Жалындап өткен ғұмыр

Таулар алыстаған сайын биіктей береді. Осы сөз туған елін жанындай сүйген,  сүйіп қана қоймай, халқына өлшеусіз еңбегін сіңірген белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Шапай Мүтәлләпұлы Әбутәліповке де қарата айтылары анық. Міне, елінің ауыр жүгін қайыспай көтерген Көкшенің көркем бір ұлының ғазиз жүрегінің мәңгілік тоқтағанына да бір жылдың жүзі болып қалыпты.  Осыған орай, көрнекті тұлғаның өмір және еңбек жолы көрініс тапқан «Асқар таулар аласармайды» кітабынан  төмендегі естелікті оқырмандар назарына ұсынғанды жөн көріп отырмыз.

 

Жақсы адамның жақсы қасиеттері – кеңпейілділік, қамқорлық, еңбекке деген ынта, ұтқырлық туа бітеді. Бұл қасиеттердің бәрі ата-ананың тектілігіне, асылдылығына байланысты шығар. «Асылдың тұяғы ғой» деген сөз текке айтылмаған болар. Сол қасиеттердің бәрі Шапай Мүтәлләпұлы Әбутәліповтің тұла бойынан толығымен табылушы еді. Өмірінің аяғына дейін ол осы қасиеттерінен айырылған жоқ. Өмірі өнегемен, жарасымды, жарқын мінезімен өтті. Қай салада болмасын істеген ісін адалдықпен атқарып, еліне пайдасын тигізіп, халқының мәртебесін көтеріп, жан-тәнімен беріле жұмыс істеді. Ел басқарған адамдар туралы жаяу әңгіме болмай қалмайды. Өйткені, көпшіліктің біріне жақсаң, біріне жақпайсың. Біткен іске сыншының көп болатыны да содан. Бірақ, біз Шапай Мүтәлләпұлы әлдебір қателік жасапты, біреулерге теріс мінез көрсетіпті деген сөзді ешқашан естіген емеспіз. Шапай Мүтәлләпұлымен екеуіміздің етене туыстығымыз – менің нағашы болып, оның жиен болып жалғасқан қарым-қатынасымыз сонау жас шағымыздан басталды.
Міне, сол айтылған жақсы қасиеттері мен кеңпейіл мінездері менің көз алдымда өтті, бәрін көрдім, ешқашанда болмашыға бола қабақ шытып, тарылып, ренжігенін көргем жоқ, әрқашанда кеңпейілді болатын. Шапаймен бірге өткізген достық-жолдастық өмір бір ғанибет еді ғой.
Кең-байтақ Көкше өңірінің басшысы – облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып мәртебелі қызмет атқарып жүрсе де, дос-жарандарымен қарым-қатынасын бірқалыпты ұстады. Қарамағындағы бағынышты басшылар мен мамандардың ортасында тұрып, шаруашылық туралы ой бөлісіп, пікір алмасқанда солармен өзін тең санап, кішіпейілдікпен сұрақтарына жауап беріп, не ұсыныс жасар уақытында ешқандай менмендік, тәкәппарлық, маңғаздық мінез көрсетпеуші еді. «Ұлық болсаң – кішік бол» дегеннің үлгісі еді ғой Шапай Мүтәлләпұлы.
Қандай үлкен қызмет істесе де, ұлық болса да, әр адамның басты міндеті – отбасына, туған-туыстарына, жора-жолдастарына қамқор бола білу, көмек көрсетіп отыру, қолдау жасап жүру. Міне, осындай қамқорлық жасап отыруда Шапай былайғы жұртқа үлгі болды, шынайы жанашырлығы ел жадында жүрер, адамдар аңыз қылып айтар естелікке айналды.
Әкесінен үш жасында жетім қалды. Әкесі Мүтәлләп соғыста қаза тапты, сүйегі жат жерде, майдан өтінде қалды. Жаңа ғана ер жетіп, жоғары оқуын бітіріп, мамандықтарымен еңбек жолын бастап, өмірдің қызығын енді көреміз деп жүрген қуанышты шағында Шапайдың екі бірдей ағасы Әшім мен Нарташ, Раяның әкесі Тасжан өмірден өтіп, барлық ауыртпалық Шапай мен Раяның
мойындарына түсті. Шапайдың інілері Абай, Жабай, Мұхтар және Раяның інілері әлі мектеп оқушылары, өз балаларының алды жеткіншек, кейінгісі емшекте. Солардың бәрін оқытты, тәрбиеледі, жетілдірді, есейгесін үйлендірді, отау түсірді, ордалы үйлер қатарына қосты. Санап отырсам, Шапай мен Рая он сегіз құдалық шақырып, ұлдарын үйлендіріп, қыздарын ұзатқан екен. Осының өзі-ақ олардың бойындағы адамгершілік қасиеттерін ұқтырып, жүректерінің кеңдігін, пейілдерінің молдығын көз алдыңа келтірмей ме?
Мен сол қызықтарының бел ортасында жүрдім. Бастапқы құдалықтарында бас құда қылып мені жіберетін. Мен сонда Шапайға, менен де беделді жолдастарың бар ғой, соларды бас қып жіберсейші дегенде, жоқ, сен барасың, жақсы өткізіп келіңдер деуші еді. Мені өте қатты құрметтеді, қамқорлығын жасап отырды.
Әсіресе, Шапайдың өзі бастап, Қызылордаға, Мұхтардың үлкен қызының неке қидырып, келін түсіру тойына шақырғандағы сапарымыз есте қалған сәт еді. Құдасы Сыр өңірінің белгілі азаматы, жақсы адам екен.
Қызылорда облысының екі ауданының әкімі болған, біз барған кезде облыстың бір үлкен мекемесінің бастығы, бізді құдалығымызбен қатар, асыл ағамыз Еркін Нұржанұлының ізін басып жүрген інісі, Көкше өңірінің құрметті азаматы деп өте құрметпен қарсы алды. Еркін ағамыздың атақ-даңқы, сый-құрметі, Сыр еліне сіңірген еңбегі қалың жұртқа белгілі ғой.
Той-думан мен қонағасы арасында Еркін ағамыздың жүрген жерлерін, Сыр өзенінің жағасында салдырған саяжайларын, мәдениет, сауда-саттық ошақтарын, халықтың дем алуы-на арналған гүлзарларын көрсетіп, сүйсініп, ризашылықтарын білдірді. Тіпті, Еркін ағамыздың Қызылордада істеген кезінде отбасымен тұрған үйін көрдік. Не қылған ғажап, қарапайым ғана бес қабатты үйде, 50-60 отбасымен бір шаңырақ астында бірге тұрыпты. Бірінші қабаттағы пәтерінің алдында шағын ғана қоршау болған екен. Осы үйден обкомға бара жатқанда, көшелерді жаяу аралап, дүкендерге кіріп, сөредегі тауарларын көріп, сатушылардан қал-жағдайларын сұрап біліп отырады екен.
Шапайдың да шын жүрекпен жасаған қамқорлығы зая кеткен жоқ. Жақсы істерін Көкшенің көзі көрген адамдары әлі күнге дейін ризашылықпен есіне алады. Қалың жұртшылықты жасампаз істерге бағыттап, нәтижелі жұмыстың нақты жолдарын көрсете білді.
Шапаймен екеуіміз құрылыс-сәулет салуға өте құштар едік. Шапай бұл құмарлығын Сәкен Сейфуллин атындағы кеңшардың директоры болып істеп жүрген кезінде көрсетті. Мен Ленинград ауданында он жыл бойы ауданның бас сәулетшісі болдым. Аудандағы кеңшарлардың, басқа да елді мекендердің салынуға тиіс құрылыстарының орналастыру орны, мемлекеттік жоспар менің ұсынысым бойынша белгіленетін.
Кеңес Одағы кезінде республикамыздың елді мекендерін, совхоз-колхоздарды, ауылдарды көркейтіп, жұмысқа керекті нысандарды салып, тас жолдар тарту қауырт қарқынмен жүргізілді. Елді мекендердің көшелерін көгалдандыру мен халықтың жұмыстан бос уақытында дем алуына арналған парк-скверлер салу, өзені-көлі жоқ жерлерде тоған орнату назардан тыс қалмайтын. Шапай Мүтәлләпұлы ел басқарған уақытында міне, осындай істерді ұйымдастыруды талап етіп, міндетті түрде орындалуын қадағалап отыратын. Шапай осы жауапты жұмысқа өте мән беріп, өзі басқарып отырған Сәкен Сейфуллин атындағы кеңшарды көркейтіп, алдыңғы қатарға шығару үшін бар жан-тәнімен жұмыс істеді. Осы мақсатын іске асыру жолындағы қажырлы еңбегінің арқасында елді мекеннің сән-салтанатына өзгеше рең беріп, облыстағы ең озық, көрікті де дәулетті селоның қатарына қосты. Шындығын айтқанда, облыста дәл осындай архитектураның ең озық үлгілері бойынша салынған село жоқ еді. Кеңшар шаруашылығы қарқынды дамыған, экономикасы табысты, республикадағы алдыңғы қатардағы кеңшарлардың бірі ретінде аталып, социалистік жарыстарда көш басында тұрды. Осының барлығы ұйымдастыру ісін дұрыс жолға қоюдан болатын.
Республикамызда сол кезде әрбір төрт жыл сайын көрікті-көрнекті совхоз-колхоздардың көрмесі өтіп, конкурс жарияланатын. Сондай конкурс Алматыда ұйымдастырылып, біздің Көкшетау облысынан бірнеше совхоз-колхоз, оның ішінде С.Сейфуллин атындағы кеңшар, біздің Ленинград ауданынан «Горький», «Ленинград», «Менжинский» сов-хоздары да қатысып, жүлделі орындарға ие болып, арнайы дипломдармен марапатталды. Осы жұмыстарға қажырлы еңбек сіңірген совхоз-колхоз басшылары, құрылыс прорабтары, қатардағы құрылысшылар, аудан архитекторларының еңбектері бағаланып, марапатқа ие болдық. Қазақ Совет Социалистік Республикасының Құрылыс және сәулет министрінің Жарлығымен Шапай Әбутәліпов бірінші дәрежелі дипломмен, мен екінші дәрежелі дипломмен марапатталдық.
Еңбегіміз жанып, қабілетіміз бағаланып, Шапай Мүтәлләпұлы артынан Көкшетау аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы болып, мен Ленинград аудандық атқару комитетінің бірінші орынбасары болып сайландық.
Міне, осы қажырлы еңбегінің, басқарған жұмыстарына қабілеттілігі мен талантының арқасында Шапай Мүтәлләпұлы дәрежесі өсіп, жоғарылап отырды, биік шыңға шықты. Кеңшардың қатардағы инженер-механигінен бастап кеңшар директоры, аудандық, облыстық ауыл шаруашылығы басқармаларының бастығы, Еңбекшілдер аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, Целиноград облыстық партия комитетінің хатшысы, кейін Көкшетау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Бірнеше жыл облысты басқарды. Көкше өңірінің өркендеп өсуіне өзінің өлшеусіз үлесін қосты.
Шапай Мүтәлләпұлы өзінің қызметкерлеріне белгілі бір істі сеніп тапсырғаннан кейін көп араласа бермейтін. Бірақ, істің қалай жүзеге асып жатқанын бақылап отыратын. Осы ұқыптылығына дәлел ретінде төмендегідей бір мысал келтірейін. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының ортасында, Шапай Мүтәлләпұлының Көкшетау аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы болып істеп жүрген кезінде бір жазда жауын жаумай, егін-шөптері нашар шықты. Алдағы қыс қауіпті. Адамдардың да көңіл-күйі жоқ. Ал, ол жылы біздің Ленинград ауданында егін-шөп бітік шықты. Бірде Шапай Мүтәлләпұлы қасына екі-үш кеңшар директорын ертіп, біздің ауданнан шөп алуға келді. Келісімен біздің үйге түсті. Әке-шешей жиеніміз келіп қалды деп қуанып, қойын сойып, асты-үстеріне түсті. Ертеңіне олар әр кеңшарға бөлініп, жемшөптің жайын біліп,  қыс бойы өз аудандарына тасуды ұйымдастырды. Шапай Мүтәлләпұлы ара-тұра келіп, жемшөп тасымалдау барысын тексеріп жүрді. Осының өзінен-ақ Шапайдың бойындағы іскерлікті аңғаруға болады.
Киелі Көкше өңірі – Отанына, өздері туған атамекеніне зор еңбектерін сіңірген, адал қызмет еткен, мемлекет және қоғам қайраткерлерін, еңбек қаһармандары мен елін қорғаған батырларын, ойшылдары мен ғалымдарын туғызды. Өзім көрген-білген абзал азаматтардың қатарынан Бәйкен Әшімов, Еркін Әуелбеков, Кәкімбек Салықов, Мәулітбай Кәрімов, Ералы Мұқашев, Азнабай Әбілмәжінов, Қазжан Мұхамеджанов, Қаби Тұяқбаев, Асылбек Дәулетов, Түзелбай Кербаевтарды атай кетуге болады. Шапай Мүтәлләпұлы да алдыңғы толқын ағаларынан үлгі алса, өз замандастарымен қоян-қолтық, бірлесе қызмет істеп, елінің өркендеп, өсуіне үлесін қосты, артында өшпес із қалдырды.
Тоқсаныншы жылдардың бас кезінде Қазақстан егемендік алды. Жаңа жол, жаңа саясат, нарықтық экономикаға ауысты. Жекеменшік өрістеп, іскер адамдар кәсіпкерлікпен айналыса бастады. Дәл осы кезде кейбір шенеуніктер әрі қарай не істерін білмей, тұйықтан жол таба алмай қалды. Өйткені, өмір бойы тек нұсқаумен, алдын ала жасалған
жоспармен жұмыс істеп үйренген болатын. Тыңнан жол салу олар үшін өте қиын, тіпті, мүмкін еместей. Кейбір басшылар ендігі арада қоғамға қажетсіз екендіктерін түсініп, көршілес Ресейге, әрідегі Германияға лек-легімен қоныс аудара бас-тады. Ал, Шапай Мүтәлләпұлы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа мемлекет құрудағы, егемен елдің іргесін бекітудегі ішкі, сыртқы саясатын жан-жүрегімен түсініп, жаңа өмір жолына белсене атсалысты. Ұзақ жылғы тәжірибесіне сүйеніп, ел басқаруын жалғастыра білді. Өмірінің соңына дейін туған еліне адал қызметін көрсетті, борышын ақтады, алдына қойған асқаралы мақсатына жетті. Үкімет қызметін атқарумен қатар, туыстарының, балаларының жеке кәсіпкерлікпен айналысуына дұрыс ақылын айтып, қамқорлығын көрсетіп, түзу  жолға салып кетті. Еңбегі ақталды.
Жалындап өмірін өткізді. Артында қалған ұрпақтары өмірден өз орындарын тапты, әрқайсысы ордалы шаңыраққа айналды. Қазіргі күні Әбутәліповтер әулеті деген жақсы атаққа ие болып, асыл әкелерінің есіміне кір келтірмей, жарқын ісінің жалғастырушысы болып отыр.
Өмір сүрсең, өмірді дәл Шапайдай өткіз. Сонда ғана қасиетті еліңнің жадында қаласың!

Нәби ҚАБИЕВ,
зейнеткер, тың еңбеккері.

Щучинск қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар