Әлі де ширақтық керек

Облыс әкімі Сергей Кулагин кезекті жұмыс сапарымен Жақсы және Есіл аудандарында болып, бірқатар әлеуметтік-өндірістік нысандарды аралап көрді және актив жиналыстарында жыл қорытындысын шығарды.

Өңір басшысы алдымен, Жақсы ауданындағы «Подгорный-1» серіктестігінің мал қораларын аралап көріп, мал азығының сапасына назар аударды. Серіктестік директоры Ренат Шалғынбаевтың айтуынша, 184 адам еңбек ететін шаруашылық егіншілікпен және ет бағытындағы мал шаруашылығымен айналысады. Мал қораларында 1800 бас ірі қара мал қыстатылуда. Жыл басынан бері 581 бас ірі қара мал еті сатылып, мемлекет тарапынан тиісінше субсидия алынған. Бағымдағы малды асылдандыру үшін елу сегіз бас қазақтың ақбас бұқалары сатып алыныпты. Келешекте серіктестік ірі қара мал басын үш мың басқа дейін жеткізіп, мал бордақылау алаңы мәртебесін алуды жоспарлап отыр. Биылғы жылы мың жарым бас ірі қараға арналған тоғыз мал қорасы жөнделіп, жеті жүз бас ірі қараға арналған екі жаңа қора салыныпты. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында биыл Подгорный орта мектебінің ғимараты жөнделген. Облыс басшысы білім ошағының бөлмелері мен асханасын аралап көрді. Мұғалімдермен және жоғары сынып оқушыларымен кездесіп, өңірдің қол жеткізген жетістіктері және алда тұрған міндеттері жөнінде айтып берді. 9 және 11 сынып оқушыларының қандай мамандық таңдағаны жөнінде сұрап білді. Мектеп директоры Алтынай Саманбаева өз сөзінде 550 орындық білім ошағының 1978 жылы салынғанын, қазір жүзден астам оқушы оқитынын, олардың бәрі серіктестік есебінен тегін ыстық аспен қамтылғанын айтып өтті.
«Подгорный-1» серіктестігінің демалыс орталығы  «ТНК» Агрофирмасы» серіктестігінің қаржысы есебінен салынып, өткен жылдың соңында пайдалануға берілген. Мұнда әртүрлі шаралар өткізіледі. Қажетті қондырғылармен толық жабдықталған. 160 орындық дәмхана жұмыс істейді. Биылғы жылы «Жақсы – Су арнасы» кәсіпорнының Белағаш ауылындағы су алатын нысаны және сумен қамтамасыз ететін жүйесі «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Кәсіпорын директорының міндетін атқарушы Қуанышбай Ахметовтың айтуынша, су құбыры жүйесінің ұзындығы 23,3 шақырымды құрайды. Бүгінгі таңда су тазалау нысанының су сорғыш станциясы, екі су қоймасы, қысым беретін су мұнарасы қалпына келтірілген. 287 тұрғын үйге су енгізіліп, су есептегіш аспабы орнатылды. Көшелер абаттандырылған. Электр жүйесі мен қондырғылары жаңартылыпты. Облыс әкімі аудандық мәдениет үйінде азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, кейбір мәселелерді сол жерде шешті. Бұдан соң аудан активімен кездесіп, аудан әкімі Қанат Сүйіндіковтың өңірдің жыл басынан бергі әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі есебін тыңдады. Жыл басынан бері ауданда 11 миллиард 900 миллион теңгенің тауары өндірілген. Сондай-ақ, биыл мол астық алынып, қажетті тұқым қамбаға құйылған.  Ауыл шаруашылығы техникасының паркі жыл са-йын жаңартылады. Осының арқасында еңбек өнімділігі біршама артуда. Сондай-ақ, шағын және орта бизнесті дамыту басты назарда. Аудан шеңберіндегі автокөлік жолдары жөнделуде. Әр саладағы жетістіктердің арқасында бюджетке 1,6 миллиард теңге құйылыпты.
– Дегенмен, ауданда орташа еңбекақының деңгейі төмен. Мал шаруашылығы әлі де баяу дамуда. Өңірде елді мекендерді абаттандыру, тұрғын үй салу кенже қалған. Оның үстіне күнделікті тұтынатын азық-түліктің бағасы қымбаттаған. Тоғыз жолдың торабында орналасқан аудан әлі де дами түсуі керек, – деді облыс әкімі.
Одан әрі өңір басшысының жұмыс сапары Есіл ауданында жалғасты. Мұнда ол Есіл қаласындағы орталық бу қазандығы құрылысына назар
аударды. Жобаның сметалық құны 6,9 миллиард теңгені құрайды. Биылғы жылдың наурыз айында басталған нысанның құрылысы 2018 жылдың қыркүйегінде аяқталады деп жоспарланған. Әзірше 2 миллиард теңгеден астам қаржы игеріліп, әкімшілік-тұрмыстық корпус, автотұрақ, көмір мен күл қоймалары, кіреберіс, шағын станция мен бу қазандығының бас корпусының құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ, 8,5 шақырым жылу құбыры тартылғанын айта кеткен жөн. Қазір құрылыс жұмысына жүзден астам адам қатысуда. Облыс басшысы Есіл орталық аудандық ауруханасында болып, «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жөнделген терапевт, реанимация, балалардың соматикалық және инфекциялық бөлімшелерін аралап көрді. Аурухананың бас дәрігері Қабдірәшит Әлмағамбетов өз сөзінде жөндеу жұмыстарын облыс орталығындағы «Арал-05», «Нұр-21», «УК-Құрылыс» серіктестіктері жүргізгенін айтты. Аурухана қала мен аудан тұрғындарына жедел жәрдем және 13 бағыт бойынша әртүрлі медициналық көмек көрсетеді. Қалада жедел жәрдем станциясы жұмыс істейді. Орталық аудандық ауруханаға алты дәрігерлік амбулатория, үш фельдшерлік-акушерлік және 18 медициналық нысандар қарайды. Бес ғимараттан тұратын емдеу кешенінің жылу, су және кәріз жүйелері орталықтандырылған. Өткен жылдармен салыстырғанда бала туу саны артып, шетінеуі азайыпты, ана өлімі мүлдем жоқ. Бұдан кейін облыс әкімі аудан орталығында орналасқан №2 орта мектепті аралап көрді. Мұнда тек қана бастауыш сыныптардың оқушылары ыстық аспен қамтылған. Су мен канализация жүйелері орталықтандырылған. Өңір басшысы 40 пәтерлік тұрғын үйде болып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Облыс басшысы «Космос» азық-түлік дүкенін аралап көріп, күнделікті тұтынатын тауарлар бағасына назар аударды.
Есіл қаласындағы балалар үйінде қазір 69 оқушы бар. Облыс әкімі бөлмелерді аралап көріп,  мекеме ұжымымен және  тәрбиеленушілермен кездесті. Келесі жылы мектеп бітіретін оқушылардан таңдаған мамандықтары жөнінде пікір алмасты. Облыстың қол жеткізген жетістіктері мен алда тұрған міндеттері туралы құлағдар етті. Тағдырдың тәлкегіне түскен жеткіншектерге әрқашан қолдау көрсететінін атап өтті. Биылғы жылғы он екі мектеп түлегінің біреуі жоғары оқу орнына түссе, қалғандары колледждерде оқиды. Облыс басшысы аудандық мәдениет үйінде азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Өңір басшысы аудан активімен кездесіп, аудан әкімі Аманбек Қалжановтың өңірдің жыл басынан бергі әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі есебін тыңдап, оң бағасын берді. Кейбір олқылықтардың орнын толтыру жөнінде тапсырылды.

Рамазан Тілеуов.

Жақсы-Есіл аудандары.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар