Алина, Альбина, Еленалар қазақ әндерін тамылжыта шырқады

«Көкшетау» мәдениет сарайында облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркеновтың қатысуымен «Қазақша караоке-2014» облыстық байқауының финалдық кезеңі болып өтті. Қазақтың ән өнерін дәріптеу арқылы мемлекеттік тілді насихаттауды көздеген бұл шараны Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының хатшылығы ұйымдастырды.

Есті әннің бүтін бір ұрпақты тәрбиелеуге қауқары жететінін ескерсек, Отанға деген сүйіспеншілікті, қазақстандық патриотизмді, мәдениет пен салт-дәстүрге деген құрметті де осы ән арқылы қалыптастыруға болады.  Байқаудың іріктеу кезеңіне шамамен 500-дей үміткер қатысса, оның ішінде ең үздік деген он екі сайыскер  финалда өнер көрсетті.
Мемлекеттік тілде өзге ұлт өкілдері орындаған әннің тақырыбына шектеу қойылған жоқ. Қатысушылар Отан, туған жер туралы туындылардан бас-тап, өмір, махаббат жайындағы әндерді де шама-шарқынша нақышына келтіріп орындауға тырысты.  Байқаудағы жаңа ізбасарларына қолдау көрсетуге «Қазақша караоке» сайысының былтырғы және алдыңғы жылғы жеңімпаздары келіп, өнер көрсетті.  Өз көрермендері мен жанкүйерлерін қатысушылар патриоттық рухтағы «Жаса, Қазақстан!»,  «Сәлем саған, туған ел!»,  «Атамекен», «Отан – Ана», «Қазақ елі осындай!», «Мен қазақтың қызымын!» және лирикалық бағыттағы «Өмір – өзен», «Ағажан»,  «Дас-тархан», «Өмір гүлі», «Қош махаббат» сияқты әндерімен қуанта алды.
Байқауға қатысушылардың ішінде студенттер мен мемлекеттік қызметшілер және жеке орындаушылар мен қарапайым жұмысшылар да болды. Сайыста Көкшетау қаласынан басқа Бурабай, Зеренді, Аршалы, Қорғалжын, Атбасар,  Жарқайың, Бұланды, Еңбекшілдер аудандарының үкілі үміттері өз өңірлерінің намысын қорғап қалуға барын салды.
«Қазақша караоке-2014» байқауын қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов қатысушылардың мемлекеттік тілге деген зор құрметтеріне ризашылығын білдіріп, қазақ тілінде ән айтудың өзі үлкен жеңіс екенін тілге тиек етті. Сонымен, байқаудың бас жүлдесін бурабайлық Алина Ваксова жеңіп алды. Ал, бірінші, екінші, үшінші жүлделі орындар бұландылық Алина Левченко, зеренділік Альбина Рудт және көкшелік Елена Килоглоға бұйырды.  Жалпы, сайысқа қатысқандар да, одан топ жарғандар да  облыс әкімі, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының төрағасы Сергей Кулагиннің атынан Алғыс хаттарға және бағалы сыйлықтарға ие болды.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар