Ұстаз сенімін ақтауда

Көкшетау қаласындағы №16 орта мектептің 11 «А» сынып оқушысы Райхан Демеуованың ғылыми жобасы облыстық байқауда үздік деп бағаланды.

«Батырлар жырындағы көнерген сөздер» тақырыбында ғылыми жобасын сәтті қорғаған  Райхан Демеуова өзін алғыр жастың бірі ретінде таныта алды. Ол жастайынан түрлі байқауларға қатысып, ұстаздарының сенімін ақтап келеді. Осы орайда, мектептегі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Алма Нұрмұханованың да ерен еңбегін ерекше айтып өткен ләзім. Өйткені, Райхан екеуі шығармашылық ізденістері арқылы биік белестерді абыроймен бағындырып жүр.
Райхан ғылыми жобада 5-9 сыныптарға арналған әдебиет пәні оқулығында батырлар жырында кездесетін көнерген сөздердің мағынасына қатысты терең ой-тұжырымдама жасады. Батырлар жырындағы кездесетін көнерген сөздерді негізгі зерттеу объектісі ретінде алып, топ-топқа бөлу арқылы архаизмдер мен тарихи сөздерге сипаттама берген.
 «Шәкіртсіз ұстаз – тұл» деп Абай атамыз айтқандай, адам баласының тұлға болып қалыптасуы ұстаздың берген тәлім-тәрбиесіне байланысты. Осы орайда, Райхан өзінің жеңісін ұстазының жемісті еңбегі деп бағалайды.
–Менің ең сүйікті ұстазым – Алма Хамитқызы. Оның арқасында мен көп нәрсе үйрендім. Облыстық ғылыми жобалар байқауына біз барымызды салып дайындалдық. Еңбегіміз де зая кеткен жоқ. Мен осындай ұстаздан сапалы білім, саналы тәрбие алып жүргенімді мақтаныш етемін, – деп Райхан Демеуова ұстазына зор ризашылығын білдірді.
Осындай ізгі ниетті, жаны жақсылыққа құмар Алма Нұрмұханованың шәкірттері мектеп мақтаныштарына айналып, жүлделі орындарды иеленіп жатқанына әріптестерінің де ризашылығы шексіз. Ал, Райхандай тәрбиелі де білімді оқушыларымыздың арқасында мектеп мерейі үстем болуда. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, оқуда алғы шептен көрінген Райханның болашағына зор үміт артамыз.
 
 Бақыт БЕКЕШОВА,
     №16 орта мектеп директорының
оқу ісі жөніндегі орынбасары.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар