Көкшенің бір абызы, асыл аға, Сіз жайлы ғұмырлы сөз таусыла ма?!.

Көрнекті жазушы Естай Мырзахметовтың туғанына 90 жыл

Бір өзі Көкшенің бір биігі бола білген, халқының абызы, данагөйі болып сол биігінде қала да білген Естай Мырзахметовтың, Ес-ағаңның да мына жарық дүниені сіз бен бізге қалдырып, қара жер қойнында мәңгі-бақи тыныстағанына тоғыз жылдың жүзі болыпты. Содан бері талай қыс пен көктем алмасып, табиғат сан түлеп, заман да әрі-бері сынаптай сырғи түскенімен, бір-ақ нәрсе ақиқат. Ол – туған халқына ес болған, қаламымен де, қарымымен де тарихтың сан қатпарынан сан шындықты келер ұрпағына  аршып беріп кеткен, осы елдің данасын, батырын, бағыланын түгендеп, бар қайратын қайсар рухына жаныған биік Тұлғаның енді бізге жоқтығы, қайтып келмейтіні, орнының ойсырап, Ес-ағаңдай бір ел еренінің ортамызда кемшін соғып тұрғаны.
Мына алып-ұшқан уақыт, алдың аңдаусыз заман осы өңірде ел, ұлт сөзін сөйлер бір ұлағаттымыз, үлкеніміз керек болғанда өзіңіз бардағыдай, әлі талай Сіз жаққа елеңдеп қарманармыз, қарайлармыз. Өткен шақпен ғана емес, бүгінгі күнмен де мәнді ғұмырыңызды мойындатып, мәңгі ел есінде қалғаныңызды ақиқатқа айналдырып кеткен аяулы Ес-аға, бүгін Сізді іздеген, жарқын бейнеңізді тағы да бір ұлағат, үлгі тұтқан сағынышты жүрекпен өз шығармаңызды, кезінде соған орай ағылған оқырман хаттарын сөйлетуді жөн көрдік.

 

Арайлым

 

(романнан үзінді)

 

Салқын көктемнің кешкі ауасы бой тоңазытқандай. Жарқанат па, әлде ұсақ құстың бірі ме, әйтеуір бір жан иесі қалбақтап кеп, сөніп бара жатқан ақтаңдақ астына қарай тап төбеден ұшып өтті. Әлдеқайда бақалардың құр-құрлаған қалың шуылы құлаққа келеді. Сірә, көл ме, томар ма, бірдеме болса керек… Жаңада ғана шыға бастаған бірлі-жарым сары маса ызыңдап Болатбектің бет-аузына торуылдайды.
Әлден уақытта медпункт үйінен орта бойлы, сымбатты қыз шықты. Талдырмаш денесіне әсем қонған сұр гимнастеркасының сол омырауында ағараңдап екі медаль көзге түседі. Қандай екендерін қара көлеңкеде дәл басып айыру қиындау. Ал, оң жақ омырауындағы Қызыл Жұлдыз орденін анадайдан-ақ жазбай таныған Болатбек іштей: «Өзі, бір батыр қыз боп шықты ғой. Бәсе, күндізгі ерлігі көрінген әйелдің қолынан келе бермейтін еді-ау», – деп сүйсіне ойлады.
Қыз есік алдында сәл кідіріп, өзін күтіп тұрған адамды іздеген сыңаймен, төңірекке көз жүгіртті.
Болатбек күтіп тұрған өзі екенін білдіру үшін шапшаң басып, қарсы жүрді. Таялып келгенде байқады, қыз қараторы, сүйкімді екен. Кескін-келбеті қазақ қызына ұқсап кетті де, жүрегін лүпілдетіп жіберді. Сөйткенмен де оның дәл қай ұлттан екеніне көзі анық жетпегендіктен орысша сәлемдесіп:
– Лейтенант Бекбергенов, – деп өзін таныстыра, оң қолын лып еткізіп шекесіне көтерді.
– Рысбекова. – Қыздың үні сазды сырнайдай құлаққа жағымды естілді.
Қыздың анық қазақ қызы екеніне Болатбектің ендігі жерде күмәні қалған жоқ… Майдан жолы шиырлаған жыл жарымдай уақыт ішінде оның қазақ қызын тұңғыш жолықтырып тұрғаны осы. Қазақ жауынгерлерін күнде көреді. Олардың ерліктері туралы да көп естіп, әсіресе, майдан газеттерінен жиі оқып жүр. Өзі басқаратын взводта да алты-жеті қазақ жігіті бар. Ал, қазақ қызын дәл бүгінге дейін кездестірген емес еді. Қазақтың талай-талай құралай көз аяулы аруларының соғыс басталысымен-ақ өздері тіленіп майданға аттанғанын, «ер етігімен су кешкен, ат ауыздығымен су ішкен» қиын-қыстау кезеңнің барлық ауыртпалығын ер азаматтармен бірдей көтеріп, суығына бірдей тоңып, ыстығына бірдей күйіп, жан қияр ерлік көрсетіп, көзге түсіп жүргендерін, олар туралы майдан газеттерінде жиі жазылатынын білмей келген еді. Сол себепті кей-кейде: «Шіркін-ай, шығыс қыздары, оның ішінде, әсіресе, біздің қазақ қыздары елден ала бөтен бұйығы-ау! Қашан батыс қыздарындай өжет, өткір болар екен!» – деп, қиялдағандай жиі-жиі ойлап қоятын. Сол арманынан ойламаған жерде шыққандай болған соң қуанышын қайда сыйғызарын білмей:
–  Апыр-ай, қарындасым-ай, күні бойы бұл кім екен деп көңілім күпті еді, сөйтсем өзімнің қара көз қарындасым екенсің ғой!.. Жақсы-ақ! Ал, олай болса, дұрыстап танысайық… Болатбек, – деп қолын ұсынды.
– Арайлым.
Қыздың имене ұсынған жұп-жұмсақ ыстық қолы алақанына тигенде Болатбектің тұла бойы шым етіп, жүрегі дүрсілдей жөнелді.
– Арайлым?! Атың қандай әдемі еді!.. Бұрын кездеспеген!.. Арай… Арайлым!.. Ғажап!.. Ал, сен мені ажалдан арашалап қалдың-ау!.. Сол үшін алғыс-рахметімді айтқалы әдейі іздеп келгенім еді… Көп жаса! Алдыңда өмірлік борышкермін. Рахмет, қарындасым!
Ойда жоқта қазақ қызын жолықтырғанына қатты қуанған Болатбек онымен шешіле сөйлесуге осыншалықты-ақ құмартып, құштар болғанымен де көңілінен әлгі сұсты капитан кетпей қойды. Ол қазір үйден ақырып шыға келетіндей, сөйтіп екеуін дұрыстап сөйлестірмей тастайтындай секемденді де тұрды. Соның әсерінен есік алдынан тезірек аулағырақ кетуді жөн көрді де:
– Бағанағы өң мен түс сияқтанған оқыс жағдайдан есімді әлі де еркін жия алмаған сияқтымын. Өзі… қалай болды? Тіпті, біле алмай-ақ қойдым. Егер де қарсылық білдірмесең, былайырақ барып аз-кем әңгімелесейікші… Қалай болып, қалай қойғанын айтшы маған! – деп орынды өтініш етті.
Арайлым бірден жауап қата қоймады. Көзі жыпылықтап Болатбектің бетіне қысыла жымиып бір қарады да, содан кейін мойнын бұрып үй жаққа көз қиығын бір тастап өтті. Қаһарлы капитаннан қаймығып, мына ұсынысты құп аларын да, құп алмасын да білмей екі ойлы күй кешіп тұрғанын бірден ұға қалған Болатбек:
– Көп бөгемеймін де, ұзап ешқайда алып кетпеймін де, қорықпа, – деп әзіл айтып күлді де, кет әрі емес ыңғайын таныған соң қырық-елу қадамдай жердегі тоғай шетінде оқшау көрінген сеңсең бұтақты, діңі жуан биік қайыңға қарай өзі бастап алып жүрді.
Арайлым үнсіз ерді.
Екеуі қайыңның қасына жете бере кідірістеп еді, Арайлым одан әрі жүргісі келмейтінін сездіре, бір жағынан сыртқа біреу-міреу шыға қалса байқастай тұру ойымен медпункт жаққа бетін бұрып тұра қалды.
Төңірек тыныштық құшағында. Іңір қараңғылығы қойыла түсіп келеді. Болатбек қара көлеңке тартқан шақта көмескілене көрінген қыз жүзіне қарап тұрып сөз бастады.
– Иә, қарындасым, сонымен бағана қайдан келіп, мені ажалдан қалай құтқарып алдың?.. Кәнекей, маған, ең алдымен соны айтып берші… Ғайыптан қалай пайда болғаның, әлгінде айттым ғой, маған осы дәл қазір де көрген түс тәрізді бірдеме… Есімді әлі жия алмаған сияқтымын.
…Оның өзі Арайлым үшін де мүлде ойламаған жерден болған оқыс оқиға еді…
Қолма-қол айқасқа көшкен біздің жігіттер өршеленген өжет қимылмен жауды тықсыра түсулі еді. Ұрыстың ауыр салмағы селоның батыс бетіне қарай ауып бара жатыр. Жараланып жығылған жауынгерлерге көмек көрсетіп зыр жүгірген Арайлым ұрыс дүбірінен өзін-өзі ұмытып, кейде айқас қатты қызып жатқан тұсқа таяла барып та қалады. Сондай бір сәтте анадай жерде қолына винтовка ұстап жалғыз жүгіріп бара жатқан лейтенант көзіне шалына кетті. Лейтенант көк түтінге оранған бір үйдің деңгейіне жете беріп қалт тоқтай қалды да, алдыңғы жақтан бірдеме іздегендей шапшаң шола қарады. Сол кезде көк түтін арасынан серейген-серейген екі неміс солдаты шыға-шыға келді. Бар ықыласы басқа жаққа ауып, аңдаусыз бейқам тұрған лейтенантты көрген олар бірден көк сүңгілерін кезей тұра ұмтылды. Енді бір сәтте екеуі екі бүйірден қапсыра шаншып қанға бояп жығып тастайтын…
Арайлымның үрейі ұшқаны соншалық, тұла бойы түршігіп мұздап кетті. Жан дауысы шығып шыңғырып жіберді де, жалма-жан мойнына асқан автоматын жұла кезей беріп, жау солдатының бірін нобайға ала дүр еткізіп оқ сеуіп жіберді. Бірақ та асығыс атқандықтан, әрі үрейі ұшып қолы қалтырағандықтан мүлт кетті. Әйтсе де әрекеті далаға кеткен жоқ. Ащы айғай мен іле шыққан дүр еткен автомат дауысына ұршықша үйіріле жалт еткен лейтенант көз ілеспестей шалт қимылмен жаудың біреуін түйреп түсіргенде, екіншісінің еркін жетіп үлгере алмай сәл де болса сасқалақтап іркіліп қалғаны Арайлым атқан оқтың дәл жақын жанаса зу-зу еткенінен еді. Серігінің жығылғанын көріп зәресі ұша сасқалақтаған жау, винтовкасының дүмін шоқпар құсатып анадайдан асығыс сермеді. Болатбектің жанын алып қалғаны да дәл осы жағдай. Соққы алыстан әлсіз және де басындағы болат дулығаға тиді. Алмағайып, тағы да бір қадам таяна түсіп қадалта ұрғанында Болатбектің тірі қалар-қалмасы екіталай еді… Ал, жау енді қайта ыңғайланып найза шанша бергенде, жанұшыра тап жанына осылай таяла жеткен Арайлым да автоматын кезеп үлгерген еді. Бұл жолы мүлт кеткен жоқ…
Арайлым мұны ұятты бойжеткеннің табиғи биязылығымен өзін қоярға жер таппай қатты қысыла тұрып, жаңылысып, мүдіре, жай әшейін ноба-йын ғана әрең айтып шықты. Соның өзі де, өзінің қандай халге тап болып, қандай жағдайдан аман қалғанына көзін анық жеткізген Болатбектің тұла бойын түршіктіре мұздатып, төбе шашын тік тұрғызып еді.
– Апырай-ай, қарындасым-ай, анық ажалдан қалған екем-ау?! – деді жүрегі қорыққаннан дүрс-дүрс соғып. Аузына сөз түспей кідіріп қалды да, Арайлым ерлігінің мәні санасына жаңа-жаңа жете бастап, – қарындасым-ай, қалай ғана қорықпадың екен, ә? Менімен қоса өзіңнің де мерт боп кетуің ғажап емес еді ғой! – деді, Арайлымның сол арада өзімен қоса мерт боп кетуі әбден ықтималдығы жанын шошыта сөйлеп.
Арайлым жауап қатпады. Күндізгі ерлігіне ол өзі де мән бермеген екен-ау… Тіпті, ешкімге айтпап та еді. Болатбектің мына сөзінен кейін ғана соның бәрін еріксіз ойланып, мән-мағынасына көз жеткізгендей. Бір адамды тура келген ажалдан анық өз қолымен қорғап, арашалап алып қалғаны жаңада ғана көкірегіне өлшеусіз қуаныш нұрын құйғандай!..
Аз үнсіздікте көп жайды ойлап та үлгерген Болатбек үзілген сөзді қайта жалғады.
– Сәл кешіккеніңде ғой, екеуміз осы арада бұлай сөйлесіп тұрмайды екенбіз… Қарындасым-ай, қалай деп алғыс айтсам екен саған?! Қазір осы тұрғандағы көңіл-күйімді қандай сөзбен жеткізе алармын?! Жақсылығыңды қалай, қайтіп қайтарар екенмін?! Өмір бойы өтелмейтін борыш арқалатыпсың ғой ағаңа! – деді, көңіліндегіні ақ тарыдай ақтара, аса бір үлкен жан толқынысымен айтып. Арайлым сөйлер сөзін білмейтін жас та емес, аузынан сөзі түскен ұяң, жасық та емес, тумысында еті тірі және де майдан даласы шынықтырып, шыңдаған, ақылды-парасатты бойжеткен. Алғашқы беттегідей емес, өзіне-өзі келіп, көңілін орнықтырып алған еді. Болатбектің сөзіне орай парасатты жауап қайырып:
–  О не дегеніңіз, – деді, әйтсе де сәл-пәл қысылғандай сыпайы күлкімен. – Ажалға ара тұрғандықтың парыз-қарызы болатын ба еді?
–  Неге болмасын, – деді Болатбек іле сөйлеп. – Әрине, болады. Өзіңе жақсылық жасаған адамның алдында үлкен борышкерсің. Ал, ажалдан арашалап қалған адамға өмірім үшін өмірлік борышкер емеспін бе мен!..
Не айтарын ойланғандай, әрі мына сөзге ептеп қысылғандай кейіппен назарын төмен сап сәл кідірген Арайлым:
– Борышкермін деп өйтіп текке қиналмаңыз. Әдейі іздеп кеп ілтипат білдірдіңіз, сол да жетіп жатыр, – деп, парасаттылық таныта сөйледі.
–  Сөзің асыл, қарындасым. Жақсы айттың. Дегенмен алдыңдағы борышымның салмағын жеңілдетпе. Өмір шіркіннің құны алтынмен де, ақшамен де өлшенбейді ғой. Оның өлшемі мен өтемі басқа. Мүлде басқа! Маған жақсылығыңның өлшеусіз екені, бәлкім, өзіңе елеусіз болар. Ал, мен үшін ол – өлшеусіз, өтеусіз. Бұл дүниеде дәл сондай қып қайтара алармын деуге аузым бармайды. Өйдесем, босқа мақтанғаным болар еді. Сен ондай жағдайға тап болмай-ақ қой… Әйткенмен де ғұмырым жетсе, мына қырғыннан аман қалып, бір-бірімізге кездесер күн туса, қолымнан келген бар жақсылығым жолыңа арналар! Дәл қазір басқа не айтайын мен саған!
Назарын төмен сала тұрып тыңдаған Арайлым оның сөзін қалай қабылдағаны белгісіз, әйтеуір үндей қоймады. Болатбек те бар айтатынын айтып тауысқан. Бір сәт екеуі де үнсіз қалды.
Жау шебі жақтан атылған автомат үні түн тыныштығын жиі бұзады. Түні бойы шәуілдеп маза таппайтын сақ кәнден сияқты. Әлсін-әлсін жарқ ете зулап аспанға ракета шығады да, соңына құйрықты жұлдыздай сорғалаған із қалдыра құлдилай құлап барып сөнеді.
Ракета тағы бір жарқ еткенде сол жаққа бұрыла көз тастаған Арайлым күрсініп:
–Күндіз түгілі, түнде де тыныштық таппайды жауыздар! – деді ақырын ғана.
–Е, аяқ басқан сайын көздеріне өлім елестеп, әбден зәрезап боп қалған соң, қорыққан көңілдеріне демесін жасағаны ғой. Ал, қарындасым, мен енді бөгелмейін. Бұл жаққа келуімнің алды-арты мұнымен шектелмес. Әлі кең отырып сөйлесіп, әңгімелесерміз. Елді еске түсірерміз. Бүгінге осы да жетер, әйтпесе, анау капитандарың асау біреу көрінеді ғой.
Арайлым сөз қоспай сыпайы ғана күлді де қойды.

 

 

Хаттар әлемінен ақпар

 

Көкшетаулық  жазушы Естай Мырзахметұлының біразы мұрағатжайларға тапсырылған, біразы өз үйінде сақтаулы хаттармен танысқанда «Медет», «Он бес жыл өткен соң» романдары шыққаннан бері де алған жиыны екі мың шамалы хат арасынан Ес-ағаға қабақ шыттырған бір хат та шықпады. Ондайлар әлде умаждалып, әлде жыртылып кете барды ма екен? Жо-жоқ, ондайлар болмады дей аламын.
Ес-ағамен қырық жылдай аралас-құралас болдым. Көкшенің дәмі айдап апарып, жанында бірер апта болып жүрген кездерімде пошта жәшігінен алған хаттарын қалай ашқаны, қалай оқығаны әлі де көз алдымда. Хаттарды жазу үстеліне апарып тәртіптеп жаяды да, орындығына жайланып отырып, қайшысын қолға алып, хаттарға көз жібереді. «Киноға түсетіндей-ақ баптанады екенсіз?!» деп қалдым бірде. Ол жымиды да: «Мұның бәрі тірі, қазір сөйлейді. Алдымен шәкірттерден келгеніне кезек беремін, содан кейін сен сияқтыларға, одан соң өзім тәрізділерге жол тиеді» деді де, конверттердің біреуін алып, бір қырын қайшымен мұқият қиды, хатты алып, әлгі қиындыны конвертке салып, содан соң хатты ашты да, сол әредікте қайшыны маған ұсынып: «Конверттің сынын кетіруге болмайды, мұқият ашу керек. Кейде менің немерелерім, кейде сенше ерігіп отырғандар, біреу қуып келіп қалардай, апыл-ғұпыл жыртып жібереді, өй, шіркіндер-ой!» деді. Әдептіліктің үлкен-кішісі болмайтынын ұқтырғаны!
Ол хаттарды әсте дауыстап оқымайды және жанындағы кісіге «оқығың келе ме?» деп ұсынбайды. Қалпынша бүктеп, конвертке салады да: «Бірер күн жатсын. Мазмұндарына қарай іріктеп, жауапты да бір-ақ беремін» дейді. Жауап қайтарады да екен. Хаттардың бәрінде дерлік: «Хат жаздым», «Телефон шалдым» деген белгі бар.
Айтпақшы, хаттың дені Ес-ағаға кітаптарын шығарған «Жазушы» баспасы арқылы жетіп жатқан, яғни, оны үнемі атап көрсете беру шарт болмас деп түйдім.
Әлбетте, хаттың баршасы жазушының шығармалары туралы ғана емес. Арасында туған-туысқандарынан, дос-жолдастарынан келген, әртүрлі мәселе туралы пікір білдіріскендері де, арнау өлеңдер де кездеседі. Қай-қайсысы да бүгінгі оқырман қауымның ой таразысына салуға татиды деп сенемін. Сөз ыңғайына қарай айту артық болмас бір жәйт  – Ес-ағаның гәзет-жорналдарда жарияланған жиыны бес жүзге тарта мақаласының арасында тарихи тұлғаларымыз туралы жазғандарының да молдығы. Мысалы: Абылайға – 9, Кенесарыға – 6, Ақан серіге – 16, Біржан салға – 11, Балуан Шолаққа – 11, Үкілі Ыбырайға – 6, Сегіз серіге – 4, ал, жалпы қазақ тарихына – 7 мақала арнапты! Еріксіз қызықпасыңа қоймайтын еңбек емес пе?!

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ.
(«Көңіл көріністері» кітабынан ықшамдалып алынды).

 

 

Қанша сыр, қанша алғыс!..

 

Құрметті «Жазушы» баспасы!
Осы хатты жазып отырғандар – сіздердің көп мыңдаған оқырмандарыңыздың бір бөлігі. Егер рұхсат болса, біздің сұрайық дегендеріміз: жақында біз Естай Мырзахметовтың «Медет» деп атаған романын оқыдық, өте тартымды болғандықтан өзара тартысып қалдық. Біреулер бұл кітаптағы оқиға болған дейді, біреулер болмаған дейді, былайша айтқанда, оқиғаның болған-болмағанын жазып жіберіңіздерші! Кейіпкерлер қазір бар ма? Медеттің аурудан жазылуы қалай болды?
Сәлеммен, бір топ оқушылар. Адресіміз: Ақтөбе облысы, Мұғаджар ауданы, «Темір» совхозы, мектеп. Жексен АБДОЛЛИН. 29.12.1977 жыл.
***
 «Жазушы» баспасына!
Мен «Он бес жыл өткен соңды» бар жан дүниеммен егіле, тебірене отырып оқыдым. Мені Болатбек пен Арайлым тағдырлары қатты толғантты. Олардың пәк махаббаттарының қыршынынан қиылғаны егілтіп еңіретсе, Отан алдындағы борыштарын ерлікпен орындап шығулары сүйсінтті. Болатбек пен Арайлым және олардың майдандас достарының образдары жастарымызға үлгі етерліктей реалды образдар, жарқын бейнелер және өмір шындығын жазған. Мен бұл кітап туралы ең жақсы деген пікірдемін.
К.ӘШІМОВА,
музыка пәнінің мұғалімі.
Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы,
«Жаңа қала» орта мектебі. 17.12.1977 ж.
***
Құрметті автор
Естай МЫРЗАХМЕТОВ!  
Сіздің «Медет» атты кітабыңыз көп қауымға ұнады. Маған да ұнады. Бас кейіпкерлер Медет пен Айнұр арасындағы шынайы махаббат, достық, татулық, бірлік шынайы бейнеленген. Осы кітаптан Медеттің Отанды сүюі, қызметі, оқуға, еңбекке ынта-жігері, кішіпейілділігі, жаңашыл, достарына сыйлы болуы өте ұнады. Медеттің анасы – Асыл ана, қарындасы Зейнеп, достары – асыл жандар.
Құрметті автор Естай Мырзахметов, егер мүмкіндігіңіз болса, осы кітабыңызды ары қарай жалғастыруыңызды сұраймын! Медет пен Айнұр, Зейнеп қай жерде тұрады, соны жазып жіберіңізші! Медет пен Айнұр семья құрды ма? Соны толықтырып жазып жіберіңіз. Мен 9-класта оқимын.Тұратын жерім: Шығыс Казақстан облысы, Ұлан ауданы, «Передовой» совхозының 1-бөлімшесі Сартымбет. Сізге мың да бір рахмет! Өтінішімді қалдырмай, жауап беруіңізді сұраймын! 10.01.1977 жыл.
Жәния Керімжанқызы БАЗАРОВА.
***
Құрметті жазушы
Естай МЫРЗАХМЕТОВ ағай!
Сіздің «Медет» романыңызды оқып, көп ойға қалдым. Адамдардың бауырмалдығы, әсіресе, Айнұрдың махаббатқа адалдығы ойлантпай қоймады. Әрине, сіз бұл романды ойдан шығармаған боларсыз. Ендеше Медет, Айнұр, Дәриға, Құлжабайдың кім екендерін білмеуім Көкшетау облысында тұратын өзіме ұят сияқты. Махаббатын қадірлей, ардақтай білген Айнұр апайдың кім екенін білгім келеді. Ал, махаббатты саудаға салушы Құлжабай үшін ұялып жүрмін, ондай тоғышардың біздің облыстан шыққаны намысымды келтірді.
Ағай, сізге осы романыңыз үшін көп алғыс айтып, зор денсаулық, семья бақытын тілеймін!
Оқырманыңыз  
Бақыт ДҮЙСЕНБАЕВА.
Адресім: Көкшетау облысы, Володар ауданы, «Қазақстан» совхозы, Восточное селосы. 18.07.1976 ж.
***
Жазушылар одағына және автор Естай МЫРЗАХМЕТОВКЕ.
Біз оқыған «Он бес жыл өткен соң» кітап сөзі өте ұнамды, тартымды, бұл үшін сіздерге, яғни, Жазушылар одағына көп-көп рахметімізді айтамыз!
Енді сол кітап бойынша түсінік беруді сұраймыз:
Біріншіден, бұның өзі болған оқиға ма? Әттең, аяқталмай қалған. Жалғасы бар ма? Болса, соңы қалай аяқталар екен?
Екіншіден, Болатбек бұрынғы әйелі Арайлыммен, баласы Болатпен кездесе ме? Соңғы әйелі Нұрзиямен, одан көрген балаларымен қайтадан семьялық тұрмыс құра ма?
Үшіншіден, сауда мекемесінің бастығы Қаражанов Теміржанның, оның сыбайласы Айтбаев Сүлікбайдың істеген әрекет-қылықтарын обком қалай шешті екен?
Түсінік беру-бермеу жағын өздеріңіз білесіздер. Ал, мазалағанымыз үшін кешірім сұраймыз.
Біздің адресіміз: Орал облысы, Жымпиты ауданы, Жетікөл совхозы.
ХИСМЕТОВТЕР.
6.03.1974 ж.
***
Құрметті ЕСТАЙ АҒА, сіздің кітабыңыздағы Болатбек пен Арайлым сияқты жұрттың бәрі адал болса екен деп ойлаймыз. Екеуінің соғыс кезіндегі ерліктері бізді қызықтырады және толғандырады. Біз де солардай ержүрек, абзал жан болсақ деген ниеттеміз.
Бұл кітапты оқып болған соң бізге мынадай ой келді: соғыс талайды жылатты, қажытты, біз соғыста болмасақ та оны білеміз, сіздің кітабыңыз да көп нәрсені көзімізге елестетті. Болатбек пен Арайлымды ажыратқан – сол сұмдық соғыс. Біз Болатбекті өте-мөте аяп кеттік. Махаббатқа адал Арайлым тыныш отбасын бұзбауды ойлап көшіп кетті, сіз оның одан арғы өмірін жазбағансыз, біз соныңызға ренжідік. Болат өз әкесі болуын армандады, ал сіз сол адал жанды арманына неге жеткізбедіңіз? Болатбекті үйінде жалғыз қалдырып қойғаныңыз қалай? Арайлымға: «Болатбек, ұлыңмен табысасыңдар» деп хат жазғызасыз да, табыстырмайсыз. Осы жөнінде бізге жауап беруіңізді өтінеміз.
Сәлеммен, құлын-тайдай тебісіп қатар өскен екі дос Халида мен Тұмар. Біздің адресіміз: Шымкент облысы, Ленин ауданы, Коммунизм совхозы, Абай бөлімшесі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар