Іскер жандардың игі істері

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамының облыстық филиалы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында баспасөз турын ұйымдастырды.

 

Аталмыш филиал және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері алдымен, Краснояр селосында орналасқан «Бэйби Бум» серіктестігінің «Мансұр» балабақшасын аралап көрді. Бұл мекеме ғимараты көп жылдардан бері қаңырап бос тұрды. Тіпті, қаңқасы ғана қалды деп айтуға болады. Аталмыш серіктестік балабақшаны қалпына келтіріп, биылғы жылғы Балаларды қорғау күні пайдалануға берді.
–Мен ұлыма Көкшетау қаласынан жекеменшік балабақша іздеп, таба алмадым. Бұдан кейін өз балабақшамды ашсам ба деген ой келді. Бос тұрған балабақша ғимаратын күрделі жөндеуден өткізуге бел будым. «Даму» қоры арқылы 15 миллион теңге несие алып, 140 орындық балабақшаны қалпына келтірдім. Жиһаз бен төсек-орынды зағиптар қоғамының тігін цехы тәрізді отандық кәсіпорындардан сатып алдым. Қазір мұнда қазақ тілінде төрт топ, орыс тілінде екі топ тәрбиеленуде. Жалпы мекемеге жүзден астам бүлдіршін келді. Жиырма алты жұмыс орны ашылды, – дейді жоба құрылтайшысы әрі «Нұрқұрылыс кz» серіктестігінің басшысы Жасұлан Ерденов. Бұдан кейін біз Красноярға баратын жол бойында орналасқан «Науфаль Шаңырақ» серіктестігінің мүгедектерді оңтайландыру орталығына келдік. Мекеменің іші мұнтаздай таза. Мүгедектердің демалысы үшін барлық жағдай жасалыпты. Мекеменің құрылтайшысы Ғалия Рақымберлина бұдан бұрын балабақша меңгерушісі болып еңбек етіпті. Еңбеккерлері егде ата-аналарын күту үшін жұмыстан жиі сұранғандықтан, мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі аясында арнайы мекеме ашуды жөн көрген.
– Мұнда келетін егде адамдардан балалары бас тартқан жоқ. Ұл-қыздарының қызметтен қолдары босамайды. Кейбіреуі шетелде іссапарда жүр. Егде адам үйде жалғыз қалып, төрт қабырғаға қарамасын, өз теңдестерімен әңгімелессін деген оймен әкелінеді. Мұнда олардың уақытында тамақтанып, дәрі-дәрмегін дұрыс ішуіне жағдай жасалған. Қазір мекемедегі он алты егде адамға он жеті әлеуметтік еңбеккер қызмет көрсетеді. Мұндағы үйдің жан-жағын абаттандырып, монша салуды межелеп отырмыз, – дейді басшы. Біз Павлодар облысынан қоныс аударған Халида Багаудинованы әңгімеге тарттық. Ол тағдырдың тәлкегімен Алматы қаласындағы балалар үйінде өсіпті. Саналы ғұмырының 28 жылын сауыншылыққа арнаған екен. Жұбайы 1980 жылы өмірден озыпты. Қарт әжейдің Талғат, Болат, Мұрат есімді ержеткен ұлдары бар. Мұрат Индонезияға кетсе, Талғаты кәсіпкер. Аяқ киім сатады. Ортаншы ұлы Болат Мәскеуде әскери хирург болып еңбек ететін көрінеді. Кейуана үлкен ұлы Талғат анда-санда келіп тұратынын айтады. Тағдырына аяушылық танытып, бұл мекемеде қандастарымыздың болмағанына шүкіршілік еттік.
Жеке кәсіпкер Сәуле Сатыбалдина бұрын мұғалімдердің білімін жетілдіру институтында қызмет еткен. Кейін кәсіппен айналысуды  жөн көріпті. Өйткені, автоқалашықтың өзінде 4,5 мың бүлдіршін балабақша кезегінде тұрған көрінеді. Бүгінгі таңда ол ашқан «Улыбка» балабақшасы «Новопэк» серіктестігі маңайындағы коттедждердің бірінде орналасыпты. Мекеме биылғы жаңа оқу жылының басынан бері жұмыс істеуде. Кәсіпкер жеті жыл бұрын қала орталығындағы бір ғимаратты жалға алып, «Мир знаний» балабақшасын ашқан. Бұдан кейін оған өз ғимаратын сатып алып, бүлдіршіндерді экологиялық және эстетикалық бағытта тәрбиелеу жөнінде ой келеді. Экологиялық тәрбие беру үшін бақшасы бар участок керек болған. Бизнес жоспар жасап, «Даму» қоры арқылы «Цесна» банктен несие алып, қала шетіндегі экологиялық таза аумақтан коттедж сатып алды. Мұндағы қазақ және орыс тілдерінде тәрбиеленетін екі топтағы 22 бүлдіршінге экологиялық тәрбие беру үшін барлық жағдай жасалған. Қала шетіндегі бұл аумақтың ауасы таза. Мекеме мемлекеттік стандарт бойынша жұмыс істейді. Ата-аналар кішкентай бүлдіршіндердің тәрбиесі үшін 34 мың теңге, ересектері үшін 17 мың теңге төлейді.
– Тәрбиеленушілер қызанақ, қияр тәрізді өзге де көкөністер отырғызуды, оны күтуді, жинауды өз көздерімен көріп өседі. Сөйтіп, олар қоршаған ортаны аялайтын болады. Балабақшаға екі мен төрт жарым жастағы бүлдіршіндер келеді. Оларға тоғыз адам тәлім-тәрбие беруде. Қыс айларында тәрбиеленушілер қысқы бақшада қыдырады. Жаз айларында коттедждің маңы гүлденеді, –  дейді Сәуле Сатыбалдина. Щучинск қаласына шығатын жолдың оң жақ бойында әйнек өнімдерін өндіретін «Стеклоцентр Көкше» серіктестігі орналасқан. Кәсіпорын басшысының орынбасары Юлия Абдулина бізбен әңгімесінде серіктестік он жыл бойы жұмыс істейтінін айтты. Мұнда негізінен айна мен әйнек әртүрлі ою-өрнекпен, суреттермен безендіріледі. Кәсіпорында он адам жұмыс істейді.
– Еңбеккерлердің бәрі арнайы оқу курсынан өтті. Әйнекпен жұмыс істеу өте қауіпті. Сондықтан, алдын алу шараларына назар аударамыз. Мемлекеттік бағдарлама бо-йынша қомақты қаржы алып, компьютермен басқарылатын станок сатып алдық. Ірі жиһаз жасаушылар тәрізді тапсырыс берушілердің көңілінен шығуға тырысамыз. Франшиз және жаңа технология бойынша жұмыс істегендіктен, біздің кәсіпорынды бәрі таниды. Қазір Авиценна емханасының тапсырысын орындаудамыз. Келесі жылы кәсіпорнымыз толық қуатында жұмыс істейтін болады,– дейді Юлия Абдулина. Бұдан соң біз «Тұлпар» серіктестігінің аумағында орналасқан «Көкше-жиһаз» серіктестігінің жиһаз жасайтын цехын аралап көрдік. Кәсіпорын 2009 жылдан бері жұмыс істеп, тапсырыс бойынша жиһаздың түр-түрін шығарып келеді. Жиһаз облыс орталығындағы «Континент» дүкені тәрізді өңірдің Атбасар, Щучинск, Степногорск, Ақкөл қалаларында орналасқан дүкендерде саудаланады. Сондай-ақ, тауарды Солтүстік Қазақстан облысындағы Кішкенекөл, Новоишим тәрізді елді мекендердің делдалдары сатып алады. Кәсіпорын басшысының орынбасары Жәнібек Қалымов өз сөзінде «Даму» қорының арқасында алғашында әйнек өңдейтін станоктар, кейін теміржол сыртында орналасқан кәсіпорын базасын сатып алғанын айтты. Көкшетау мен Петропавл қалаларында салынған «Гринвич» қонақ үйлерінің тапсырысы орындалған. Шикізат Ресейден тасымалданады. Біз кәсібін өрге сүйреген іскер жандардың оң істеріне сүйсініп, өзгелерге үлгі-өнеге болсын деген ниетпен қалам тербедік.

Рамазан Тілеуов.

Суретті түсірген автор.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар