Ұлттық киім – ұлт мақтанышы

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында облыстық тарихи-өлкетану музейінде үш инновациялық жоба қолға алынған болатын. Сол үш жобаның бірі – қазақтың ұлттық киімдерінің үлгісін жойып алмай, қазіргі заман талабына сай тігіліп жатқан киімдердегі ою-өрнектерді сарапқа салып, бағалап, дұрыс бағыт-бағдар беру. Осы мақсатта музей қызметкерлері облыс орталығындағы тігінші, дизайнер мамандықтары бойынша білім беріп жатқан оқу орындарын аралап, сондағы шеберлердің өнерлерімен жақынырақ танысты.

Музейде әр жылдары тұрғындардың аманат етіп тапсырған өткен ғасырлардағы ұлттық киім үлгілері сақталған екен. Таяуда аталмыш жоба өз мәресіне жетіп, музейде «Қазақтың ұлттық киімінің дәстүрлері» атты тақырыптық шеберлік сыныптары болып өтті. Салтанатты шараға Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Зере Қиықова қатысып, сөз сөйлеп, қазақтың ұлттық киімі, қазақ қызының ажарын ашатын, тәрбиесін паш ететін, сұлулық символы екендігін баса айтты.
– Ең әдемі киім ұлтыңның киімі деген екен ұлылар. Шынында да қазақ қызына бүрмелі көйлек, үкілі кәмшат кигізсе қандай жарасымды. Осында жиналған қыздардың ұлттық киім киіп тұрғанын көріп көзің тояды. Қазақтың ұлттық киімдерінің түрлері мен атаулары көп. Дегенмен, қай қайсысын алсаңыз да әсемдігі көздің жауын алады емес пе. Әрбір оюдың астарында мән-мағына жатады.  Мен бүгін өзіммен бірге бір топ мектеп оқушыларын ала келдім. Көрсін, білсін, тағылым алсын деген ниетпен, – деді Зере Еспайқызы. Салтанатты кеште «Ақай» ЖК, «Әсем» ательесі, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті, Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті, Ақан сері атындағы мәдениет колледжі, Красноярдағы №3 агротехникалық колледжі мен тағы басқа оқу орындарының білім алушылары мен қызметкерлері өздері тіккен киім-кешектерді жұрт назарына ұсынды. Ұлттық нақышта тігілген көйлектер жібектің, шұғаның, барқыттың және басқа да құнды маталардың ең қымбат түрлерінен тігілген. Оның үстіне қосымша көйлектер  әшекейлермен безендіріліп көз суырады.
Дефиледен кейін қолы епсекті шеберлер талабы мол кейінгі жастарды жинап шеберлік сағаттарын өткізді.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар