Қос кітап қуанышы

Таяуда «Достар» мәдениет сарайында қалалық  «Көкшетау» газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Серік Жетпісқалиевтің бір мезгілде жарық көрген «Көкшетау кестелері» мен «Көзімдей көр…» атты кітаптарының тұсаукесері өткізілді.

Ақынның «Көзімдей көр…»  атты жыр жинағында  әр жылдары жазылған жырлары топтастырылған болса, «Көкшетау кестелері» кітабында елімізге танымал өнер адамдары туралы мақалалары мен суреттемелері, очерктері жарық көрген.
 Әдеби кеште белгілі ақын-жазушы Төлеген Қажыбай Серік Жетпісқалиевтің кісілік келбеті мен азаматтық ажарын, қаламгерлік шеберлігін шыңдаудағы ізденістеріне кеңінен тоқталды. Әдебиетші, ақын Ерболат Баят пен әдебиетші ғалым Сәбит Жәмбек өз сөздерінде қаламгердің шығармаларына кеңінен тоқталып, тарқатып айтып берді. Композитор Иран сал Тасқара арнау өлеңін оқыса, Сайлау Көшкенұлы, Бақберген Амалбек, Бақыт Смағұл тәрізді журналистер, ақын Алмас Темірбай, өнер жанашыры Мұрат қажы Ыдырысовтың  пікірлері бір арнаға тоғысып, өздеріне таныс қырлары мен сырлары туралы айтты. Өмірін өлеңменен кестелеген қолөнер шебері, ақын Шәмшия Айтжанованың Серік Жетпісқалиевтің екі  өлеңін жатқа оқып беруі де оқырмандарды ерекше әсерге бөледі.  Қаламгердің кешін Үкілі Ыбырай атындағы облыстық филармонияның белді әншілері Ғазиза Жұмекенова мен Мереке Бекмағамбетов әнмен әспеттеді. «Атырау» (әні Т.Шаменовтікі), «Айнакөл жағасында» (әні Қ.Дербсалдиндікі) әндерін жиналған қауым жақсы қабылдады. Өрнекті өлең, әуезді ән, салиқалы пікір өрбіген танымы мол, талғамы зор әдеби кештен жиналған қауым осындай рухани қуат алып тарқасты.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар