Жәнібекпен бірге жүрген күндер-ай!..

Ол  жылдарда  журналистік  іссапарларға   жиі  шығатынбыз.  Әсіресе, Целиноград облысының  жаңадан ашылған ауданы – Теңіз  өңіріне  жолымыз  жиі  түсетін. Оған себеп, ақтылы  қой мен  тұяқты  жылқы  өсіріп  жатқан еңбекші  елдің ерен істері  өзіне тартып  тұратын. Аудан  жұртының  ерекше  қонақжайлылығы  және бар.

Қалам ұстаған  қауым  қашанда  бала  көңіл, сәби мінез! Теңіз  десе тебіреніп кетуші едік. Бұл ауданда  Жұмат Хасенбаев,  Шәйза Сатанова, Дәулен Төлеубаев, Сұлтанхамит Балғожин  секілді  еңбектің ерен ерлері тұратын. Сол  жылдарда  Семей   облысы Шұбартау ауданы жастарының   «Қазақстанда  қой санын  50 миллионға  жеткіземіз»  деген бастамасы  да  осы Теңіз ауданында кеңінен қолдау тапқан. Орта мектептерді  бітірген  жастардан құрылған  «Ауыл  қарлығаштары» комсомол-жастардың  шопандар бригадасын  Жұмат Хасенбаев ағамыз  басқарған. «Аршалы» кеңшарындағы  осы  бригадаға  бізді  Теңіз  аудандық  партия комитетінің  екінші  хатшысы  Жәнібек  Жүсіпұлы  Әлжанов  бастап келе  жатты. Кенеп  шатырлы  алты машинамыз. Теңіз даласы ақ көрпеге  оранып  үлгерген. Жол бойы  толған семіздіктен  жүре алмай  қалған  бөденелер. Аппақ  қардың  үстімен  домалай  қашады. Көз  ұшында  қырдың  қызыл түлкісі  де   қылаң  беріп қалған. Оны  қууға қырат, бөктерлерден  шоферлер  қаймыққан сыңайлы еді. Әлгі  бөденелерді    жолаушылар ерігіп ата  бастады.
– Жігіттер,  құс киесі  деген  болады, байқаңдар. Алдымызда  Жұмат ағамыз  қойын сойып  күтіп отырған  болар. Сабыр етіңдер, – дейміз  ел азаматтарына. Жастықтың, мастықтың  желігі сөз тыңдатушы ма еді. Содан  Жұмат отырған  күздікке  жеткенше оншақты  бөденені  қанжығаларына  байлаған   теңіздік  жігіттер  саятшылық   солықтарын  әрең басқаны… Аршалы  қырат, бөктерлерінің   ықтасын  ойпаңдарына  қоралары мен  шопандық  үйлерін  салған   жастар  бригадасы    суы  көздің жасындай  бұлақ басында отыр екен. Шопан  жастар  жиырма шақты екен  де,  үш отар  қойға  ие  болып отырған  жайлары бар екен.  Жәнібек  аудан  басшысы ретінде  Жұмат ағамыздан   жұмыстарының  жай-жапсарын  сұрап  жатыр. Облыстық  телевизияның  Владимир   Кобзев есімді  операторы Аршалы  даласын асықпай  кинотаспасына  түсіріп келгенше  Жұмат шаңырағының  дастарханы  да  жайылып  үлгерген. Қашанда уақыттан  ұтылмауға  күш салатын  мінезіме басып, Жұмекеңнің  мектепте оқитын  кішкене  қызын сөйлетіп алдым. Жас бүлдіршін  арнайы  жаттаған тақпағын  айтып  берді  де,  домбыраны қолға алды. Дастархан жиналысымен  шопан  жастардың  жатақханасын  араладық. Одан самалдап  дала  кезгендей  болдық.
– Шіркін, мына кең  далаға  жетер не бар. Елге  шықсам  ән салғым кеп кетеді. Жұмеке, бұл  не  қасиет екен, ә!  – дейді  Жәнібек  қасымызда  жүрген  Жұмат Хасенбаевқа қарап елпілдеп. Білдей  бір  ауданның  басшысы екем деп, кергу, кісімсу  оған  жат.
– Иә,  дала да  адамға  күш-қуат береді. Бір күн ат үстіне мінбесем, мен  де   ауырыңқырап  қалам, – деді  шопан ағасы  да ағынан жарылып.  Сол   күні  кешке  Жәнібек бізді  Жұмат ағамыздың  шопандар  бригадасында  қалдырып,  өзі аудан  орталығы Баршынға   жүріп кетті. Аудан  басшысы   Қайырден  Кәрібаевтың  рұқсатымен   бізге ерсе  де,  Жәнібектің  өз  жұмысына  деген   жауапкершілігіне,  ықтияттылығына   риза  болдым сол жолы. Әйтпесе,  бізбен  бірге  екі-үш  күн  жүре  де берсе  болар еді  ғой!
Жәнібекпен  кейін еліміз  тәуелсіздік алған   жылдары  қайта кездестім.  Парламент ол  жылдары  өзінің   оң  жағалаудағы   ескі  ғимаратында  болатын. Жәкеш  сенатор   Сыздықовта  көмекші. Қызмет  ғимараттарымыз   жақын  болғандықтан,  Жәкеш маған  күнде  дерлік  жолығып  тұрды. Кейде   жұмыстан  бірге  шығып, сыраханадан    салқын сусын  ішеміз. Жәнібектің  сондағы  әңгімесі  үнемі  өнер,  жазу ісі  жайында  болды. Бастығы   Сыздықовтың  жұмысын  насихаттап,   бірер  рет   мақала  да  жаздым. Жақындарының  бірінің  туған  күні  болса, маған арнау  жыр  жаздырып алатын. Арманын  да айтатын.
–  Шіркін, КОНГРЕСС  ХОЛДА  шығармашылық кешімді  өткізіп,  халықтың алдында есеп  берсем, – деуші  еді  жаны  жарық, арманы асқақ  Жәкешіміз. Алланың  әмірімен  ол  арманына  жете алмады, жазу,  тағдыры солай  болды. Жалғыз  ұлы  Қуандықтың   үйленгенін,  қыздары Гүлбаршын мен Ләззәттің  үй  болғандарын  және олардан туар  немерелерін  де көре алмай, арманда кетті  жан  досымыз.  Тағдырдың  жазуына,  Алланың   әміріне  пенде  қарсы  тұра ала ма. Таяуда  Әмина  телефон шалды.  – Жәкеш  жазғандарын  кітап етіп  шығаруымызды аманаттап   еді. Енді  сол істі  қолға алып  жатырмыз, – деді асыл  жары. Қуандым  да,  Жәкешті  есіме алдым!
Менің  Жәнібекпен  бірге  жүрген  күндерім шұғыласы мен  жарығы мол  шуақты,  қызық та қимас  уақыттар  еді.  Кім де   болса ұлы уақытқа  бағынады. Ол күндер  енді оралмас. Десек те, Ақмола   жерінің арыс азаматы, елге еңбегі  сіңген ерлерінің  бірі  Жәнібек  Жүсіпұлы  Әлжановтың  есімі  ел  жадынан  өшпесіне сенемін. Жәкештің  елі мен  жұртының алдындағы ары таза, жаны  жарық!  Қуандық  бүгінде  полиция полковнигі, Қазақстан Республикасының  Ішкі   істер министрлігінде   жақсы қызметте. Бұл да  Алланың  осынау  жанға  берген сыйы мен рахман  жақсылығы!
Жатқан  жерің  жарық болсын, жан досым,
Не қайран бар,  ғұмыр қысқа болған соң.
Ұрпағыңа  Аллам   берсін  ғұмырды,
Туың сенің  туған  жерде тігілді.

Жылдар өтті, көрмегелі  жүзіңді,
Жылдар өтті естімедік  үніңді.
Қадир Аллах  сақтай көр деп тілеймін,
Асыл жарың, артыңдағы  гүліңді!
                      
 Смағұл  РАХЫМБЕК,  
жазушы, Қазақстанның  
мәдениет  қайраткері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар