Құт қонған «Бастау»

«Бастау» ЖШС-і республикамызда қазақтың ақбас сиырын өсіру бойынша асыл тұқымды мал зауыты болып табылады.

Серіктестіктің асыл тұқымды мал зауыты бекітілген кестеге сәйкес, барлық мал дәрігерлік алдын алу шараларын уақытында жүргізеді. Осының арқасында барлық мал аурулардан дін аман. Бұқалар зоотехникалық нормаға сәйкес мал азығымен қамтамасыз етіледі. Әр табында 150-160 бас ірі қара бағылады. Шаруашылық басшысы Темірхан Мұқышев өз сөзінде егіншілікпен және мал шаруашылығымен айналысатындарын, биыл 36 мың гектар алқаптың дәнді, бұршақты, майлы дақылдарын және мал азығын шашпай-төкпей жинап алғандарын атап өтті. Гектарынан 17 центнерден астық алыныпты. Сондай-ақ, 13 мың тонна сүрлем, 10 мың тонна пішендеме, 7 мың тонна шөп дайындалған. 6 мың гектар жер жыртылыпты.
– Ет бағытындағы 5 мыңнан астам қазақтың ақбас ірі қарасын және «Ангуст» тәрізді асыл тұқымды ірі қара малын, 3 мыңға жуық жылқы мен 5 мың еділбай тұқымдас қойын бағамыз. Малымызға жайылымдық жер жетіспегендіктен, жаз айларында Қарағанды облысының Қарақойын өрісіне  шығарылады. Машина-трактор паркін жаңарту жұмыстары жүргізілуде. «Джон Дир», «Класс», «Бюллер» тәрізді алыс жақын шет елдердің ауыл шаруашылығы техникасын сатып алдық. Қырманда «Петкус» астық тазалау кешенін салып, немістің «Нейра» кептіргішін орнаттық. Астық қоймасында 40 мың тонна өнім сақталады. Шаруашылықтағы малды асылдандыру орталығы жергілікті ірі қара малды асылдандырумен айналысады. Бұл мақсатта асыл тұқымды бұқалар сатып алынды. Малдың төлі жылы қорада күтіледі.   Мұнда бірінші рет бұзаулаған 186 бас сиырдың орташа салмағы 497 келі, екінші рет бұзаулаған 147 бас сиыр 533 келі болды. Бұл тірі салмақ рекордтық элита класына жатады. 612 бас сиырлардың орташа салмағы 544 келіні құрады. Сүтті сиырлардың бұзаулары да тез салмақ қосады,–дейді серіктестік басшысы. Біз техника паркін аралап жүріп «Вектор», «Есіл»,  «Джон Дир», «Класс» тәрізді 34 жаңа комбайнның қазқатар тізіліп тұрғанын көрдік. Тіпті, дөңгелектерін күннің көзінен сақтау үшін әктеп қойыпты. Серіктестіктің бас инженері Талғат Шахановтың айтуынша, ауыл шаруашылығы техникалары машина-трактор шеберханасында көктемгі егіс жұмыстарына дайындалуда. Асыл тұқымды мал зауытының базасын аралап жүріп, 30 мал қорасының мал қыстатуға дайын екенін көрдік. Мал қорасы маңында «Мигсер» агрегатымен құрама жем дайындалуда. Биыл  шөп, сүрлем мен пішендеме жеткілікті дайындалыпты. Шаруашылықта Жанат Қалиев, Әбдіғалым Саржанов,  Александр мен Владимир Хит, Николай Громов, Юрий Окунев, Алпыс Қыстаубаев, Иван Андрюшенко, Александр Смолин, Ермұрат Сүлейменов, Ержан Мұхамеджанов, Жаңбырбай Саманбаев,  Қадырбек Жатаев, Жасқайрат Шойынбеков сияқты еңбеккерлер аянбай еңбек етуде.
– Тұрғындардың пайларына 8 тонна, механизаторлардың еңбегіне орай 20 тоннаға дейін жем беріледі. Еңбекақы да уақытында төленеді. 420 түтіні бар селоны абаттандыруға қолұшын береміз. Село көшелеріне жарық орнатудың, жаңа мектеп пен мәдениет ошағының және «Сапалы су» бағдарламасы бойынша су тарату жүйесі құрылысының жобалық-сметалық құжатын жасауға көмектестік. Бұл жобалар жүзеге асты. Фельдшерлік-акушерлік пункт салу жоспарланған. Мектепте өткізілетін шараларға қолдау көрсетіледі. Оқушылардың ыстық асы біздің мойнымызда. Мешіт пен шіркеуге қайырымдылық жасалады, – дейді серіктестік басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар