Бүгінгі күннің басты міндеттері талқыланды

Облыс әкімі Сергей Кулагин кезекті аппарат кеңесінде білім саласындағы он үш нысанның жертөлесінен бу қазандықтарын сыртқа шығару жөнінде арнайы комиссия құруды тапсырды.

Аппарат кеңесінде облыс әкімінің орынбасары Владимир Балахонцев көпқабатты тұрғын үйлерді, білім және денсаулық салаларының нысандарын жылумен қамтамасыз ету жөнінде баяндады. Оның айтуынша, әлеуметтік сала мен коммуналдық шаруашылық нысандарындағы бу қазандығы тұрақты жұмыс істеуде әрі температуралық тәртіп сақталуда. Бүгінгі таңда өңір бойынша көмір қоры 206,9 мың тоннаны құрайды. Бұл екі айлық қажеттіліктің 144 пайызы. Облыстағы 7 мың тонна мазут бір айдан астам уақытқа жетеді. «Ақмола өңірлік электр компаниясы» мен «Көкшетау Энерго» серіктестігінің электр қуатымен қамтамасыз ету жүйелерінде электр қуатын тұтынудың бекітілген тәртібін бұзу тіркелмеген. Өңір басшысы жертөледен бу қазандығы қондырғыларын сыртқа шығару жұмыстарының барысына назар аударды. Владимир Балахонцев өз сөзінде 2012 жылы білім саласы ұйымдарының ғимараттарынан бу қазандығын шығарудың кезеңдік жоспары жасалғанын атап өтті. Соңғы үш жылда 70 білім мекемесінің бу қазандығы сыртқа шығарылған. Бұған 1 миллиард теңге жұмсалды. Әлі де білім саласы нысандарының және дәрігерлік амбулаторияның жертөлесінен он үш бу қазандығын шығару қажет.
Бүгінгі таңда Еңбекшілдер ауданына қарасты Макинка селосының дәрігерлік амбулаториясындағы биыл сыртқа шығарылатын бу қазандығының жобалық-сметалық құжаттамасы жасалуда. Облыс әкімі бұл мәселе бойынша арнайы комиссия құруды тапсырды.
– Биылғы жылы жобалық-сметалық құжаттама жасау және өңірдегі білім саласының он үш нысанындағы жертөледен бу қазандығын сыртқа шығару үшін қаржы қарастыру қажет, – деп атап көрсеткен облыс басшысы осыған байланысты жауапты  тұлғаларға тиісті міндеттер жүктеді.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар