Елім деп өткен өмір

Отыз бес жылдық журналистік еңбек жолымда бұл бандероль анда-санда қызмет бабымен қолыма тиіп қалатын осындай ірілі-ұсақты сәлемдемелердің ішіндегі ең бір қомақтысы еді. Алдымен, оны Ақтөбеден Астана арқылы  Көкшетауға жеткізіп, қолыма өзі әкеліп табыс еткен абзал азамат Амангелді Мұхтарұлы Меңдібаевқа зор ризашылығымды білдірсем деймін. Содан  күндегі жұмысымның ара-арасында  уақыт тауып, ондағы көлемді хат, тағы басқа да тарихи құжаттардың көшірмелерімен мұқият танысып шықпайынша тағатым қалмаған. Арнайы қолтаңбамен жолданған естеліктер кітабын да былай ысырып қоюыма болмайтыны айдан анық еді.

Десек те, бұл арада сөзіміздің әлқиссасын кітаптан емес, аяулы әке мен бір көргеннен кімнің болсын жан жүрегін ерітіп, елітіп әкететін сұлу Көкшеге деген ыстық сүйіспеншілікке толы, әрбір жолы қазіргідей компьютер қарпімен емес, маржандай тізіліп қаламмен жазылған 28 беттік хаттан бастағанымыз жөн болар. Ендеше, «Құрметті Қайырбай Зейноллаұлы! 1952-1954 жылдары мен, сол кездегі он төрт-он бес жастағы жасөспірім бала мектептің 8-9 сыныбын өңім түгіл, түсімде де көрмеген сіздердің қалаларыңызда, Көкшетауда оқимын деп ойлаппын ба?!. Сол бір жарқын әсерлерге толы қызықты күндерім күні кешегідей көз алдымда. Мөлдір суы күн көзіне шағылысып, жарқырап жататын Қопа көлі, үйіміздің маңындағы үнемі өз биігіне шақырғандай болып тұратын Бұқпа тауы, бораны үдей соққан аязды, қарлы қыс, Қазақстан Швейцариясы  атанған көгілдір Бурабай, қала көшелерімен велосипед теуіп, зулаған албырт бала көңіл…
Әкеміз бізді Ақмоладан жаңа  қонысымызға бір жүк машинасымен және «Эмка» жеңіл көлігімен көшіріп әкелгені де есімде. «Эмкада» папам, мамам, інім төртеуіміз отырдық. Жаңа жердегі үйіміз әйгілі революционер Валериан Куйбышевтің музейіне қарама-қарсы, көшенің келесі жағында тұрды. Бөренеден қиып салынған бұл берік үй естуімізше, бір кездегі көпес Копейкиннің үйі екен. Біздің сол үйге жиі келетін  музей директоры, В.В.Куйбышевтің қарындасы Елена Куйбышеваның да түр-әлпетін әлі күнге дейін ұмытқан жоқпын.
Папамның Көкшетауға облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызметке ауысуы тың эпопеясымен тұспа-тұс келді. Ол кезде қанша айтқанмен, әжептәуір ой тоқтатқан естияр баламын. Бірде үстел басында әкем «жердің бәрін бұлай бей-берекет жыртып тастауға болмайды, бұл түрімізбен әлі топырақ құнарының да түбіне жетіп, ақселеу мен жусанның өзінен айырыламыз» деп қалды. Жайшылықта әкемнің әрбір ісін қолдап отыратын мамамның өзі оның мына сөзінен тіксініп: «байқа, партия өзі бас болып, бүкіл ел жұмылып жатқанда бұл қай сөзің? Менен басқа ешкім естімесін мұны» деп тыйып тастады. Содан көп ұзамай әкеміз Алматыға көшетінімізді, онда Үкімет құрамында ауыл шаруашылығы мәселесімен айналысатынын хабарлағанда:
– Не үшін? – деп анам тағы да тілінің ұшына келіп қалған сауалды бүгіп қала алмаған.
– Кім білсін? Сол саған айтқан мәселе ме? Менің көзқарасымның шет-жағасы оларға да белгілі ғой. Жандарына жақын ұстайын деген шығар, – деді әкем күліп».
Осы арада  өзіміз манадан бері тілге тиек етіп отырған хат мазмұнын былай қоя тұрып, әңгіме кім туралы екенінің де басын ашып алар кез келген сияқты. Олай болса, өткен ғасырдың 50-70 жылдарында Қазақ Кеңес Социалистік Республикасының дамып, өркендеуі үшін бойындағы бар қажыр-қайраты мен білімін аянбаған ірі мемлекет және қоғам қайраткерлерінің ішінен Мәсімхан Бейсебаев туралы да естіген боларсыз. Кім біледі, естімеуіңіз де мүмкін. Өйткені, қазақ қазақ болғалы, оның тарихында ел басқарған даралар мен даналар аз  болмаған ғой. Олардың бәрі бірдей көпшілік есінде қала бермегені де аян. Біреулері уақыт, неше түрлі заман ағымымен ұмытылып, ескерусіз қалса, біреулеріне төтеден жабылған жала, киліккен қасірет мұрсат бермеген. Қызыл империя шындықтың аузын тұмшалатып, ашқызбай ұстатқан. Ел өз ерлерін білмеуіне, естімеуіне күш салған. Бұл әрине, қазақ халқының  кешегі бетке ұстар қаймағы Сәкендердің, тағы басқа да осындай  арыстарымыздың өксікті тағдыры. Ал, тарих олимпіне Алаштың бір қайраткер  ұлы болып Мәсімхан ағалар көтерілген тұстағы игілерімізге Мәскеудің осы мүмкіндікті бергеніне, тақа қыспаққа алмай, туған халқы, туған елі үшін қолдан келген жақсылығын жасап кетуіне кесе-көлденең тұрмағанына  да шүкіршілік етесің.
«Қолтаңбасы мәңгілік»  («Человек, которому доверяли»). Қолымдағы осылай аталатын, мұқабасы бір қаралық, салмақты, қалың кітапқа да енді кезек бермей болмас-тай. Бұл жиырмасыншы ғасырдың адам айтқысыз зорлық-зобалаңы –  Ұлы Отан соғысының от-жалынын кешіп, кезінде үш бірдей облысқа басшылық жасаған, одан әрі де Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы ретінде халқына өлшеусіз еңбек сіңірген Мәсімхан Бейсебаев туралы естеліктер кітабы. Ол кісі жайындағы ой-өрімдер көзі тірісінде бірге қызмет атқарып, аралас-құралас болған замандас-тары, одан қалды, қамқорлығын көріп, қадір-қасиетіне бойлаған шәкірттерінің көңіл сүйіспеншілігімен қос тілде, қазақша-орысша  өріліпті.
Ал, енді осы хат, осы кітап бізді қалай тауып отыр? Не себеппен? Бұған хат иесі, Мәсімхан ағаның ортаншы ұлы, Халықаралық ақпараттандыру акамедиясының академигі, Қазақстан Республикасы педагогикалық ғылымдар  академиясының мүше-корреспонденті, отставкадағы полковник Кеңес Бейсебаевтың «ойлап отырсам, сол тұста партия қайда, қай қызметке жіберсе де, өз халқының ар-намысын жоғары ұстай білген  сүйікті әкеміздің өмір және еңбек жолы  еліміздің  солтүстігіндегі Ақмола, Көкшетау облыстарымен де тығыз байланысты екен. Сондықтан, сіз бен біздің  өзара дәнекер болуымызбен осы өңір оқырмандары Мәсімхан Бейсебаев, оның кім екендігі туралы кеңірек біліп жатса, мұның да өткенімізді таразылар бүгінгіміз үшін ешбір артықтығы жоқ қой» деген сөзі толық жауап беріп тұр.
Иә, бәрі рас, бәрі орынды. Өзі 17 жасынан бастап ыстық-суығына бойлаған шаруашылық, партия-кеңес жұмысы. Одан Ұлы Отан соғысының от-жалыны. 1943 жылы қан майданнан ауыр жараланып оралған Мәсімхан Бейсебаевты республика басшылығы әуелі халық депутаттары Алматы облыстық атқару комитетінің төрағасы, ал, кейін 1946 жылы Ақмола облыстық партия комитетінің екінші хатшысы қызметіне жөн көреді. Соғыстан титықтаған ел. Жұмыс бастан асады. Облыс тұрғындарын жатпай-тұрмай, халық шаруашылығын қайта қалпына келтіру ісіне жұмылдыру керек. Бұл орайда, білікті басшы не істеген? Қолынан келгенше, жергілікті кадрларды тәрбиелеп, өсіруге күш салған.
Бірде Ақмола обкомында көп жылдан бері бір орында отырып қалған Көшербай Әмірәлин деген қызметкерді бір ауданның басшылығына ұсынуды ойлайды.
– Мәсімхан Бейсебайұлы, ол ауданда көбіне орыстар тұрады. Барған күннің өзінде, олар мені бұл қызметке дұрыс қабылдай қояр ма екен? – деп тайсақтайды әлгі жерде көздеген адамы.
– Неге олай дейсіз?
– Бұл облыста сондай тәртіп қалыптасқан.
– Жоқ, мұнымен келісуге болмайды.  Біз ұлттық кадрлар туралы партиялық принципті басшылыққа аламыз.
Осылай деген хатшы кейін сөзінде тұрып, өзі айтқан саясатты ұстануға тырысады. Айталық, сол жылдары облыста жергілікті халықтан малшы Зағи Абақова, тракторшы Дана Шәукеева Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің депутаты болып сайланады. Ұлты қазақ біраз кадрлар өсіп шығады. Шалғай ауылдардағы малшы, шопандарға азық-түлік, киім-кешек жеткізу, олардың хал-жағдайларын біліп тұру мәселелеріне жете көңіл бөліне бастайды.
Жалпы, Мәсімхан Бейсебаевтың  өнегелі өмір жолында есімі елімізге кеңінен танымал небір белгілі тұлғалардан қызмет бабы, басқа себептермен болсын, ол кісінің алдын көрмеген, бірге жүріп адамгершілік, іскерлік қасиеттеріне тәнті болмаған жандар кемде-кем десек, қателеспейміз. Бұл – біздің өз сөзіміз емес, Мәсімхан аға туралы жоғарыдағы естеліктер кітабының алдымызға жайып салған бұлтартпас шындығы. Енді сол сөздің растығын әріден байыптап көрсек. Елімізде бір кезде Қазақ КСР Азаматтық авиация басқармасын басқарып, атақ-даңқы дүрілдеп тұрған Николай Кузнецовтай екі мәрте Социалистік Еңбек Ері болғанын үлкендер жағы жақсы білуі тиіс. Міне, сол кісі 1948 жылы Ақмола аэропортының бастығы және ұшу құрамының командирі болып тұрғанда, облыстық партия комитетінің екінші хатшысымен бірге Теңіз көлінің айналасында жұтқа ұшыраған шопандарға ұшып шығады. Бұл кезде қар мен жаңбыр аралас көктайғақтың салдарынан Қорғалжын ауданының жарты малы қырылып қалған болатын. Самолет Баршын отгонына қонғаннан кейін қабақтары қатулы жұрт  бірден Мәсімхан ағаны қаумалап, қоршап алады. Шопандар тап болған қиындықты, кей қойшылардың таяқ ұстап қалғандарын, жергілікті басшылардың ат ізін сирек салатындарын айтып мұңын шағады. Бұған жаны бірге ауырған Мәсімхан аға сол арада шыдай алмай жанындағы серігінен:
– Николай, біз мына кісілерге облыс орталығынан керек-жарағын бөлсек, сенің ұшқыштарың соны бүгін-ертең тез жеткізіп бере ала ма? – деп сұрайды. Бұлай сұрауының себебі, сол сәтте қыстың қытымыр мінезі қайта бас көтеріп, теріскейден соққан жел күшейе түскен еді.
– Әрине, – дейді бұл сауалға жағдайды көзімен көріп тұрған аэропорт басшысы іркілместен, – сіз қалай шешсеңіз, солай болады.
Айтқандай, келесі күні күткен жүк те жетіп, әлі сол ауданда іссапармен жүрген Мәсімхан ағаның өз бақылауымен шопандардың үй-іштеріне теңдей бөлініп беріледі. Бұл екі ортада түні бойы соққан қатты бораннан самолеті қар құрсауында қалған хатшыға Қорғалжында тағы бірер күн бөгеле тұруына тура келеді. Ол күндері де босқа өтпейді. Аудандық партия комитетінің бюро мәжілісін шақырып, басшылармен тұйықтан шығудың жолдарын қарастырады, ат-шанамен малшы, шопандарды аралайды.
Сондықтан, осындай қысылтаяң шақта обкомның екінші хатшысының өз жандарынан табылуы, табылып қана қоймай, нақты қол ұшын созып, қолтықтан демеп жіберуі табиғат апатынан салы суға кеткен малшы қауымына қайра жігер беріп, еңселерін көтерте түседі. Кейін де Мәсімхан ағаның бұл жақсылығы ұмытылмай, сондағы көзі көргендер талай жерде сүйсіне айтып жүреді.
Ал, енді қаншама күйзеліс, толқуға толы осы бір ауыр сапар туралы сол күндері жергілікті баспасөз бетінде бір ауыз сөз болсайшы. Қазіргідей емес, ол кезде талай істер бұлай жар салып, жария етусіз-ақ өз шешімін тауып жатушы еді ғой. Тек сол жұмыс, сол міндетті Мәсімхан Бейсебаев
сияқты халқымыздың адал да аяулы ұлдары ел мүддесін бәрінен жоғары қойып, мүлтіксіз атқаратын.
Бұдан кейін абзал азамат алдында қолымыздағы хатта да атап көрсетілгеніндей, Көкшетау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары, бірінші орынбасары, Алматы обкомының бірінші хатшысы сияқты жоғары қызмет баспалдақтары, жаңа асулар тұрды. Бұл арада біз үшін қызығушылық туғызатыны әрине, Мәсімхан ағаның өзіміз туып-өскен Арқа өңірінде еңбек еткен кезеңдері.
Соның ішінде сонау сұрапыл соғыс жүріп жатқан 1944 жылдың өзінде Солтүстік Қазақстан облысынан енші алып, жеке бөлініп шыққан кешегі Көкшетау облысының тізгінін ұстауы 1952-1954 жылдар аралығына келеді екен. Мұны бір есептен, сол тұста облыста билік басына бұған дейін үйреншікті болып кеткен өзге ұлт өкілдерінің орнына өз қазағымыз келе бастаған жылымыққа баласақ та артық емес.
«Көкшетауда тың және тыңайған жерлерді игеру облыс басшысы ретінде біздің әкеміздің жетекшілігімен бастау алды. Жай күндерді былай қойып, демалыс күндерінің өзінде папамызды үйде сирек көретінбіз. Көбіне аудандардан шықпайтын». Шет жағасын жоғарыдағы хаттан да аңғара түсетініміздей, ол бір еліміз үшін тың эпопеясы енді қарқын алған өте-мөте қауырт кезең еді. Өйткені, тың алдыңғы шепте коммунистер, оның дем берушісі партия ұйымдары жүретін үлкен бір күрес алаңына айналып үлгерген болатын. Бұл жөнінде сол кезде Көкшетау облысы халық депутаттары Рузаев аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарып, тың және тыңайған жерлерді игеру оқиғаларының бел ортасында жүрген халқымыздың көпті көрген қазына қарттарының бірі, Социалистік Еңбек Ері Баян Жаңғалов ағамыз:
«Тыңға алғашқы лекпен келгендерді СОКП Орталық Комитеті өзі іріктеп жіберетін. Осылайша Қазақстан Компартия-сы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметов орнынан босатылып, П.К.Пономаренко бірінші, Л.И.Брежнев екінші хатшы болып сайланды.
Бірде кеңседе қызметімде отыр едім, телефоным шыр ете  түсті. «Қазір Қостанаймен, Брежневпен сөйлесесіз, – дегенше болған жоқ, – әр жақтан «сәлеметсіз бе, сіз кім боласыз?» деген дауысты естідім. Бұл 1954 жылдың сәуір айы еді. Мен жөнімді айтқаннан кейін Л.И.Брежнев Пономаренко екеуінің Қостанайда жүргендігін, енді бізге тура келгілері келетіндіктерін айтты.
– Есілден өте аламыз ба? – деді Л.И.Брежнев.
– Қайықпен ғана өтуге болады…
– Адамдарды, техниканы сіздер қалай өткізіп жатырсыздар? – дей келіп, Л.И.Брежнев тыңға келген халықты орналастыру, тамақтандыру жайын сұрады.
Жағдайдың бәрін баяндап, көп адамның әлі де палаталар тігіп, оны темір пешпен жылытып тұрып жатқандығын, сол үйлерді жылытуға темір жол вагондарының шойын пеші болса деген тілегімді жеткіздім.
– Күн әлі суық болып тұр ғой, – деді Л.И.Брежнев, – қамыстан, сабаннан қалың етіп төсеніш жасаңыздар. Өзге мәселенің бәрін шешеміз.
Айтқандай-ақ, шаруамыздың біразы жөнге келіп қалды. Есілдің арғы бетіндегі 12 совхозға жүк енді Есіл, Қойбағар стансалары арқылы келе бастады. Шойын пештерге де жарып қалдық.»-деп өзінің «Үш кезең» кітабында бәрін қолмен қойғандай етіп, күні бүгінгідей баяндай түспей ме?!.
Мына сәйкестікті қараңыз. Көкше елінің осы бір ерен перзенті Алматы партия мектебінен кейін сол Рузаев ауданына басшылық қызметке келген 1952 жылдың тамызында Мәсімхан аға да Мәскеу жоғары партия мектебін тәмамдап, Көкшетау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланады. Сондықтан, ол кісінің басшы, кәдімгі өзіміз сияқты адам баласы ретінде осы елде қалдырған ізін алдымен жоғарыдағы кітаптан, яғни, ағамыздың өмір жазбаларынан да іздеп көруіміз әбден заңды болса керек.
Сол түсіністік пен сыйластық, араларында алты жас айырмашылығы бар бірі аға, бірі інінің ортақ мақсат жолында қоян-қолтық бірге еңбек етуі, соған орай, Мәсімхан Бейсебайұлының іскерлігі мен болмыс-бітіміне берілген шынайы баға бұл кітапта бар! Әрі бір емес, бірнеше тұсында ұшырасады. Ендеше, соны да елеп, екшеп көрейікші.
«1952 жылдың күзі. Орақ науқаны қызу жүріп жатыр. Қыркүйек айында ауданға Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің екінші хатшысы Афонов пен Көкшетау облыстық партия комитетінің бірінші хатшылығына жаңадан сайланған Мәсімхан Бейсебаев келді.
Көп ұзамай КСРО Министрлер Кеңесінің қаулысы шығып, ол бойынша ауыл шаруашылығы бөлімінің құқы күшейтіліп, рөлі нығайтылды. Соған сәйкес Дайындау министрлігі қысқартылды. Үкіметтің осы қаулысына байланысты обкомның бірінші хатшысы М.Бейсебаевтың тағы да біздің ауданға жолы түсті:
– Ауыл шаруашылығы бөлімін басқаруға кімді ұсынасыздар? – деді осы сапарында.
– Осипенко, болмаса, Стрекозов бар, – деп жауап берді аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Иванов.
– Екеуі де бұл қызметке лайықсыз, – дедім мен өз пікірімді бүкпестен. Менің бұл сөзімді аупарткомның екінші хатшысы Хакім Жүсіпов те қолдай түсті.
Біздің  осы айтқанымыздың орынды екенін ескерген Мәсімхан Бейсебаев кейін бұл қызметке басқа адамды тағайындады».
Бұдан нені аңғарамыз? Мәсімхан ағаның осы жауапты қызметінде қарамағындағылардың да сөзіне құлақ аса білгенін, мәселе ортақ мүддеге тірелгенде, өзім білемге баспай, жеті рет өлшеп, бір рет кесіп, артық-ауыс қадамнан аулақ болғанын. Сосын да шығар, Баян аға өз кітабының ең соңғы тарауында өзі істес болған облыс басшыларының әрбіреуіне жеке-жеке тоқтала келіп, «Көкшетау облысын екі жылдай басқарған Мәсімхан Бейсебаев өте бір сабырлы, байсалды басшы болды. Ол өзінің ақыл-парасатымен, туған халқы мен еліне деген ақадал ісімен ірі мемлекет қайраткеріне айналды. Ердің атағы аспандап, республика Министрлер Кеңесінің төрағасы қызметін 1970 жылға дейін зор абыроймен атқарып барып, зейнеткерлікке шықты» деп жазады. Міне, Мәсімхан аға сол кездегі ел ардақтысы жалғыз Баян аға емес, өзге азаматтарымыз үшін де осындай ұмытылмас жан еді. Ол кісі туралы өзінен кейінгі ізбасары, осы Көкше өңірінен шыққан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Бәйкен Әшімов, сөз өнері мен ел басқару тізгінін тең ұстаған Кәкімбек Салықов ағаларымыздың естеліктеріне айтар сөз ұзап кетер  деп арнайы тоқталмай жатырмыз. Әйтпесе, ол жүрекжарды лебіздерде де Мәсімхан Бейсебаевтың сол аз уақытта, одан кейін де жарқырай көрінген іскерлік, азаматтық қасиеттері туралы аз айтылмайды.
Осы арада тек бір орайы келіп тұрғаны, Мәсімхан аға Ұлы Отан соғысы алдында республика астық дайындау мекемесінде қызмет істегенінде де  Көкшетауға жұмыс бабымен ара-тұра келіп-кетіп жүреді. Сондай бір сапарында таныс-біліс болған Кәкімбек ағамыздың әкесі Айтақметті ұмытпай, жаңа қызметіне кіріскен бетте-ақ сәлем бере келеді. Сол жолы байқамай, аяғына өз туфлиіне ұқсас үй иесінің туфлиін киіп, енді шеше бергенінде, Айтекең «шешпеңіз, балама ырым болсын, аяқ киіміңіз қала берсе қайтеді» деп өтінбей ме. Мына сөзге әрине, Мәсімхан ағада қарсылық болмайды.
Алайда, ертеңінде сәскеге салым есік алдына обкомның қара МК-асы келіп тоқтай қалады. Кешегі қасында жүрген көмекшісі «мынаны Бейсебаев беріп жіберді» деп бір қапшықты ұстатса, ішінде сол тұста тапшы қант-шай мен кәмпит, сосын бір пар су жаңа туфли. Тор көз дәптердің бір парағына  «Айтеке, балаңызға осы лайық, екеуіміз ескі-құсқымен жүре берейік» деп жазылған екен. «Ұлық болсаң, кішік бол» дегендей, неткен қарапайымдылық пен сезімталдық. Шынында, Кәкімбек ағамыздың  кейін өнерде, басшылық қызметте де үлкен биіктерге көтерілуі басқасы басқа,  сол аяқ киімнің де ырым болғанынан емес пе екен, кім біледі?!.
Өзіміз тілге тиек еткен хаттағы «біздің әкеміздің жақсы адамдарға арқа сүйеп, солармен  жарты сөзден ұғысатын бір тамаша қасиеті болушы еді» деген сөз осы арада тағы да бір тура алдымызда шығып тұрған жоқ па?!
Әрине, Мәсімхан Бейсебаевпен Ақмола, Көкшетау обкомдарында бірге қызмет істеген адамдардан көзі тірілері қазір некен-саяқ. Шартты түрде алсақ, сол тұста жиырмадағы жігіттің өзі қазір сексеннің бел ортасында екен. Дегенмен, осы жолдарды жазу барысында мүмкіндігінше өзіміз хабарласқан Бүркітбай Батырханов сияқты белгілі партия ардагерлері, көкшелік ардақты ағаларымыздың сөз төркінін түсінгеннен-ақ, «білгенде қандай, қол астында қызмет істедік, жақсылық, шарапатын көрдік» деп тоқсанның тұғырынан аңқылдай, іш тарта сөйлеулері көп жайды аңғарта  түскендей.
Шындықпен, адалдық, намыспен өрілген өмір деп осы Мәсімхан ағалардың өмірін айтқан жөн.  Оған өзіміз мұқият  танысып шыққан  хат пен кітапта мысал деген жетіп артылады. Бірде іссапарда жүргенінде, үйіне қонаққа шақырған аудан басшыларының біріне:
– Мынау өзі колхоздың қойы емес пе? – деп қалады. Мұны айтқызған не сонда? Қашан болсын, жеке бастың мүддесінен қоғам мүддесін жоғары қоюы. Майданда  ауыр жараланып, өлім аузынан қалғанымен, ел көз тіккен жоғары қызметінде Ұлы Отан соғысының мүгедектігіне тиесілі зейнетақысын алудың өзін артық көріп, әдептен озбағаны тағы бар. Түйені түгімен жұтып жатқан қазіргі өлшеммен алып қараңыз. Мүлдем қабыспайды. Ал, енді керек жерінде бір ауыз кесімді сөзімен кімді болсын, орнына қоятын қайсар мінезі ше?! Тың өлкесінің орталығы Целиноградта кезекті партия активі өтіп, Мәскеуге арқа сүйеп, әбден даңдайсып алған өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Соколов мінбеде тұрған Совмин төрағасын көпе-көрнеу көзге ілмей, қалғып-шұлғып, ойы басқа жақта отырады. Осыны байқаған Мәсімхан аға:
– Жолдастар, Соколов ұйқысын қандырып алсын,  сосын жалғастырармын, – деп сөзін кілт үзеді. «Халықтың көзі қырағы, мініңді көріп тұрады» деген осы ғой. Ду қол шапалағынан зал жаңғырып кетеді.
Халыққа ауыртпалық әкелген ірі қателіктер мен әдейі жасалған қиянаттар әдетте үлкен үйден, ондағы дүбәрә басшылардан бел алып отырғаны белгілі. Алпысыншы жылдардағы үй басы бір бие, бес қой немесе жүгері науқандары Хрушевтің өзінен басталған жоқ па. Сол сияқты, кезінде  Қазақстан Компартия-сы Орталық Комитетінің хатшылары В.Н.Титов пен Г.А.Мельник те Үкіметке «ауылдық жерлердегі учаскелік ауруханалар мен медициналық пункттерді жауып,  аудан орталықтары мен қалаларға көшіру керек» деген мәселе қояды. Бұған Мәсімхан Бейсебаев не деп жауап берген? «Ауылда дәрігерлер қалмаса, мал соңындағы елдің денсаулығы бітті дей бер» деп аса бір сорақы ұсынысты бюрода бекіттірмей тастаған.
Бірде Совмин төрағасына  салып ұрып, кәдімгі Сәбең, Сәбит Мұқанов келеді. Келгенде де жай келмей, «сендер халық мұрасына мән бермейсіңдер, ат әбзелдері – жүген, ертоқым мен киіз үй қайда?» деп басшы апшысын қуыра келеді. Сонда ақыл-парасатына  іскерлігі сай   Мәсімхан аға бұл шаруаны да іліп әкеткен. Ұлы жазушының бір ауыз сөзі түрткі болған Үштөбе киіз үй фабрикасы дүниеге келіп, жылына малшы, шопан қауымы үшін 20 мың киіз үй шығарып тұрған.
Мәсімхан Бейсебаев Үкімет басшысы болған 1964-1970 жылдар аралығына зер салып қарасақ, қаншама алып құрылыстар, Шевченко (Ақтау), Қапшағай, Рудный сияқты тұтастай жаңа  қалалар, бұрынғы ел астанасы Алматының өз басындағы керемет мәдени-сәулет үлгілері, өзі жаппай жыртып тастауға қарсы болса да, тың төсінде бой көтерген жүздеген колхоз, совхоздар алда республика, ел дамуының  жарқын бір кезеңі келе жатқанының айқын белгісіндей еді. Кейін расында, солай болды да. Экономикасы нығайып, ауыл шаруашылығы күрт өрлей түскен Қазақстан кешегі Кеңес Одағының іргелі, алдыңғы қатарлы республикаларының біріне айналды. Мәсімхан ағаның осы орайдағы ерен еңбегіне, әсіресе, ұлт мүддесіне
ерекше көзқарасына  тағы да бір  аз ғана  анықтама.
–1970 жылдың басында Д.А.Қонаев пен М.Б.Бейсебаев Мәскеуге барып, Л.И.Брежневтің қабылдауында болып, кезінде Хрушев Өзбекстанға күштеп бергізіп жіберген үш ауданды қайтарып алуға келісті. Сол мәселемен айналысатын 150 адамдық жұмысшы тобының жетекшілігіне мені бекітті. Содан 36 күн дегенде барған шаруамызды бітіріп,  шама-шарқымызша қолға тиген үш ауданмен елге оралдық. Әдеттегінше Мәкеңе есеп беріп, 400 мың бас қойдың соларда қалғанына өкініш білдіргенімде, «40 миллион қойы бар елге 400 мың қой немене, ең бастысы, жер қайтты ғой, қой өсер. Көптен мойнымызда жүрген ауыр жүк еді, сонау Нұртас Оңдасыновтан бастап Хрушевке айтқанымызды өткізе алмай, осы аудандардан айырылып қалып едік. Енді міне, мәселе шешілді» деп қатты қуанғанын көрсеңіз», – дейді өзінің жоғарыдағы  кітапқа енген «Тұлғасы биік төраға» естелігінде белгілі экономист-ғалым Ғарай Сағымбай.
Әйгілі Баукең, Бауыржан Момышұлы да 1970 жылы Мәсімхан Бейсебаевтың Министрлер Кеңесі төрағасы қызметінен босағанын естігенінде, «Мәсімхан Бейсебаев араға аз уақыт салып, Министрлер Кеңесінің екі рет төрағасы болған өте іскер, адал адам еді. «Ер кезегі үшке дейін» деген, мен ол кісінің үшінші рет Министрлер Кеңесінің төрағасы болғанын қалар едім. Мәкең  осы тілекке лайық жан», – деп ағынан жарылған екен. Иә, ерді  бұлай танымаса, бағаламаса,  Баукең Баукең болар ма?!.
Міне, өз заманының асыл бір перзенті Мәсімхан аға туралы біздің әңгімеміз де осымен соңына таяғандай. Қолымызға тиген хат пен кітаптан елеп-екшеп, оқырманымызға жеткізсек деген негізгі жайлар осы еді.  Ақмола, Көкшетау облыс-тарында басшылық тізгінін ұстап, осындай биікке шығандаған көрнекті тұлға арқылы кезінде өңірімізде  кімнен қандай із қалғанын біле жүрсек, расында, артық па. Соған бірден-бір себеп болған кәделі сәлемдеме үшін  алғысымызды айтамыз және тосыннан қолымызға тиген осы хатқа үнсіз қалмауды өзіміздің журналистік парызымыз деп білгенімізді еске саламыз.

Қайырбай Төреғожа.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар