Құндылықты қадірлеген

Таяуда дәстүрлі әнші Сәрсенбай Хасеновтың құрастыруымен «Айтыс керуені» атты жаңа кітап жарық көрді. Кітаптың шығуына қаржылай қолдау көрсеткен – Саят Жұрынтаев.

 

Бұл кітапқа кешегі Есіл-Көкше өңіріндегі Орынбай мен Тоғжан ақыннан бастап, бүгінгі күннің ақындарына дейін қолда бар материалдар топтастырылған. Облыс жұртшылығына дәстүрлі әнші ретінде танылып, қазақтың ән өнерін аспандатып жүрген Сәрсенбай Хасенов осы жолы өзін ұлттық өнердің  жанашыры ретінде танытты. Осы турасында кітаптың алғы сөзін жазған әдебиеттанушы Асылбек Байтанұлы былай деп жазады: «…Жас та болса туған елінің, жерінің рухани қазынасына бейжай қарамайтын, барын базарлап, жоғын түгендеп, жауһарын жарқыратсам деп құлшынған азаматтардың бірі – Сәрсенбай Хасенов. Сәрсенбайдың бір қасиеті «ел іші – өнер кеніші» дегендей, ел аралап, ескі көздерді тыңдап, есті сөздерді жинауға, мұрағат ақтаруға деген құмарлығы».
Шынында да, қым-қуат тірліктің күйбеңіне байланған бүгінгінің адамы көбіне қара басының ғана қамын күйттеуден әрі аса алмай келетіні жасырын емес. Кәрі құлақ, көкірегі ояу көнекөз қариялардың қатары болса сиреп барады. Өткенімізді танып, тарихымызды тайға таңба басқандай айшықты етіп әңгімелеп беретін шежіре қарттарымыздың да қатары сиреді. Кез-келген ұлтты қандай екендігін мәдениетіне қарап тануға болады. Қазіргі таңда өзі орындап тұрған әннің тарихы түгілі сөзіне де мән бермейтін орындаушылар бар. Әндердің сөздері көбі өзгеріске ұшырап, шатастыру мәселелері туындап жатыр. Бұл кешегі өткен талантты адамдардың мұрасына түсіп жатқан ақтаңдақ, атақ-абыройына қылау, кіршік. Келер ұрпаққа ұлттық мұраларымызды қаз-қалпында жеткізуіміз парыз. Сәрсенбай жинақтаған айтыстар да халықтың мол мұрасы. Себебі, ақиық ақындардың аузынан жыр маржаны болып өрілген әрбір кестелі сөз, жүректерінен төгілген өрнекті тіркестің бәрі-бәрі халықтың айтар ойы, көкірегіндегі шері, мұң-мұқтажы деп білген абзал. Осы тұрғыдан алып қарағанда Сәрсенбай Хасеновтың бұл бастамасы өзге ой саларлық, аса құптарлық іс деп қабылдағанымыз дұрыс.
Кітапта Тезекбай мен Шөженің, Біржан мен Сараның, Есенбай мен Қожабектің, Ажар мен Уақиттың, Мұса мен Көкеннің және тағы басқа барлығы 20 айтыскер ақынның айтыстары басылған. Әлі де болса зерттеуді, толықтыруды талап ететін бұл жүйелі жұмыс алдағы уақытта да өз жалғасын табады деп ойлаймыз.
Білсем, көкірекке түйсем, кейінгіге мұра қылып қалдырсам деп өскелең ұрпақтың қамын жеген, осындай өнегелі істің бас-таушысы һәм жалғастырушы болып жүрген, ұлттық құндылықтарды қадірлеген Сәрсенбай сияқты көкірегі ояу жастарға біз риза көңілден шығармашылық табыс тілеуді жөн санадық.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар