Төрт түлікті төскейде өргізген

Мұрат Молдахметов  Көктерек ауылындағы «Асат» шаруа қожалығының басшысы. Қазіргі таңда бұл шаруа қожалығы жақсы дамып келеді. Жалпы, ауыл тұрғындарының арасында өздерінің фермерлік шаруашылықтарын құрып, оны нарық талабына сай өрге бастырып жүргендер аз емес.

Зерлі Зерендінің әсем табиғатының аясында орналасқан Көктерек ауылындағы «Асат» шаруа қожалығының түтіні түзу ұшып, жылдан жылға өркендей түсуде. Өткен ғасырдың аяғында елімізде орын алған тоқырау кезеңінде кім немен айналысарын білмей, дел-сал болып қалған шақта шаруашылықпен айналысуды құп көріп, қолындағы бар 70 гектарлық жер пайымен егін егуді бастаған еді.  Қазіргі таңда ол егіншілікпен ғана емес, сонымен бірге, мал шаруашылығымен де айналысады. 650 гектар алқаптың 350 гектарына егін ексе, қалғаны мал жайылымы.  Шаруашылықта осы күні 500 бас қой, 50-ден астам жылқы, ірі қарадан 25 бұқа бар. Осыдан екі жыл бұрын ірі қараны асылдандыру бағдарламасы аясында «Шындәулет К.» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі ашылып, Мұрат Жақпарұлы соның төрағасы болып сайланды. Бүгінде бұл кооперативке алты ауыл кіреді. Алғашқы жылы шаруа қожалығының иесі Щучинск қаласындағы сүт зауытынан 15 бұқа сатып әкелсе, биылғы жылы Сандықтау ауданының Балкашин селосынан 10 бас ангус тұқымды бұқа сатып алған.  2000 жылы қой шаруашылығын қолға алған шаруа алғашында 100 басты Солтүстік Қазақстан облысының Уәлиханов ауданынан сатып алыпты. Оларды асылдандыру үшін «Бастау» шаруа қожалығынан асыл тұқымды қошқарлар әкелген. 2003 жылы өзінің бизнес-жоспары мен аталған жобасын ағылшын тіліне аудартып, қойларды асылдандыру жобасымен Бүкіләлемдік банктен 3 миллион теңгенің грантын алады. «Еңбек – бәрін жеңбек» демекші, жұмысының жемісін көргенін әлі де мақтанышпен еске алады. Сол алған грантпен малдың басын еселеген. Екі-үш жыл ішінде қошқарларды ауыстырып отырады.
–Қой өсірудегі мақсатым – асылдандырып, етін сатып, пайда табу болды. Курорттық аймақта орналасқаннан кейін, қой етін көбінесе аудандағы демалыс орындарына, дәмханаларға келісім-шартпен өткізіп тұрамын. Көрші ауылдардан тапсырыс арқылы қой, жылқы етін алатындар тағы бар. Жылына 400-дей қой сатып, 12 тоннаға жуық ет өндіремін, – дейді Мұрат Жақпарұлы.
Осыдан 2-3 жыл бұрын бұл шаруашылықта 100 бас ақбас сиыр болыпты. Алайда, олардың барлығын сатып, қазіргі таңда «Шындәулет К.» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін ашып, алты ауылдың тұрғындарының малын асылдандыруға жағдай жасауда. Бұл кооперативте 750 бас сиыр бар. Соларды «Асат» шаруа қожалығының бұқалары ұрықтандырады.
–350 гектарға егін егемін. Биыл егін өте жақсы шықты, бір гектардан 25 центнерден бидай алынды. Былтыр гектарынан 22 центнер өнім алған едім. Қазір малға қажеттісін алып қалып, қалғанын тапсырдым, –деді әңгіме барысында шаруа қожалығының иесі.
Тоқсаныншы жылдардың соңындағы өтпелі кезеңде кеңшарлардың жабылып қалған кезінде жекеменшік болып шығуға талпынған еңбекқор Мұратқа ата-анасы мен бауырлары қарсы болыпты. Алайда, еңбектенуден қорықпай, нар тәуекелге бел буып, жүрегі ауыл деп соққан азамат ауыл шаруашылығымен айналысуды жөн көрген. Барлық туысқандары қалаға көшіп кетсе де, Көктеректе отбасымен қалған. 1985 жылы Алматының ауыл шаруашылығы институтын тәмамдап, кеңшарда агроном, экономист болып жұмыс істеген шағында жиған тәжірибесі де мақсаттарын жүзеге асыруға көп көмегін бергенін де жасырмайды.  «Асат» шаруа қожалығында бүгінде 6 адам жұмыс істейді. Айлықтары шамамен 50-60 мың теңге көлемінде.
–Қожалықтағы малды негізінен өз қаражатыма және жоғарыда атап өткен грант негізінде алдым. Көктеректің тұрғындарының көбі осы «Сыбаға», «Құлан», «Асыл асық» бағдарламаларының аясында мал басын көбейтуде. Бүгінде ауылымыздың әр отбасында 15-20 бас ірі қара бар. Мемлекеттен жақсы қолдау көрсетілуде. Әрбір басқа субсидия беріледі. Аудандық мәслихаттың депутаты ретінде мал жайылымдарын кеңейту, малмен айналысатындарға жайылымдық жер беру жайы жөнінде депутаттық сауал жолдадым. Қазір ол қарастырылып жатыр. Бұрын ауылдардың маңындағы жерлерді егіншілікке арнап, егін егуге қалдырған ғой, әлі де солай. Бұрынғы егін егілген жерге мал жайып, мал жайылған жерге егін егу қажет, – дейді шаруа.
Мұрат Молдахметов қайырымдылық шараларымен айналысып, ауданның өзіне қарасты округтеріндегі мұқтаж жандар мен отбасыларға қолынан келген көмегін көрсетіп тұрады. Қазан айындағы егде адамдар мен мүгедектер айлығын өткізуге демеушілік жасапты. Дороговка ауылындағы клубқа жөндеу жүргізіп,  ауыл тұрғындарына тарту еткен. Бүгінде аудан тұрғындары оны ауданның құрметті азаматы атағына ұсынып отыр.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар