Рахмет саған, 2016 жыл!

Хош бол енді ескі жыл,
Дей алмаспыз өтті құр.
Кетеріңді білсем де,
Жүрегім шым етті бір.

Қиғым келмей қиналдым,
Өзі болдың сыйлардың.
Енді міне, тарихқа,
Сен де енуге жиналдың.

Көк мұз Нұра, Есіл де,
Қарлы қаңтар есімде.
Келді өмірге сәбилер,
Елге жаңа есім бе?!

Ақпаныңда ақ боран,
Бір қорқытпау жат оған.
Ауыл бірақ, ықпады,
Құдай өзі сақтаған.

Наурыз келді қуантып,
Ұлысыммен құны артып.
Көш-керуен! Бәрінен,     
Көріп тұрдым соны артық.

Көңіл басқа сәуірде,
(Сәуір біздің тәуір де).
Аман шыққан қыстан ел,
Көп барады әзілге.

Жасыл еді қыр неткен,
Сылаңдайды қыз-көктем.
– Жеңіс, – деді қарт тұрып, –
Қасық қан ғой біз төккен!
Келді сосын маусымым,
Дегендей жаз даусымын.
Рас, көтеріп алды ел,
Бар мен жоқтың әр сынын.

Шілдеде бұл шіліңгір,
Үйленем деп інім тұр.
О, қуаныш, әр үйге,
Сол күнгідей күліп кір!

Бірі болған айлардың,
Жүгі болған ойлардың,
Тамыз бенен қыркүйек,
Сендерден де айналдым.

Келді сосын қазан да,
Селтең жүріс аз онда.
Беруші еді жарылқап,
Түбі бір іс озарда.

Толды дәнім қамбаға,
Ырыс-ырыс қайда да.
Қарашаның қалауы –
Алғашқы қар айнала.

Желтоқсаным жетті кеп,
Көрген айды-ай отты көп.
Тәуелсіздік жыр-әні,
Алты қырдан естілмек.

Өттің солай сен, жылым,
Тең қуаныш, тең мұңым.
Кәрі тарих, қазаққа,
Тек бақ болсын ендігің!

Қ.КӘКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар