Асыққа – асық!

Көкшетау қаласындағы №8 орта мектепте ІІІ қалалық ұлттық асық ойындары өткізіліп, І орынды Мәлік Ғабдуллин атындағы №3 көптілде оқытатын кәсіби мектеп-гимназиясының шәкірттері иеленді. Басқа балалар да асық ойнауға асығып тұрса екен!

Асық ойындарының «Бес асық», «Асық ату», «Үш табан» және «Ханталапай» сияқты төрт түрінен өткен бұл жарысты облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен облыстық «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Шараның ашылуында сөз алған аталған бірлестіктің төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Мейрамбек Қиықов асық ойындарының баланың жан-жақты жетілуіне зор үлес қосатындығына тоқталып өтті.
Сайыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар ойынның әр түрі бойынша жеке-жеке анықталды. Мәселен, «Бес асықта» Краснояр ауылындағы №1 орта мектептің оқушысы Құрсанай Усманова, «Асық атуда» қазақ-түрік лицейінің шәкірті Нұрислам Ерғали, «Үш табанда» облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатының оқушысы Елдес Бадық, «Ханталапайда» Мәлік Ғабдуллин атындағы №3 көптілде оқытатын кәсіби мектеп-гимназиясының шәкірті Жұлдызай Амангелдиева жеңімпаз атанды.
Ал, командалар арасында осы мектеп құрамасы, Краснояр №1 және облыс орталығындағы №16 орта мектептің құрамалары үздік үштіктен көрінді. Барлық жеңімпаздар мақтау қағаздары мен бағалы сыйлықтарға ие болды. 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар