден де келіп ластауда. Осыны қаншама рет газет беттерінде көтердік, телеарналарда көрсеттік, бірақ, нақты бір шешім жоқ әлі. Сол Бурабайды сақтап қалу үшін не істеу керек? Осыған нақты бір жауап берсеңіз?
–Бірінші мәселе бойынша кезінде тұшымды жауап берген болатынмын. Есіңізде болса, сол кездегі жарияланымдарды қарап шығуыңызға болады. Екіншісі бойынша да жаңа сөзімде айттым. 47,6 миллиард теңге осы мәселелердің бәрін шешуге жұмсалатын болады.  Бұл аз ақша емес. Демек, мәселенің шешімі табылады. Бұл тез, бір жылда тындырылатын шаруа емес. Қазірдің өзінде көп жұмыс атқарылды деу-
ге болады. Ал, туристерге келсек, тек қана ресейліктер ластамайды, біз де ластаймыз. Ол жақтан бізге аз келеді. Сондықтан, бұл мәселеге алдымен өзіміз жанашыр болуымыз керек. Рас, біздің міндетіміз тиісті жағдай жасау. Ауыл әкімдері мен аудан әкімінің жұмысы осыған тікелей қатысты. Олардан қатаң сұрай түсеміз ғой деп ойлаймын.

Эльвира Рафикова, «24 КZ» порталы:
–Әкімдікке кенет мол қаржы бөлінді делік. Оны алдымен қай салаға бағыттар едіңіз? 
–Калачиге жұмсап, мәселені шешер едік. Балалар үйлері, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, тағы басқа да бірқатар мәселелерді тез шешуді қолға алар едік. Азаматтардың хал актілерін тіркеу (ЗАГС) ғимараты жоқ. Бұндай мәселелер толып жатыр. Көкшетау қаласында орталықтың өзінде  ескі үйлер тұр. Адамдар баспана талап етуде. Біз ол ескі үйлерді орнынан  алуға дайынбыз, бірақ, қаржы жоқ. Міне, осының бәріне қаржы керек.
 – Облыста 5 кент, 623 ауыл бар. Облыстық әкімдік осы елді мекендер тұрғындарының бос уақыты мазмұнды өтуі үшін қандай мүмкіндіктер туғызуда?
–Мен облыстың ішінде көп жүріп, тұрамын. Қазір аудандарды тағы бір аралап жатырмын. Бұл жұмыс сапарын 23 қазанда бастаған болатынмын. Алдағы жылдың 15 ақпанында аяқтаймын. Сосын басқарма басшылары есеп бере бастайды.  Барлық жерде адамдармен кездесемін, мектептерде боламын. Кәсіпорындарда, клубтарда, ауруханаларда болған кездерімде түйген бір ойым, ұқыпты, жылы қолдардың табы сезілген елді мекендерде, яғни, адамдарға жағдай жасалған орындарда халық та көбірек қоныстанып, жұмыс істеп жатады. Сондықтан, біздің бірінші міндетіміз – осындай жақсы елді мекендерді одан
сайын көбейте түсу. Сонда адамдар да ешқайда көшпейді. Сол жерлерде орнығып қалады. Бұл үшін әрине, билік, шаруашылық субъектілері бар ынта-жігерлерін салып жұмыс істеулері керек. Бізде шаруашылық субъектілеріне байланысты көп сауалдар туындайды. Бизнес әлеуметтік жауапкершілік бағытын ұстануға тиіс. Алайда, көбі мұны ұмытып кетеді. Сондықтан, менің міндетім соны естеріне салу. Олар мектептер, жолдар, мәдениет орындары, бәрімен де айналысулары қажет. Әрине, соның ішінде негізгі жүкті жергілікті билік көтеруі керек.

Индира Бегайдар, «Қазақстан ұлттық» телеарнасы:
–Менің сұрағым мынадай. Қазіргі кезде жастарды ауылдық жерлерге тарту үшін көптеген жұмыстар қолға алынып жатыр. Сіздердің өңірлеріңізде қанша жас маман ауылдық жерге жұмысқа тартылды?
– Бәрін қоса алғанда шамамен 450 адам. Бізде денсаулық сақтау саласында кадрлар проблемасы бар. Қазіргі жағдайда ауылдық жерлерге ешкім бармайтыны анық. Біз қазір толық емес отбасылар мен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардан неғұрлым білімді, ынталы жастарды оқуға жібергіміз келеді. Әсіресе, бұл жаңағы денсаулық саласына қатысты. Биыл мен 2015 жылы облыс әкімінің шәкіртақысымен  120 баланы медициналық оқу орындарына оқыту жөнінде шешім қабылдадым. Қазір шамамен 350-370 жас қыз-жігіттер осылай әртүрлі мамандықтар бойынша жоғары оқу орындарында білім алуда. Жастарды бұлай оқытып, жергілікті жерлерге жіберу үшін оларға тиісті жағдайлар туғызуымыз керек. Бұл үшін барған жерлерінде пәтер, мәдениет орындары қажет. Онсыз жастарды селоға тарта алмаймыз. Осы мәселелерді біз қазір шеше бастадық.

Айнұр Коскина, КZ радио нүктесі:
–Менің сұрағым, ұлыңыз туралы. Ол 26 жасында аудан әкімі болды, кейін «А» корпусына тестілеуден өте алмады. Сіз тәжірибелі адам, облыс әкімі ретінде қалай ойлайсыз? 26 жаста әкім болу ерте ме, жалпы, осы жөнінде ұлыңызға қандай ақыл-кеңес бере алар едіңіз?
–Мен бұл сұраққа жауап бергенде мынаны айтар едім. Менің өзім сол жаста шаруашылық директоры болдым. Одан кейін «Казсельхозтехниканы» басқардым. Мен сауыншының баласымын. Біз отбасында үш бала болдық, әкем жоқ, ең кішісі менмін. Үшеуміз де білім алып, кеңшар директорларына дейін өстік. Содан кейін мен қызмет бабымен көтерілгенде, ортаншы ағам да аудан әкімі болды. Кейін облыс әкімі болып келгенімде, оны бұл қызметінен босаттым. Сіз мұны ерте деп ойлайсыз ба?  Ойлап қараңызшы, айналамызда 26 жастағы басшылар жоқ па? Солардың ішінен тек Кулагинді ғана байқап тұрған сияқтысыз. Бүгінгі отырған журналистердің де қайсысы өзін талантсызбын деп айта алады? Сондықтан, мен бұл жаста басшылық жұмысқа араласу ерте деп ойламаймын. Шынықсын, көрсін.

Надежда Лукова. «Биньюст КZ» ақпарат агенттігі:
–Мен нақтылағым келіп еді, 2015 жылы Астананың іргесінде әлеуметтік нысандар құрылысы жүргізіле ме?
–Сөз жоқ. Бізде қазір 85 шара жоспарланған, оның жалпы сомасы 105 миллиард теңгені құрайды. Таяу арада 5 мектеп, 21 бала бақша, дәрігерлік амбулаториялар, инженерлік-коммуникацияларды жоспарлап отырмыз. Бұл таяудағы 5-6 жылдың көлемінде атқарылатын жұмыстар.

Индира Хауметова, «Стратегия-2050»:
–ЭКСПО-2017 көрмесіне Сіздің облыс қатыса ма? Қатысатын болсаңыздар, қандай жобалармен атсалысасыздар?
–Әрине, өйткені Астана мен Ақмола облысы бір аумақта жатыр. Біріншіден, көрмеге шамамамен 5 миллион халық келеді. Соған байланысты Бурабай курорттық аймағы, Зеренді, Сандықтау аудандары осы қонақтарды қарсы алу ісіне атсалысатын болады. Бұған Қорғалжын ауданы да қатысады деп үміттенемін. Оған дейін бірқатар тапсырмалар да түсуі мүмкін. Білетінім, облыс осы маңызы зор шаруаны елімізбен, астаналықтармен бірге атқарысатын болады.

Әсемгүл Хасенова, «Тенгри ньюст КZ»:
– Бурабай курорттық аймағы бойынша қосымша сауал қояйын деп едім. Сіз онда дем аласыз ба? Және ондағы бағалар Сіздің көңіліңізден шыға ма? Атап айтқанда, бүгінгі бағаларды түсіру үшін нақты қандай шаралар қолданылатын болады? Өйткені, осы жөнінен жылдан-жылға әңгіме тиылмай келеді. Жұрт Түркияға барып келудің баға жағынан Бурабайдан айырмашылығы шамалы екендігін айтады.
– Мен Бурабайда жиі боламын. Өйткені, облыс орталығы Көкшетау курортты аймаққа тиіп тұр. Ал, баға туралы айтсам, онда бір нөмірі 25 мыңнан 120 мыңға дейін тұратын бөлмелер бар. Бұл арада әңгіме 5 жұлдызды  қонақ үй туралы болып отыр. Сондай-ақ, бөлмелері 4,5-15 мың теңгені құрайтын қонақ үйлер де бар. Демек, әркім өзі біліп таңдау керек. Ал, Түркиямен салыстыру қисынға келмейді. Оларда курорттық бизнес қашаннан дамып келеді. Ал, біз бірінші жылы 4,7 миллиард теңге ғана қаржы салдық. Енді 47 миллиард теңге салғалы отырмыз. Сондықтан, инфрақұрылымды қайта жаңартқанда, бәрі басқаша болады ғой деген сенімдемін. 

«Биньюст КZ» ақпарат агенттігі:
–Осыдан тура бір апта бұрын Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесін тойладық. Қарағанды облысы бірде-бір мерекелік шара өткізбеген. Тіпті, осында келген бір әріптесіңіз Тәуелсіздік күнін туған күніне байланыс-ты шетелде тойлайтынын айтты. Ал, Сіздің аймағыңыз Тәуелсіздіктің 23 жылдығын қалай атап өтті.
– Өте кең көлемде атап өтілді. Біз тәуелсіздігіміз үшін қуанып, осы күнді мақтан тұттық. Бұқаралық көптеген іс-шаралар өткіздік. Барлық аудандарда, ауылдар мен кенттерде. Көкшетау қаласында көптеген шаралар ұйымдастырылды. Үлкен мерекелік концерт болды. Бұл шараларға өңірдің беделді адамдары шақырылды. Біз Тәуелсіздік күні өз адамдарымызға Елбасымыз марапаттаған бүкіл наградаларды тапсырдық. Сондықтан, біз бұл күнді зор қуанышпен, өте кең көлемде атап өттік деп ойлаймын.
«ҚазТАГ» агенттігі:
– Менің сұрағым Целиноград ауданына қатысты. Астанаға жақын жатқан аумақтарды алғысы келмеген бұрынғы әкім Иманғали Тасмағамбетовтың көзқарасы бізге белгілі. Өйткені, әлеуметтік мәселелерді шешу, инфрақұрылымды дамыту оңай емес. Қазір әкімдер ауысты. Одан бері Астана қалалық әкімдігі мен Ақмола облыстық әкімдігінің арасында өзара түсіністік, ақпарат алмасу бар ма? Бұл арада әңгіме Астананың аумағын кеңейту туралы болып отыр, Себебі, өткен жылы Алматының шекарасы 23 мың гектарға ұлғайды. Шымкент 100 мың гектардан астам аумаққа өсті. Пайыздық өлшеммен алғанда,  Астана халқының өсуі де олардан кем соқпайды. Целиноград ауданында біздің білуімізше 100 мыңға жуық адам тұрады. Бұл, еліміздегі үлкен бір қаланың халқы. Көптеген тұрғындар Астанада жұмыс істейді, суға дейін сол жақтан әкелетіндері бар. Сондықтан, осы аумақтың Астанаға қосылуы туралы мәселе туындап көрді ме? Су мәселесі де қалай шешіледі?
– Бұл мәселеге мен бұған дейін қысқаша тоқталып өттім. 2015-2017 жылдары ауыз суға қанша қаржы бағытталатыны жаңа айтылды. Мен әкім болып келісімен бірінші мәселе бойынша Иманғали Нұрғалиұлымен де, кейін Әділбек Рыскелдіұлымен де сөйлестім. Оларға 3-4 жылдан кейін қаланың маңайы, атап айтқанда, Қоянды, Қараөткел, Талапкер қаланың аумағына кірмей қоймайтынын жеткіздім. Оларды әуел баста Астананың инфрақұрылымынан бөлмеген жөн болар еді.  Бұл пікіріммен қаланың бұрынғы әкімі де келісті. Екеуміз ортақ тіл табысып, осы бағытта жұмыс істей бастадық. Қазіргі әкіммен де бұл мәселені талқыладық. Үкіметте өткен соңғы мәжілісте де осы мәселені көтердім. Бұл мәселені шешу керек. Атап айтқанда, Астананың шеті мен оның іргесі бірге дамытылуы керек. Керісінше жағдайда, үлкен айырмашылыққа жол беріледі. Мысал үшін Қараөткелді алып қарайық. Жолдың оң жағында коммуникациялық жүйелері тартылған осы заманғы жаңа елді мекен, сол жағында ескі ауыл. Онда инженерлік-коммуникациялар, жол, ештеңе жоқ. Біз келесі жылы белгілі бір мөлшерде қаржы жұмсап, жағдайды теңестіріп көргіміз келеді. Міне, бір ғана жолдың екі жағындағы айырмашылық осындай. Сол себепті, тағы да айтамын. Астанамен іргелес елді мекен бірдей дамуы керек.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар