Аңсатқан ата жұрт

Қазақстан тәуелсіздік ала салысымен-ақ тағдырдың жазуымен жан-жаққа тарыдай шашыраған қандастарымызды бауырға тарта бастады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылдың 31 желтоқсанында алыстағы ағайындарға сөз арнады.

«Қымбатты отандастар! Ежелгі атамекенінен жырақтап  қалған Сіздерді кешегі күнге дейін ата-баба жеріне қайтып келе аламыз ба деген сұрақтың алаңдатып келгенін мен жақсы білемін. «Туған жердің түтіні де ыстық» дейді халқымыз. Қандас бауырларымызды байырғы ата қонысына тарту мақсатында адам құқықтары туралы Еларалық ережелерді басшылыққа ала отырып, Қазақстан Үкіметі «Басқа республикадан және шетелдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақстанда қоныстандыру тәртібі мен шарттары туралы» арнайы қаулы қабылдады.
Көп кешікпей Дүниежүзі қазақтарының Құрылтайын өткізу жөніндегі ұйымдастыру комитеті құрылып, оның төрағалығына сол кездегі Республика Премьер-Министрінің орынбасары Мырзатай Жолдасбеков тағайындалды. 1992 жылы Алатаудың ба-уырында өткен Ұлыстың ұлы жиынына алыс және жақын 30-дан артық шет мемлекеттерден 800-ден аса делегат қатысты. Мемлекет басшысы  Нұрсұлтан Назарбаев тамыры тереңге тартқан арғы-бергі тарихымызды қозғап, тағылымды баяндама жасады.
Сондай ұлы көштің бір бөлігі 1992 жылы біздің Атбасар ауданына да келді. Олардың басым бөлігі сол кездегі Атбасар ауданы әкімдігінің басшысы А.И.Пашковтың қолдауымен Шұңқыркөл ауылындағы  «Атбасар» асыл тұқымды биязы жүнді қой өсірумен айналысатын аудандағы іргелі кеңшар-зауытқа  көшіріліп әкелінді. Шаруашылық егін өсірумен де айналысатын. Ол уақытта шаруашылықты тәжірибелі басшы, білгір де  ұлтжанды азамат өндірісті ғылыми тұрғыда жүргізуге шама-шарқынша атсалысып жүрген  Қайролла  Өтеуов басқаратын. «Көктем гүлдің бағын ашады, басшы елдің бағын ашады»  дейді халық даналығы.                                                                                                                                        Кеңшар-зауыт 1987-1989 жылдарда нәтижелі жұмыс істеп, кеңшар кассасына 6 миллион сомнан асатын таза кіріс қосқан болатын.
Сол ұлы көштің басы-қасында болған, мамандығы мұғалім, қазіргі уақытта Атбасар қаласында тұратын зейнеткер, ардақты азамат Қаз Бәкейұлы былай деп еске алады. – Қазақ елі басшысының шеттегі бауырларға Үндеуімен танысқаннан кейін Моңғолияның Баян-Өлгей аймағынан менімен бірге мамандығы мал дәрігері Дәулет Ғашықұлы, кезінде Мәскеуден  білім алған Дәуіт Қабыкейұлы үшеуіміз үлкендерден бата алып, Еңбек шартын жасасу және қоныс таңдау  мақсатында Моңғолияның шекарасы «Қызыл үй», Ресейдің шекарасы «Ташанта» асып, тәуелсіз Қазақстанның Қарағанды облысының Ұлытау, Қарқаралы аудандарын, Ақмола облысының аудандарын аралап, осы облыстың Атбасар ауданының Шұңқыркөл елді мекеніне келетін болып шешім қабылдадық. Кеңшар-зауыт директоры Қайролла Өтеуов біздерді жылы қабылдап, сол жолы 25 отбасына  шарт жасасып қайтқан болатынбыз.  Моңғолия еліндегі Баян-Өлгейдегі ауылымызға келсек тарихи Отанға көшуге тағы да 15 отбасы тілек білдіріпті. Ол туралы Қайролла Айтмағанбетұлымен телефонмен сөйлескенімізде ол азамат Еңбек шартынан тыс келем деушілерге де есігіміз ашық, келе беріңдер деп бауырмалдық ниетін білдірді.    Сонымен, Шұңқыркөл ауылына 40 отбасы, яғни,  256 адам көшіп келдік.
Кеңшар басшылығы бауырларымыздың әр отбасына бір жылқы, бір сиыр, бес қойдан беріп, бәрін үй-жаймен қамтамасыз етті. Сонымен қатар, олар отын-сумен, газбен, ыдыс-аяқ, басқа да тұрмыстық керектермен жабдықталды. Көшіп келген ағайындардың ішінде Моңғолияның «Еңбек Ері» жоғары атағының иегері, абыз қария, имам Сарбас Нұғыманұлы, озат жүргізуші Жүніс, саңлақ малшы атағы бар Шерияздан Нұғыманұлы, Сағынған Қарақатұлы, Уатқан Сарбасұлы, Мұратхан, Ығылым Қасанбайұлы, Жүнісхан Қабдырахпанұлы, тағы басқалары болған еді. Алыстан келген ағайындар еңбекті адал да тиянақты жасады. Мал шаруашылығындағылар шығынға жол бермеді, алынған төлдерді сақтап, өсіруде табандылық көрсетті.
Мұғалім мамандығы бола тұра туыстарын елге бастап әкелген Қаз Бәкейұлы екі жылдай кеңшардың асыл тұқымды қошқарларын зоотехникалық нормаларға сәйкес бағып, олардың күйлерінің әрдайым жақсы болуына мол еңбек сіңірді. Мәскеуде жоғары байланыс оқуын тәмамдаған Дәуіт Қабыкейұлы да ауылда байланысшы қызметін абыроймен атқарып, жерлестерінің құрметіне бөленді. Олардың ерен еңбектері аталусыз қалған жоқ, әр уақыттарда еңбек озаттары басшылық пен қоғамдық ұйымдар тарапынан ерекшеленіп,  марапатталып отырды. Қандастарымыз елге келгеннен кейін олардың балаларының жағдайы ойластырылып, орысша білім беретін жергілікті орта мектепте қазақша сыныптар ашылды. Онда ата жұртқа келген мұғалім мамандығы бар ұстаздар табысты еңбек етті.
Ата жұртқа келген жылы дүниеге келген  Қайролла Уатқанұлы, Ақорда Жүнісханқызы, Монстан Қазұлы сияқты жастар бүгінгі күні 24-25 жасқа жетіп,  Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойының құрдасы атануда. Заманның ағымына сай қандастарымыздың балалары тиісті білім алып, көбі Елордамыз Астана қаласында тұрады. Ұлы көшті бастап келген Қаз  Бәкейұлының баласы Елімбек «Болашақ» бағдарламасы бойынша Америкада білім алып, ветеринария саласында ғылыми еңбегін қорғады. Мал дәрігерлік ғылымының кандидаты атағына ие болды. Қазіргі кезде  Астанадағы жоғары оқу орнында оқытушылық қызметте жүр.
«Қуаныш пен өкініш бірге жүреді» дейді дана халқымыз. Елімізде нарықтың қатал заңдарына байланысты республика көлемінде көптеген қиындықтар орын алып, экономика құлдырап, жаппай жекешелендіру кезінде кеңшар директоры ауысты. Кеңшар-зауыттың жағдайы нашарлай бастаған тұста ағайындардың басым көпшілігі облысымыздың Бұланды ауданына, біразы өз ауданымыздың Сергеевка ауылына қоныс аударуға мәжбүр болғанын жасырмай айта кету керек.
Жалпы, статистикалық мәліметтер бо-йынша 1991 жылдан бастап 2016 жылдың 1 қазанына дейін алыс-жақын шетелдерден 263 913 отбасы немесе 981 743  қазақ көшіп келген екен. Бұл жалпы халқымыздың 5,5 па-йызын құрайды.  2013 жылғы 10 желтоқсанда қабылданған заңға сәйкес, оралман мәртебесін тек Үкімет айқындаған өңірлерге келген этностық қазақтар ғана алатындығына және олардың азаматтық алу құқығы тек тұрақты тұрғанына 4 жылдан асқан соң пайда болатынына байланысты көшу үрдісі  аздап саябырсыды. Дегенмен, болашақта тарихи Отандарына оралғысы келетін қандастарымыздың келуіне заң шеңберінде жағдайлар жасалып, ұлы көш жалғаса береді деген сенімдеміз.
Биыл Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы. Сонымен бірге, 18 қарашада № 711 қаулы шыққалы да 25 жыл болды. Ұлы тойдың аясында Қазақ көшінің де ширек ғасырлық қуанышы мақтанышпен атап өтілетіні  сөзсіз.  «Елге ел қосылса құт» дейді дана халқымыз. Олай болса, елге ораламын деген ағайындар көбейе берсін, Тәуелсіздігіміздің ширек ғасырлық мерейлі тойы қайырлы, құтты болсын, ағайын.

Сүйіндік ӘБДІРӘШИТОВ,
Атбасар аудандық мәдениет
үйінің маманы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар